Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу қиындай түседі

3116

Ал мемлекет автомектептердің "тағдырын" кәсіби бірлестіктердің қолына тапсырғалы отыр, деп хабарлайды Іnbusiness.kz

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу қиындай түседі Фото: google.com

Қорғау үшін қоршау керек...

Жол-көлік оқиғалары – біздің елдегі өлім-жітім себептерінің ең басында тұр. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жылына 13 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан орта есеппен 2 мыңнан астам адам көз жұмады екен. Одан бөлек тағы 18 мың адам әртүрлі дене жарақатын алады. Өкінішке қарай, 5-14 жас аралығындағы балалардың өліміне де көп жағдайда жол-көлік оқиғасы себепкер болады.

Жыл сайын журналистер Ішкі істер министріне (министр кім болса да) осы мәселені кесе-көлденең қойып, апатты және олардың салдарын азайту үшін не істеліп жатқанын сұрайтыны бар. "Қолымыздан келгенше ескертеміз, тиісті шараларды қабылдап жатырмыз" дегенімен, шенеуніктер ең біріншіден, кінә жүргізушілердің өзінен екенін де тұспалдайтыны бар. Ал министр болған Қалмұхамбет Қасымов бір сөзінде "жол-көлік оқиғаларын азайтудың бірден-бір жолы – жолдың ортасын қоршаумен бөлу, біздің байқауымызша, қоршау қойылған жолдарда жол апаттары бірден 70 пайызға азайды" дегені бар. Алайда ол айтқанымен, елдегі жолдардың бәріне қоршау қойыла салған жоқ. Бұл жалпы жалғыз Ішкі істер министрлігінің де бюджетімен шешілмейтіні анық. Мәселен, Астана – Павлодар тас жолын қоршау бөліп тұрғанымен, одан кейін Семей, ізінше Өскеменнен Қытай шекарасына дейін ешбір жолдың қоршалмағанын атап өтуге болады.

Сертификатты басып шығара береді

Жақында депутаттар да осы мәселені көтеріп, қауіпті тенденцияның өршіп бара жатқаны туралы деректерді келтірген. Олардың айтуынша, биылдың өзінде жол-көлік оқиғалары 9% артып, қайтыс болған адамдардың саны 21% көбейген.

"Жол-көлік оқиғаларының 95 пайызы жүргізушілердің жылдамдықты асыруынан, маневр жасау кезіндегі қателігінен, жолдың қарсы бөлігіне шығуынан туындайды. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жол бойындағы жол ережесінің бұзылуының 4,5 фактісінің жолын кескен. Соған қарамастан, бұл көрсеткіш көлік айдайтын азаматтардың жауапкершілігі төмен екенін көрсетеді", - дейді мәжілісмендер.

Депутаттар көтерген тағы бір мәселе – жүргізушілерді дайындау сапасының төмендігі, жүргізушілерге қойылатын талаптың босаңдығы. Естеріңізде болса, 2016 жылдан бері Қазақстанда жүргізуші куәлігін алғысы келетін азаматтар өздігінен оқып-біліп, емтиханға кіру мүмкіндігіне ие болған. Ал 2018 жылдан бастап жүргізушілерді дайындайтын оқу орталықтарын ашу үшін тиісті лицензиялар мен рұқсаттар талап етілмейді.

Мәжілісмендер осынау қадамдардың бәрі де оқу орталықтарындағы оқу тек формальды сипат алып кеткенін айтып, дабыл қағады. Яғни Қазақстанда содан бері материалдық-техникалық базасыз автомектептер жауыннан кейінгі саңырауқұлаққа ұқсап, қаптап кеткен де, сертификаттарды басып шығара берген-мыс.

Жемқорлықты арттырған фактор

Оның үстіне алыс аудандарда тұратын азаматтар жүргізуші куәлігіне өтінім тапсыру үшін ары-бері жүздеген шақырым жүруіне тура келеді. Әлбетте, осы қиындардың бәрі де айналып келгенде бәрін "Бәке, Сәке" деңгейінде мәселені реттеуге итермелеген көрінеді.

Аталған мәселені көтерген депутаттар бұған дейін кабмин мүшелерін "мүйіздеп", емтиханды күшейтуді, жүргізушілерге алғашқы куәлікті онлайн алу тәртібін алып тастауды, арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтихан қабылдау тәртібін күшейтуді талап еткен. Одан бөлек, олар автомектептердің жауапкершілігін күшейтіп, оларға бақылауды нығайтуды, ол үшін кәсіби бірлестіктерді тартуды да ұмытпаған. Бұрынғы емтихандарды қайтаруды да сұраған.

Бірлестіктер мен жаңа сұрақтар

"Құланның қасынуына мылтықтың басылуы" дәл келді ме дерсің. Депутаттар бұл мәселені көтермес бұрын Үкімет мүшелері арнайы жұмыс тобын құрып үлгеріпті. Тіпті жұмыс тобы алғашқы отырысын да өткізген. Ол отырыста "А, А1, В, В1" санатындағы болашақ жүргізушілердің (мото және жеңіл көлік) өздігімен дайындалу институтын алып тастау, практикалық емтихан қабылдау процесін қалпына келтіру мәселесін қарастырған.

Ең қызығы, алдағы уақытта автомектептердің бәрін кәсіби бірлестіктерге біріктіру көзделіп отыр екен. Яғни әр өңірдегі автомектептердің қызметін сондағы кәсіби бірлестіктер реттеп, бақылап отырады. Егер жүргізуші тиісті деңгейде автомектептен білім алып шықпаса, ондай автомектептер кәсіби бірлестіктердің мүшелігінен шығады. Яғни кәсіби бірлестіктердің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болайын деп тұр.

"Сонымен бірге, жұмыс тобының мүшелеріне Жол жүру ережесі бойынша қойылатын емтиханға жаңа сұрақтарды енгізу үшін қосымша сараптама жүргізу жүктеді", - дейді Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр.

Осылайша, автомектептерге қойылатын талап күшейсе, олардың қызмет құны да қымбаттайды деген болжам бар. Ал жаңа сұрақтардың енгізілуі емтиханды сәтті тапсыруды қиындата түсері анық. Әзірге мұның бәрі – жұмыс тобында қаралып жатқан мәселелер. Жүргізуші куәлігін алу жолындағы шынайы өзгерістерді келесі жылы байқап қалуымыз мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу