АҚШ қысым жасап, Саудия мен Ресейді дегеніне көндірді

10922

ОПЕК+ мұнай өндірісін тәулігіне рекордтық – 10 миллион баррельге дейін қысқартуға келісті.  

АҚШ қысым жасап, Саудия мен Ресейді дегеніне көндірді

ОПЕК пен оның Ресей бастаған одақтастары бейсенбі күні өздерінің мұнай өндірісінің бестен бірін қысқартуға келісті. Олар енді осындай қадамға Құрама Штаттар мен басқа да өндірушілер барады деп күтіп отыр.  Шикізат шығаруды шектеудегі мақсат – коронавирус дағдарысынан құлаған көмірсутегі бағасын қайта көтеру.

ОПЕК пен одақтастар (OPEC+) бірлесіп, мұнай өндірісін тәулігіне 10 млн баррельге азайтуға тиіс. Соңғы онжылдықтардағы ең терең энергетикалық дағдарысты еңсеру үшін АҚШ бастаған өзге экспортерлер  тәуліктік өндірісті тағы 5 млн баррельге кемітеді деген үміт бар.

Айта кетсек, вируспен күрес ұшақтарды қондырып, көлік қолдануды шектеп, экономикалық белсенділікті мейлінше азайтқандықтан, қазір әлемде отынға сұраныстың күндік көлемі 30 млн баррельге немесе 30 %-ға төмендеп отыр.

Бұған дейін мұнай өндірісі тәулігіне 15 млн баррельге қысқартылған емес. Алайда көптеген сарапшының ойынша, осының өзі әлем қоймаларын шикізатқа тез толудан қорғай алмайды. Әзірге осынау күрделі мәселені шешуге ешқандай ниет танытпаған АҚШ президенті Дональд Трамп ОПЕК-тен ұсынысты азайтуды талап етіп, сес көрсетіп отыр.

Жақында жасаған бір мәлімдемесінде Америка президенті әлемде шикізат бағасының түсуінен АҚШ-тың мұнай индустриясының құлдырап жатқанын алға тартып, өндірісті қысқартпаса Сауд Арабиясына қарсы санкция жариялайтынын ескертті. Айта кетсек, бүгінде Құрама Штаттарда көмірсутегін өндірудің өзіндік құны әлемдік бағадан жоғарылап барады.

Ақ үйдің бір өкілі айтқандай, Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен, Саудия королі Салманмен телефон арқылы сөйлескен. Содан кейін Вашингтон ОПЕК+  альянсының нарыққа "маңызды белгі" бергенін мәлімдеді.

Дегенмен, ОПЕК-те, Ресей де қазіргі ғаламдық ауқымды дағдарыс тұсында өндірісті қысқарту мәселесін барлық өндірушінің бірлесіп шешкенін талап етіп отыр.

"Біз ОПЕК+ клубына кірмейтін өндірушілер де ертең G20-дың кездесуінде қабылданатын шешімдерге қосылады деп күтеміз", – дейді Ресейдің жоғары лауазымды келіссөз жүргізушісі Кирилл Дмитриев "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

ОПЕК+ клубының бейсенбідегі келіссөздері бүгін Сауд Арабиясында "Үлкен Жиырмалық" елдері энергетика министрліктерінің кездесуіне ұласады. ОПЕК пен Ресейдің мәлімдеуінше, сол жиында өзге өндірушілер өндірісті тәулігіне тағы 5 миллион баррельге қысқартуға уағдаласуы тиіс.

Соңғы 18 айдағы минимумға дейін арзандаған Brent маркалы мұнай сәуірдің 9-да шамамен 32 долларға саудаланды. Яғни, 2019 жылдың соңынан бері ол өз құнының жартысын жоғалтып отыр.

Осының нәтижесінде Ресей тәрізді бюджеті шикізат экспортына тәуелді  мемлекеттерде ұлттық валюта құнсызданып, импорттық тауарлар қымбаттап, инфляция күшейіп барады.

ОПЕК+ тің құжаттарында көрсетілгендей, ОПЕК мемлекеттері мен Ресей, Қазақстан тәрізді елдердің басын қосқан ОПЕК+ тобы бірлесіп, мұнай өндірісін алдағы мамырдан маусымға дейін тәулігіне 10 миллион баррельге қысқартып отырмақ.

Жаңа келісім бойынша, осы одаққа кіретін елдердің әрқайсы мұнайды бұрынғыдан 23 %-ға аз шығарса, Ресей мен Сауд Арабиясы күндік норманы 2,5 млн баррельге, ал Ирак 1 млн баррельге дейін кемітуі мүмкін.

Жүре-бара...

Аталған құжатта көрсетілгендей, ОПЕК+ мұнымен шектеліп қалмай, өндірісті жүре-бара  тағы да қысқартпақ, яғни шілде-желтоқсан аралығында тәулігіне 8 млн баррельге, 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың сәуіріне дейін тәулігіне 6 млн баррельге дейін азаяды.

ОПЕК+ өкілдерінің сөзінше, әлемде мұнай өндірісін қысқарту пәтуасына Құрама Штаттардың қосылуы өте маңызды. Алайда Трамп әкімшілігінің мәлімдеуінше, өндіріс алдағы екі жылда табиғи жолмен өзі де азаяды. 

Мұнай шығарудан Саудия мен Ресейді басып озған АҚШ бейсенбі күні ОПЕК+ келіссөздеріне шақырылды. Бірақ сол видеоконференцияға Вашингтонның өкілдері қатысты ма, қатыспады ма – ол жағы белгісіз. Диалогқа Бразилия, Норвегия, Канада да шақырылды.

Дегенмен, Канаданың мұнайлы өлкесі – Альберта провинциясы өндірістің онсызда қысқарғанын алға тартып, ОПЕК тарапынан мұнайды азырақ шығару туралы ұсыныс түспегенін хабарлап отыр.

Соңғы келіссөздер қарсаңында Мәскеу мен әр-Рияд өндірісті қысқартуға келісе алмай, Сауд Арабиясы сәуірде тәулігіне 12,3 млн баррель мұнай шығара бастап, өндірісті наурыздағы деңгейден 2,3 млн баррельге асырып жіберді. Ал, Ресейдің мұнай өндірісінің тәуліктік көлемі  11, 3 млн баррельге жетіп отыр. Осылайша, 2016 жылы қабылданған өндірісті қысқарту туралы келісім күйреп тынды.  

ОПЕК+ тобының құжатына жүгінсек, екі жақтың қазіргі позициясы бұрынғыдан өзгерек.

"Біз арамыздағы қарама-қайшылықты артқа тастадық. Қабылданатын келісімнің маңызы зор болады. Және де ол уағдаластық мұнай нарығын қайда жандануға бастайын деп отыр", – дейді Дмитриев.

АҚШ-тың бірнеше штаты сирек пайдаланылатын құқығын қолданып, жекеменшік компанияларға мұнай өндірісін қысқартуға бұйрық береді деген болжам бар.

Сауд Арабиясына оралсақ, егер ол өндірісті қысқартудан бас тартса, АҚШ сенаторлары Ақ үйден әр-Риядқа санкция жариялауды, Пентагон әскерін корольдіктен әкетуді және Саудия мұнайына импорттық тарифті көтеруді талап етуі мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу