Қазақстандағы мұнай саласының қазіргі жағдайы қандай

20908

Биыл 31,3 млн тонна мұнай өндірілді.

Қазақстандағы мұнай саласының қазіргі жағдайы қандай

 

2020 жылдың алғашқы төрт айында мұнай және конденсат өндірісінің көлемі 31,3 млн тонна болды.  Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында жариялады.

"Теңіздегі өндіріс көлемі – 10,2 млн тонна, Қашаған кен орнында 5,8 млн тонна, Қарашығанақта 4,2 млн тонна. Шикізатты қайта өңдеу көлемі қаңтар мен сәуір айлары аралығында 5,2 млн тоннаға дейін азайды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен төмен. Бұған Павлодардағы мұнай өңдеуші зауыттағы жөндеу жұмыстарының ерте басталуы түрткі болды", – деді вице-министрі.

Оның сөзінше, Павлодардағы зауыттағы "қара алтынды" қайта өңдеу көлемі 1,6 млн тонна болды. Биыл Шымкенттегі зауыт 1,5 млн тонна мұнай өңдеген. Атыраудағы зауыттағы өңдеу көлемі 1,7 млн тоннаға дейін өскен.

Биыл 1,4 млн тонна бензин өндіріліп, дизель отынын өндіру көлемі 1,4 млн тонна, әуе керосинінің көлемі 151 мың тонна болды.

"Пандемия салдарынан жанар-жағармай материалдарын тұтыну көлемі азайып отыр. Осы жылдың алғашқы төрт айында тұтыну көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 91% болды. Сәуір айында небәрі 222 мың тонна ЖЖМ пайдаланылған. Бұл ақпан айындағы көрсеткіштен 30%-ға аз", – деді вице-министр.

Вице-министрі мұнай өнімдерінің қорына да тоқталды. Оның сөзінше, АИ-92 жанармайының 379 мың тоннасы қалған. Бұл 44 күнге жететін қор. Қазір дизель отынының 356 мың тоннасы бар: шамамен 34 күн тұтынуға болады.

Сонымен қатар Мағауов ОПЕК+ ұйымының әлемдік сұранысқа қатысты мәліметтермен бөлісті. Екінші тоқсандағы бір күндік сұраныс 81,3 млн баррель болады дегенді айтты. Ал үшінші тоқсанда бұл көрсеткіш өсіп, 92 млн баррельге, жыл соңында 96 млн баррельге дейін өседі. Қазақстан болса, ОПЕК+ ұйымының мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімін орындамақ. 

"Ірі және орта кен орындары бойынша өндірісті азайту туралы шешім қабылданды. Осы жылдың бірінші тоқсанында мұнай экспортының 22% қысқартылады. Яғни бұл ірі және орта кен орындары болып саналатын барлық компанияларға қатысты нәрсе. Олардың мүдделері сақталады", – деді Мағауов.

Оның айтуынша, осы шаралардың негізінде ОПЕК+ ұйымының шикізат өндірісін қысқарту туралы келісімі аясында Қазақстанның барлық міндеттемелері орындалады.

Еске сала кетсек, сәуір айында картель жер қойнауынан шығарылатын "қара алтын" көлемін кеміту туралы ымыраға келген еді. Ұйымның мұндай шешім қабылдауына жаңа коронавирус пандемиясы түрткі болды. Індет кесірінен сұраныс азайып кеткен еді.

Сондай-ақ 2020 жылдың соңына дейін Brent сұрыпты мұнай баррелінің құны 40 долларға дейін қымбаттайтынын мәлім етті.

"Биылғы жылдың үшінші тоқсанында Brent бағасы 30-35 доллар айналасында құбылады. Өндірісті қысқарту және сұранысты қалпына келтіруге қатысты тиісті шаралар қабылданса, жыл соңында оның құны 40 долларға дейін жетуі тиіс", – деді ол.

Соңғы мәлімет бойынша, бүгін Brent сұрыпты мұнайдың шілде айындағы баррелінің құны 1,6%-ға қымбаттап, 33 доллардан асты. Ал WTI баррелінің бағасы сауда қорытындысы бойынша 1,76%-ға өсіп, шамамен 30 долларға жетті.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу