Коронавирус, індетпен ұштасқан дағдарыс, теңгенің құнсыздануы. Тұтас Қазақстан экономикасын тығырыққа тіреген бұл үш фактор мұнайға қызмет көрсетуші компаниялардың арқасына да аяздай батып отыр. Пандемияның алғашқы жалыны Қазақстанды шарпыған кезде-ақ Мұнайға қызмет көрсетуші компаниялардың одағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдап, саладағы ондаған мың адамның жұмыс орнын сақтап қалу үшін салықтық жеңілдіктер мен әкімшілік тетіктерді іске қосуды сұраған болатын. Осы одақтың президиум төрағасы Рашид Жақсылықов пен бас директоры Нұрлан Жұмағұлов бейнеконференция арқылы аталмыш сәттен бері салада қандай өзгерістер орын алғанын баяндап, қазір алаңдатып отырған түйткілдер туралы әңгімеледі.
Тапсырыс үшін талас
Мұнай қай елден табылса, сондағы жұрттың игілігіне қызмет етіп, қызығын жергілікті халық көруі керек. Қарапайым ғана қисын. Алайда мұндай қағидатқа ешбір инвестордың келіспейтіні анық. Оларға салсаң, өндірісті аяқтан тұрғызуға кеткен капиталдың негізгі бөлігін салғандықтан, табыстың ауқымды бөлігін де өзі көруі керек. Жергілікті халыққа жұғыны да жетеді. Мұндай талап, әсіресе, КСРО-ның бұғауынан енді ғана босаған тұста Қазақстанның мұнай нарығын торуылдаған сала алпауыттарының райынан айқын аңғарылатын. Кейін инвесторларға тікелей өндірісте болмаса да, ұңғыма орнату, құрылыс, жөндеу жобаларына отандық мамандарды тарту, жергілікті халықты салаға бейімдейтін ағарту жұмыстарын ұйымдастыру туралы ұсыныс-талаптар айтыла бастады. Өйткені мұнайдың үстінде жүріп лайықты жұмыс таба алмай омалған халықтың наразылығы орынды-тұғын.
Қазір "Теңізшевройл" трансұлттық компаниясының құрылыс жобаларында жұмыс істеп жүрген қазақстандық мамандардың көбі сол келіссөздердің арқасында екі қолға бір күрек тапқандар деп айтуға болады. Бірақ бұл мұнайға қызмет көрсету саласын түгелдей отандық мамандар игеріп отыр деген сөз емес. Құны 100 млн доллардан асатын жобаларды қазақстандық компаниялар армандай да алмайтын көрінеді. Тіпті 100 млн долларға дейінгі жобалардың өзін алысып-жұлысып жүріп, әрең ұтуда. Инвесторлар Қазақстан мұнайының арқасында табысын арттырып жатқанына қарамастан, кенішке салған инвестицияның әр доллары өзінің отандасына немесе ауыз жаласып үлгерген серіктесіне тигенін қалайды.
Осындай мүдделер тартысының арасынан нәпақа тауып жүрген отандық сервис компаниялары пандемия мен саладағы дағдарыс жыл соңына дейін кемінде 9 мың адамды қысқартады деген болжам айтып отыр. Бұл бер жағы ғана. Жұмысшылар арасында індет жұқтырудың жиілеуі мен "қара алтын" құнының сәт сайын құбылуы салдарынан "Теңізшевройл" компаниясының үшінші буынды зауыт құрылысына тартылған 36 мың вахталық жұмысшы да үйреншікті қызметтеріне қайта оралу қаншалықты мүмкін екенін білмей отыр. Тасасында "Шеврон", Total, Eni сияқты алпауыттар тұрған операторлар 2020 жылға жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарын 2021-22 жылдарға шегеріп жатқаны тағы бар.
"Жарты жыл жағдайымызды түсіне тұрсын"
"Мұнай нарығындағы жағдайдың нашарлағанын сезгендіктен, наурыздың аяғы сәуірдің басында Мемлекет басшысының атына отандық сервис компанияларын қолдау туралы өтініш жолдаған болатынбыз. Бірақ мемлекет кәсіпкерлерді салаға бөлмей, бәріне біркелкі қолдау көрсету дұрыс деп ұйғарыпты. Оның үстіне Қаржы, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері дағдарысқа қарсы шаралар қабылдау кезінде бірінші кезекте салық мөлшерін сақтап қалуға тырысқан сыңайлы. Коронавируспен күреске қаншама қаржы кетіп жатқанын көре отырып, бұл да дұрыс болған шығар деп ойлаймыз. Нақты бізге келсек, дәл қазір айтарлықтай қолдау сезініп отырған жоқпыз", – деген Рашид Жақсылықов ендігі үмітті "Шеврон" компаниясының басшылығына артып отырғанын айтты.
"Әзірге операторлар тарабынан түсіністік бар. Соның арқасында жұмысшылар таратылған жоқ. Көп компания жалақыны 50 пайызға дейін қысқарту арқылы жұмыс орындарын сақтап қалмақшы. Бірақ 1-2 айдан аспайтын, уақытша шара ғана. Егер күзде пандемияның екінші толқыны келсе, жағдай ауырлайды. Біздің есебімізше тек үшінші тоқсанда 9 мыңнан астам адам жұмыстан қысқарады. "ТШО"-ның үшінші буынды зауыт құрылысына тартылған 18 мың жұмысшы вахтадан алынды. Оларды ауыстыруға тиіс болған тағы 18 мың адам да үйінде отыр. "ТШО" аталған 36 мың азаматты маусымның 23-іне дейін айлықпен қамтып отыр. Одан кейін не істейтініміз белгісіз. Бәлкім вахтадан босағандарға мемлекет тізіміне ресми жұмыссыз ретінде тіркелу керек болатын шығар. Операторлар 10 күн ішінде стратегиялық бағытын көрсетпекші. Біз "ТШО" мен "Шеврон" компанияларының басшыларымен келіссөз жүргізбекшіміз. "Шеврон" соңғы 25 жылда "Теңіз" жобасында жақсы пайда тапты. Тек 2019 жылы ғана 3 млрд доллар кіріс көріпті. Біз олардан жарты жыл бойы мұнайға қызмет көрсетуші жұмысшыларды қолдауды сұрасақ дейміз. Егер осыған келіссек, ештеңе жоғалтпас едік", – дейді одақ төрағасы.
Ал Нұрлан Жұмаңұловтың айтуынша, коронавирус кесірінен вахтадағы жұмыс кезеңі 28 күннен 90 күнге ұзартылған. Карантиндік шектеулер вахталық ауысымды уақтылы іске асыру мүмкіндігінен айырып отыр. 90 күн бойы үздіксіз жұмысқа салынатын персоналға қалыпты айлықтан 1,5-2 есе көп төлеу туралы уәде беріліпті. Оның үстіне карантин кесірінен ауысымға шыға алмаған жұмысшыларды да нәпақасыз қалдыруға болмайды. Осының салдарынан сервистік компаниялардың қаржылық қиындықтары күрделене түскен.
Рашид Жақсылықов бұл жыл мұнайдың маңайынан табыс тауып жүргендер үшін жайсыз аяқталады деген болжамын да айтты. Бірақ бұл қиындықты бір жағынан сынақ деп, бір жағынан мүмкіндік деп қарастырған жөн.
"Былтыр Қазақстан аумағында 1100 мұнай бұрғылайтын ұңғыма орнатылса, биыл олардың саны әлдеқайда аз болатын түрі бар. 2021 жыл да оңай болмайды деп ойлаймын. Ал 2022 жылы сұраныс қайта артуы керек. Бізге сол уақытқа дейін жұмысшыларды таратып алмай сақтап қалу маңызды. Сақтап қалсақ, сервис нарығындағы ұлттық үлесіміз де сақталады. Ал таратып алсақ, күресті қайта басынан бастауға тура келеді. Екі жылдың ішінде оқытып, дайындаған мамандар басқа саладан жұмыс тауып, мұнайдың маңайына жоламаймыз деп шешуі мүмкін. Оның үстіне операторлармен келісімшарт тоқтаса, тендерден қайта ұту да қиын болады", – дейді ол.
Көзге көрінбейтін кедергілер
Нұрлан Жұмағұлов мұнай нарығында осыған ұқсас жағдай 2015 жылы болғанын еске алды. Ол кезде мердігерлер мен сервистік компаниялар арасындағы қатынас заңнамалық тұрғыда дұрыс реттелмеуі салдарынан отандық қызмет көрсетуші компаниялардың талайы банкрот болыпты.
"2015 жылы заңның шалағайлығынан мердігерлер сервистік компанияларға істелген жұмыстың ақысын төлемей, созып жүріп алды. Осының кесірінен айлық қарызы қордаланып, салық пен несиесі бір жақтан қысқан талай компания жұмысын тоқтатты. Осыдан кейін мердігер сервистік компанияға істелетін жұмыс ақысын келісімшартқа қол қойылғаннан кейін 60 күннің ішінде аударуға тиіс деген норма енгізілді. Бүгінгі ауыр кезеңде тиісті министрлік осы талаптың орындалуын мұқият қадағаласа екен", – дейді одақтың бас директоры.
Рашид Жақсылықов кез келген дағдарыс сияқты бұл жолғы қиындықты да өз пайдамызға шешуге болатынын айтады.
"Инвесторлардың "таңдаулысына" айналған кейбір компаниялар бар. Олар бір жылда 30-50 млн долларға дейін тапсырыс алады. 25 жылда 1млрд доллар табыс тапқандар бар. Сол тапсырыстан отандық компанияларға үлес жарату үшін осы кезеңді дұрыс пайдалануымыз керек. Ол үшін бірнеше ережені қайта қарайтын кез жетті", – дейді ол.
Заң бойынша қазақстандық сервис компаниясы атанып, жеңілдікке ие болу үшін құжат жүзінде жұмысшының 95 пайызы жергілікті адам болуы шарт көрінеді. Осы талапты қағаз жүзінде қатырып орындаған шетелдік компаниялар отандық ұжымдармен бірдей жеңілдіктер алып жүр.
"Бұл нюансты жою үшін отандық компанияның сипаттамасына меншік үлесінің 50 пайыздан астамы Қазақстан азаматына тиесілі болсын деген бап енгізу қажет", – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Шетелдік сервис компанияларының еуропалық банктерден 2-3 пайыздық несие алатыны да отандық ұжымдар үшін кедергі болып отырған сыңайлы. "Негізі бізге жеңіл несие керек. Ол қазіргі тәртіп бойынша мүмкін емес. Шетелдік компаниялар еуропалық банктерден 2-3 пайыздық несие алады. Бізде ондай пайыз жоқ. Осының арқасында олар қызмет ақысын тағайындаған кезде бізді баға бойынша ұтып кетеді. Осының бәрін ескеріп, құны 100 млн долларға дейінгі құрылыс жобалары түгелдей қазақстандық компанияларға берілуі керек. Сондай-ақ, 50 млн долларға дейінгі жобалау жұмыстары Қазақстан аумағында дайындалуы шарт. Егер шетелде жобаланса, барлық жұмысқа алдын ала шетелдік компаниялар тартылады деген сөз. Ал мердігердің жобадан ауытқуға қақысы жоқ. Осыдан келіп шетелдік пен отандық жұмысшылардың теңсіздігі туындайды", – дейді Рашид Жақсылықов.
Есімжан Нақтыбайұлы