Қазақстанда тұрғын үй кооперативтері жойылады

9290

Үкімет еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына реформа жүргізгелі отыр.  

Қазақстанда тұрғын үй кооперативтері жойылады Фото: inalmaty.kz

Бұл жаңалық "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында қарастырылған. Құжатты ҚР инвестициялар және даму министрлігі әзірледі және жақында ол ел парламентінің қарауына енгізіледі.

"Бұл заң жобасында тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қызметін жетілдіру мәселелері қарастырылған. Құқық қолдану практикасы көрсеткендей, құрылыс компаниялары қолданыстағы "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңының талаптарын сақтамай, одан жалтару үшін сыбайласқан тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құру арқылы азаматтардың қаржысын тартып жатыр. Осыған байланысты, заң жобасында қаржылық пирамидалардың құрылуын болдырмау мақсатында азаматтардың бірігу формасы ретінде Қазақстанда "тұрғын үй кооперативтерін" жою көзделген", – деп хабарлады бүгін инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, сонымен бірге, "тұрғын үй құрылыс кооперативтерін" қалдыру ұсынылады, бірақ ол кооперативті тек "бір ғана көппәтерлі тұрғын үйді не тұрғын үй кешенін салу үшін құруға" ұлықсат етілетін болады.

Басқа да қосымша шарттар өмірге жолдама алмақ. Атап айтқанда, тұрғын үй-құрылыс кооперативтері мүшелерінің саны салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер санынан аспауға тиіс болады. Әйтпесе, қазір бір кооператив баспанаға мұқтаж бірнеше мың адамды біріктіре беретіні мәлім.

Сондай-ақ тұрғын үй-құрылыс кооперативтері көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуге тек "мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін" ғана кірісе алады. Бұдан бөлек, әр кооперативтен бұдан былай мемлекеттен жалға алған немесе меншіктеген құрылыс салуға арналған жер учаскесінің болуын талап етпек.  

Заң жобасында мүліктің меншік иелері, қызмет көрсетуші ұйымдар мен басқарушы компаниялардың өзара қарым-қатынасы бойынша ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үйлерді ағымдағы және күрделі жөндеуге қаражат жинау механизмін регламенттеуге мүмкіндік беретін парламенттің депутаттық топтардың ұсыныстары, Президенті әкімшілігі мен үкімет тапсырмалары ескеріліпті.

Бұл заң арқылы ел үкіметі жылжымайтын мүлік нарығындағы алаяқтық құбылыстарымен күресті жандандырмақ ниетте. Себебі, бұл нарықта өте үлкен қаржылар айналуда, оның үстіне "жетімбұрыш" жағалаған, қаржысы баспананы бірден сатып алуға жете қоймайтын азаматтар сенгіш, әрі саналуан акцияларға қызыққыш келеді.

Тұрғын үй кооперативтері өздеріне мүше болған және жарна төлейтін барлық азаматтарды "баспанамен қамтимыз" деп қызықтырады. Мәселен, Астана әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссия жақында елордалық тұрғын үй кооперативтері жұмысындағы жөнсіздіктерді анықтады.

Бұл ретте алаяқтық схемаларының бірі бұлайша жұмыс жасаған: әрбір он мүшеден белгілі бір соманың 20%-ы көлемінде бастапқы жарна жиналған. Ол қаржыға бір пәтер сатып алынады және баспана ең бірінші болып тіркелген мүшенің меншігіне беріледі. Келесі он мүше бастапқы "ондықта" екінші болып тұрған адамның тұрғын үйге қол жеткізуін қаржыландырады. Осылайша, кейінгі тұрған қатысушылар өздерінен кейін келгендердің өздеріне қаржы жинап беруін күтеді. Бұл схеманы ведомствоаралық комиссия "пирамида" деп бағалады.  

Мамандар тұрғын үй кооперативтеріне қатысты басқа да тәуекелдерді қаперге салады. Оның ішіндегі ең бір ауыры – құрылысы аяқталып, салынып болып қалған тұрғын үйдің күресінге жіберілуі болып табылады. Күндердің бір күнінде тұрғын үй құрылыс кооперативінің әкімшілігі белгісіз бағытқа тайып тұруы, ал оның бар мүлкіне сот шешімімен құзырлы органдардың тұтқын салуы ықтимал. Оның үстіне кооператив мүшелері бірлесіп салған үйдің астындағы жерге кооперативтің ешқандай құқығы және рұқсат қағаздарының болмағаны анықталса, онда құрылыс заңсыз деп танылып, ол жер телімі мемлекетке не қожайынына босатылып беруге жатады.

Сондай-ақ мұндай кооперативтер тіпті пирамида болмағанның өзінде, құрылыс компаниясының бір пәтерді бірнеше адамға сату оқиғасы жиі кездеседі. Себебі, келісімшарты бойынша кооператив мүшелері нақты баспананы емес, пайды не үлесті сатып алады, ал ол үлес тұрғын үй кешенінің бір кезегінен екіншісіне ауыстырыла беруі ғажап емес. Астанадағы "Хан шатырдың" ар жағында бой көтеріп жатқан жаңа аудандардағы кооперативтерде мұндай деректер кездесті.

Қалай болғанда, жаңа заң алдағы жылдары бұл нарыққа үлкен өзгерістер ала келетінге ұқсайды. Сарапшылар сонымен бір мезгілде алаяқтықтың жаңа тәсілдері де туындауын күтеді. Демек, заңнама өмір шынайылығына жедел үн қатып отырғаны маңызды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу