Көптеген бақылаушының ойынша, Brent маркалы мұнай баррелі бағасының 50 доллардан асуы – бірнеше айдан бері құлдыраудың құрсауынан құтылуға талпынған энергетикалық нарық үшін аса маңызды оқиға.
Әрине, бұл әлі толық қалыпты деңгейге оралу емес. Алайда халықаралық энергетикалық секторда жағымды жаңалықтар көбейіп келеді. Қазір кішкентай баржаларда ғана емес, алып супертанкерлерге жиналып қалған артық мұнай да бірте-бірте ортайып барады.
Сондай-ақ АҚШ-та коронавирус пандемиясы бұрынғыдан бетер өршіп тұрғанымен, Еуропада екінші толқынға қарсы жарияланған карантиндер жеңілдетіліп, шикізатқа сұраныс қайта өсе бастады. Ал, Азия нарығына көмірсутегі бұрынғыдай мол көлемде жеткізіліп жатыр.
Мәселе тек ұсыныс пен сұраныстың қайта жандануында ғана емес. Бүгінде нарыққа қайтадан қомақты капитал құйыла бастады. Сонымен қатар 2021 жылы әлемдік туризм мен сапарлар күрт өркендеп, вакциналау науқанымен қатар жанар-жағар май саудасы да қызады деген болжам бар.
Лондонда орналасқан Energy Aspects Ltd консалтингтік компаниясының тең құрылтайшысы Амрита Сен "Блумберг" агенттігіне берген сұхбатында: "Мұнай арзан активтердің біріне айналды. Вакцина біртіндеп таратылған сайын, инвесторлар мұнай секторына қайта оралып, шикізат бағасы өсе береді", – дейді.
Мұнай нарығының қайта еңсе көтеруіне Pfizer компаниясының өз екпесіне жүргізген сынақ нәтижесін жариялауы да жақсы әсер етті.
Әлемнің кейбір бөлігінде сұраныс қалпына келіп болды деуге болады. Өткен аптада Үндістанның ең ірі мұнай өңдеуші зауыты бар қуатымен жұмыс істеуге көшкенін және отынға сұраныстың өсетінін күтіп отырғанын жариялады. Ал, дүниежүзінің екінші және төртінші мұнай тұтынушылары – Қытай мен Жапония бензин пайдалану деңгейінің коронавирусқа дейінгі дәрежеге жақындап қалғанын хабарлап отыр.
Bloomberg News жүргізген зерттеуге қарағанда, Еуропада автомобилистер жолдарға қайтадан көптеп шыға бастады, себебі аймақтың Ұлыбритания, Испания, Франция тәрізді мемлекеттері ұлттық локдаундарды босаңсытып жатыр. Бұған қоса, континентте талай компания тауарлық қорларын қалпына келтіруге кіріскендіктен, жүк тасымалдау деңгейі де күрт артқан.
ОПЕК+ үлесі және бағаға төнген қауіп
Сұраныс өсіп жатса да, Мұнай Экспорттаушы Елдер Ұйымы мен оның одақтастары өндіріске қатаң шектеуді сақтап отыр. ОПЕК+ қаңтарда мұнайды тәулігіне 1,9 млн баррельге артық өндіру жоспарын доғарып, жаңа жылда күндік өндірісті 500 мың "бөшкеден" асырмауға уағдаласты. Бұл шешім энергетикалық отын бағасының көтерілуіне айрықша үлес қосты. Ал, АҚШ-та тақтатастан мұнай алу онсызда азайып барады.
Бүгінде Солтүстік теңізден Техасқа дейінгі аралықта шикі мұнай қолдан- қолға бұрынғыдан қымбат бағаға сатылып жатыр. Өйткені қосымша шикізат іздеп, жаһан кезген тұтынушылар көбейіп келеді. Сауд Арабиясы болса, өткен аптада Азия үшін өз мұнайының нарқын тамыздан бергі ең жоғары деңгейге көтерді.
Мұнай нарығына ақша қайта құйыла бастады. JPMorgan Chase & Co. банкінің дерегінше, желтоқсанның басында Brent және WTI сұрыптарын алдын-ала сатып алу жөніндегі энергетикалық келісімшарттарға салынған қаражат 3,6 млрд долларға артқан.
Дегенмен, баға әрі қарай өспейді деген қауіп бар. Себебі ОПЕК+ ішінде өндірісті шектеуге кейбір мемлекеттер қарсы. Ал, Азияда ақпанның басында Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі басталатындықтан, отынға сұраныс тағы төмендеуі мүмкін және қымбат мұнай бұл аймақтағы қайта өңдеу зауыттарының табысын азайтады деген қауіп туындап отыр.
Айта кетсек, бейсенбі күні АҚШ-та Pfizer және BioNTech компанияларының вакцинасын шұғыл қолдануға кеңес берілді. Осы хабардан кейін мұнай бағасы шарықтап, Brent баррелінің құны бірден 4,42%-ға өсіп, 51,02 долларға саудаланды. Ал, WTI 4,7 %-ға қымбаттап, оның қаңтарға арналған фючерстері 47,66 долларға сатылды.
Кейбір сарапшылардың болжамынша, келесі жылдың екінші жартысында, яғни, жаппай вакциналаудың алғашқы нәтижелері шыққанда, мұнай бағасы 60 долларға дейін көтерілуі ғажап емес.
Арыс Әділбекұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!