Қазақстанда не өндіріледі?

36798

"Біздің елде шұлық та, шұжық та шығарылмайды" деген сынды ұғым санаға әбден сіңісті болып кеткен. Расында, солай ма?

Қазақстанда не өндіріледі? Фото: 365info.kz

Біздің елде ешқандай өнім шығарылмай ма? Бағамдап көрейік. Ол үшін күнделікті өзіміз тұтынатын тауарларды бір шолып шықсақ та жеткілікті.

Май төңірегінде мәселе жоқ

Ең бірінші кез-келген тамақты істеу үшін қажет күнбағыс майын алайық. Жұртшылық көп пайдаланатын "Маслозавод №1" майы Қазақстанда шығарылады. Нақтырақ айтқанда, Өскемен қаласында. Тәулігіне 150 тонна дайын өнім шығаратын "Май" АҚ сонымен қатар, бәрімізге танымал "Күнкей", "Забота", "Майское" сұйық майларын да өндіреді. Ал бағасы ең арзан күнбағыс майы "Асқан" да осында өндіріледі.

Сондай-ақ, Алматы мен Қарағандыда екі бірдей үлкен өндіріс ошағы бар "Eurasian Foods Corporation" АҚ өндіретін "Шедевр" майын тағы қосыңыз. Бұл кәсіпорын барлығымыз күнделікті тұтынатын "3 желания" майонезі мен өзге де көптеген май өнімдерімен әйгілі.

Бұл санатқа Жамбыл облысының Шу ауданында өндірілетін мақсары майын да қоса айтуға болады. Табиғи әрі пайдалы өнім бүгінде ішкі нарықты қамтамасыз етуімен қатар, экспортқа да жөнелтілуде.

Аққа жарыған кез

Сүт өнімдерінен сыртқа тәуелді емеспіз. Жамбылда өндірілетін ағарғанның сан түрі бар бүгінде. "Меркі" ірімшік зауытының айраны, қаймағы мен өзге де өнімдеріне "Бурненский" ірімшік зауытының өнімдерін тағы қосыңыз. Олар тек айран-сүт қана өндіріп қоймай, халықаралық талаптарға сай келетін сулунгуни, моцарелла, голланд сынды түрлі ірімшіктерді де елге ұсынып отыр. Мұнан өзге Байзақ ауданының "Ағали" мен Тараздың "Молочный бидончик" сынды кәсіпорындарының ағарғаны мен сары майы да еш елдікінен кем емес.

Кеспенің де түр-түрі бар

Енді макарон мен ұн өнімдеріне тоқталсақ, Қостанайдың "Коронасы" мен Түркістан облысының "Мадинасын" қоспағанда, жамбылдық "Рола" да өңір жұртшылығын макарон өнімдерімен толық қамтып отыр. Оның кеспесі, түрлі сұрыпты ұннан жасалған макарондары мен өзге де өнімдері жетіп артылады. Кез-келген таңдаушының талабына сай келетін өнімдер халықаралық сапа стандарттарына сай.

Атақты "Арзу" мен "Асату" жаймалары да Жамбылда өндірілетінін айта кетейік. Күріш, қарақұмық сынды өнімдер де қазір "Қазақстанда жасалады". Ұнға келер болсақ, бұрындары еліміздің өзге аймақтарынан "Алтын дән", "Цесна", "Коронаны" алдыратын жамбылдықтар қазір көбіне Таразда шығарылатын "Ақ сарайды" тұтынады.   

Тәттіде таңдау көп

Әйгілі "Қазақстан" шоколадын өндіретін "Рахаттың" сан түрлі тәттісінің дәмін татпаған адам кемде-кем. "Баян сұлу" да дәл сондай. Үйге қонақ келгенде немесе өзіміз отырып жақсылап бір шай ішерде кәмпиттің жанымыз қалаған түрін таңдап аламыз. Бәрі де отандық өнім.

Дәл сол секілді тәтті тоқаштар мен бәліштердің, күлшелер мен торттардың да өзімізде өндірілетіні қуантады.

Тіпті Тараз қаласында іске қосылған "Сәуленің" тәттілері біздің нарықтан ресейлік "Яшкиноны" ығыстырып жатқанын байқауға болады. Бағасы мен сапасы сай келетін ол тәттілер жамбылдықтарға аса танымал әрі дәмді, "Яшкинодан" еш кемі жоқ.

Балалар тағамын өндіруден тыс қалудамыз

Жаңа туған балаларға арналған арнайы тағамдар қазір үлкен сұраныста. Сүт қоспасы түріндегі NAN, SIMILAC, HUMANA, NESTOGEN, НІРР сынды белгілі өнімдер шығаратын Нидерланды, Германия, Швейцарияның қатарына көршілес Ресей өзінің "Агушасы" мен "Фруто нянясымен" қосылып отыр. Сондай-ақ балаларға арналған түрлі жеміс-жидек езбесін де өндіретін бұл елдің өндірісі бізге үлгі. Өйткені, балалар тағамын өндіруден біз тыс қалып отыр екенбіз. Түгелдей дерлік сырттан келеді.

Жеміс-жидек пен көкөніс өндіруге көңіл бөлген жөн

Қазіргі карантин кезінде жүк көліктері біршама саябырсып, жұртшылық көк-сөктің тапшылығына тап болды.

Жамбыл облысы картоп пен сәбізді көбіне Павлодардан, көршілес Қырғыздан алдыратын. Әрине, облыс нарығында Жуалының "Злихасында" және қордайлық дихандардың өсірген картобы да бар. Бірақ олар облысты картопппен толық қамтамасыз ете алмайды. Әлбетте қоймада біршама қор болып, мұқтаждық анау айтқандай біліне қоймады. Бірақ ал дегенде бағаның шарықтап кеткені рас.

Алма бағын өсіру соңғы жылдары көптеп қолға алына бастады. Қызанақ пен қияр өсіретін жылыжайлар салуға да мемлекет тарапынан қолдау көп көрсетілуде. Бәлкім, оның пайдасы жергілікті тұрғындарға енді тиетін шығар. Өйткені, өзіміздің алма біздің базарлар мен дүкендерде жоқ. Өзге де көкөніс, жеміс-жидек Түркістан облысынан, Қырғызстан бен Өзбекстаннан келеді. Сондықтан, көк-сөк өндіруге көп көңіл бөлсек.

Жалпы, "Қазақстанда жасалған" өнімдер жетерлік. Оның бәрін тізіп айтып шығу мүмкін емес. Қазақстандық кәсіпкерлер өнім өндірудің барлық саласында бақтарын сынауда. Әрине, бірінің ісі ілгерілеп кетті, бірі тірліктің көзін таба алмады. Десе де талпыныс бар. Тек тұтынушы мейлінше Қазақстаннан шығатын өнімдерге көбірек қол созса болғаны.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу