420 млн доллардың зауыты салынып жатыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17579

Екі жылдан соң 2 шағын мұнай зауытының жұмысы басталады.

420 млн доллардың зауыты салынып жатыр

2021 жылы еліміздің екі облысында мұнай өңдейтін 2 шағын зауыт іске қосылады. Оның бірі – Батыс Қазақстан, екіншісі – Түркістан облысында бой көтереді.

Батыс Қазақстан облысындағы зауыттың құрылысы басталып кетті. Жобаның құны 420 млн долларды құрайды. Бұл жерге шикізат Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнынан жеткізіледі. Жоспар бойынша мұнда жылына 750 мың тонна мұнай өңделеді.

БҚО кәсіпкерлікті басқару және өндірістік-инновациялық даму бөлімінің басшысы Жанна Бекқалиеваның сөзінше, жобаны жергілікті "ABS-Мұнай" ЖШС арабтардың West компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

"Мердігер компания Алғабас ауылының жанынан аумағы 59,8 гектарды құрайтын жер телімін алып, құрылысты бастап кетті. Мұнай өңдейтін зауыт бензин, керосин, битум және дизель отынын өндіреді. Импорт алмастыруды көздейтін жоба экспортты да назардан тыс қалдырмайды. Зауыт өнімінің 80%-ы – ішкі, 20%-ы – сыртқы нарыққа бағытталады", – деді бөлім басшысы.

Жанна Бекқалиеваның мәлімдеуінше, мұнай өңдейтін зауыт 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Түркістан облысындағы мұнай өңдейтін шағын зауыттың өндірістік қуаты жылына 1 млн тонна мұнай өңдеуге жетеді. Жобаға 112,8 млрд теңге жұмсалады. Әзірше қолда бар мәлімет осы ғана.

Бұдан біраз бұрын елімізге төртінші мұнай зауыты қажет емес екені және таяу болашақта оның іргетасы қаланбайтыны туралы кесімді пікір білдірілді. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев: "Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауыты керек пе, жоқ па деген сұрақтың айналасындағы пікірталасқа нүкте қою үшін біз "ҚазМұнайГазбен" бірге талдау жұмысын жүргіздік. "ҚазМұнайГаз" нарықты, мүмкіндіктер мен трендтерді зерттеуге қауқарлы компанияларды жалдап, мәселенің мән-жайын анықтады. Нәтижесінде дәл қазіргі уақытта төртінші мұнай өңдеу зауытын салудың қажеті жоқ деген қорытындыға келдік", – деді.

Министр қазір тәулігіне 400 мың баррель мұнай өндіріліп жатқанын, бұл рекордтық көрсеткіш екенін және еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауыты өндіріс көлемін артығымен орындап отырғанын айтты.

Біле жүріңіз, төртінші мұнай зауытын салу туралы әңгіме 2014 жылы қозғалды. Әу, баста төртінші мұнай өңдеу зауытын Ақтау қаласында салу ұсынылды. Ақтау қаласының шикізат қорына жақын орналасқаны, дайын өнімді Маңғыстау мен Түркіменстан арасындағы теміржол арқылы Парсы шығанағы елдеріне, Ақтау, Құрық теңіз порттары арқылы Кавказға, Ресейге, одан әрі Еуропаға, сондай-ақ темір жол арқылы көршілес жатқан Орта Азия елдеріне шығаруға болатыны бұлтартпас дәлел ретінде алға тартылды. Дәл осы уақытта төртінші мұнай өңдеу зауытын Жезқазған қаласында салу бастамасы көтерілді. Идея авторлары Жезқазған өңірінің географиялық орналасуы, климаттық жағдайы жаңа зауыт үшін басымдық болып табылатыны тілге тиек етілді. Алайда мұның бәрі құр сөз болып қалды. Қазақстандағы қазіргі 3 мұнай өңдеу зауыты кеңес одағы кезінде салынған. Олар: 1945 жылы қолданысқа берілген, Атырау мұнай, 1978 жылы жұмысын бастаған Павлодар мұнай-химия және 1985 жылы қызметіне кіріскен Шымкент мұнай өңдеу зауыттары.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу