Қазақстандық автосалондардың араны ашылып барады

22905

Қосымша жабдықтар мен қызметтер құны бір көліктің бағасына жуықтап қалды, деп жазады Inbusiness.kz.

Қазақстандық автосалондардың араны ашылып барады

Көлік алғысы келетіндер көп

Қазақстандағы жеңіл көліктер саны он жыл бұрынғы көрсеткіштен де төмен құлдырады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, автобустарды, жүк көліктерін қоспағанда, елдегі жеңіл автомобильдер саны 2011 жылы – 4 млн 066,2 мыңды, 2012 жылы – 4 млн 169 мыңды, 2013 жылы – 4 млн 229,4 мыңды, 2014 жылы – 4 млн 533,7 мыңды, 2015 жылы – 4 млн 397,3 мыңды, 2016 жылы – 4 млн 383,1 мыңды, 2017 жылы – 4 млн 382,6 мың бірлікті құраған. Ал қазір қанша? 2021 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысында республикамызда тіркелген жеңіл автомобильдер саны 3,8 миллион ғана болды.

Яғни, тіпті кейінгі бес жыл ішінде 600 мыңдай жүргізуші "темір тұлпарсыз" қалған. Оның біразы бүгінде қайтадан соны тақымына басуға талпынып жүр. Бұған қоса, соңғы он жылда халық саны да біршама өсті. Тиісінше, қанша жерден дағдарыс пен пандемия қысса да, көлік алғысы келетіндер легі бәрібір артуда.

Сарапшылардың айтуынша, кезекті девальвациядан қауіптенген азаматтар да қаражаттарын тезірек көлікке салуға ұмтылуда. Осы орайда клиенттерді сүйкімсіз "тосын сый" күтіп тұрған көрінеді.

Көліктің қосымша жабдықтарын 5 миллион теңгеге сатпақ

Қарағанды тұрғыны Сергей Ақтаев Үкімет мүшелеріне өтінішпен жүгінді.

"Мен Қазақстандағы барлық ресми автосалондарға шағым айтқым келеді. Елде күрделі жағдай қалыптасты. Бүкіл автосалондар жаңа көліктерді қосымша жабдықсыз, қосымша қызметсіз сатудан бас тартып жатыр. Ол қосымша жабдықтарының құны нарықтағыдан бірнеше есе қымбат. Мысалы, Toyota Land Cruiser 300 премиум автомобилін сатып алу үшін "допқа" 5 миллион теңге төлеуіңіз керек. 800 мың теңгенің жабдығын алмасаңыз, Toyota Camry-ді сатып ала алмайсыз. Ресми автосалондар Hyundai Accent үшін 535 мың теңгенің, Hyundai Tucson үшін 1,2 миллион теңгенің қосымша заттарын жасанды түрде таңады", – дейді С.Ақтаев.

Ол биліктің осы масқараны көрмей отырғанына таң. Тіпті көргеннің өзінде шенділер үшін бұл құн қомақты көрінбеуі, олар оны проблема санамауы мүмкін. Автосалондармен әмпей-жәмпейі бір болуы да ғажап емес.

"Биліктің саладағы ахуалды бақылаудан шығарып алғаны, барлық ресми дилерлердің, автосалондардың қазақстандықтарға қосымша қызметтерін ғарыштық бағамен алуға арсыз түрде мәжбүрлеуіне назар аудармағаны жақсы емес. Халық "шенділер не үшін ел қазынасынан жалақы алып отыр?" деп ренжиді. Президент Үкіметтің ел игілігі, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеуі керектігін қайта-қайта айтып келеді. Осы ақылды тыңдайтын құлақ бар ма?", – деп ашынады азамат.

Ол құзырлы органдардан кез келген автосалонға жасырын камерамен барып, қосымша қызметтерді таңу бойынша алаяқтық схемаларын әшкерелеп, жауапкершілікке тартуды сұрады. Бұл жерде тіпті нарықтағы бәсекеге қайшы тірліктерді, баға бойынша ымыраласу деректерін де табуға болса керек.

Мұндай ахуал барлық өңірде қалыптасуда. Мысалы, Мейірлан Төрегелдин еліміздің батысында осындай жағдайға тап болған.

"Орал қаласындағы ірі автосалонда автомобиль сатып алуды жоспарлап отырмын. Мен қызыққан көлік Қазақстанға 2 ай ішінде жеткізіледі. Атап өтетін жайт, машина зауыттан қандай да бір қосымша жабдықтарсыз келеді. Бірақ автосалон оны прайс-листінде көрсетілген бағамен сатудан бас тартуда. Өкілінің айтуынша, оған қол жеткізуім үшін қосымша жабдықтарды сатып алуы қажет. Қосымша жабдықтарға шудан оқшаулау, сигнализация, тонировка, салондағы кілемшелер, қозғалтқышты қорғау секілділер жатады. Оның бәрін автосалон орнатып бермек. Осы қызметі үшін менен көлік құны сыртында тағы 513 мың теңге алуға ниетті. Осылайша, автосалон көлікке қоса өз қызметтерін сатып алуға мәжбүрлеуде", – дейді ол.

Тұтынушы бұған қарсы. Себебі, қажет болса, оның бәрін нарықта бірнеше есе арзанға жасатуға болады. Бірақ бұл жағдайда көлік кепілді сервистен айырылады.  

"Егер мұның бәрі автокөлікте бұрыннан орнатылып тұрса, бір сірә! Онда оны тегіс алып тастаңдар деп айта алмас едім. Алайда көлікке бұлар әлі орнатылмаған. Сондықтан олардың қажет еместігін айтсам, автосалон "допсыз" оны маған сатпайтынын хабарлады. Заң бойынша бірде бір автосалон тұтынушыға қаламаған қызметін таңуға құқығы жоқ. Алайда бұларды кім тоқтатады", – деп қапаланады Мейірлан.

Бұған билік не дейді?

Тұтынушылардың құқығын қорғауға Сауда және интеграция министрлігі жауапты: Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет соның құрамында.

Содан болса керек, салондардағы осы сорақы әрекеттерге тап болып, жігері жаншылған қазақстандықтар СИМ-ге шағым жазуда. Дегенмен, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өз блогы арқылы: "Бұл мәселе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзырына жатады" деп қысқа жауап қайырды.

Азаматтардың бір бөлігі Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне арыз жолдаған. Бұл комитетті сонау 2006 жылдан бері бәсекелестікті қорғау және монополистермен күрес саласында қызмет етіп келе жатқан маман Асан Дарбаев басқарады. Алайда ол да блогында: "бұл мәселе комитеттің құзырына кірмейтінін" алға тарта келе, бәсекеге жауапты органға жүгінуге кеңес беріпті.

Сонымен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің түсіндіруінше, автосалондардың клиент қаламаған қосымша қызметтер мен жабдықтарды таңуына құқығы жоқ. Бұл әрекеттері – заңсыз.

"Кәсіпкерлік кодекстің 183-бабына сәйкес, мәжбүрлi ассортиментпен тауар өткiзуге тыйым салынған. Бұл жерде сатушының, жеткізушінің тұтынушы құқығына қысым жасайтын және мәмiленiң нысанасына қатысы жоқ қосымша талаптарды немесе шарттарды белгiлеу бойынша кез келген әрекетi "мәжбүрлi ассортиментпен тауар өткiзуге" жатады. Бұл – адал емес бәсекелестік! Сол себепті бәсекені қорғау саласындағы заңнаманың бұзылу нышандары мен көріністері болса, азаматтар біздің агенттіктің өз өңіріндегі аумақтық департаментіне жүгінгені жөн. Тұтынушы өз өтінішіне сөзін растайтын материалдарды қоса ұсынуы керек", – деді С.Жұманғарин.

Оның айтуынша, егер бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылғаны анықталса, "агенттік тиісті шараларды қолданады".

Ендеше автосалондарға өкпелі азаматтардың парызы – бәсекелестікті бұзатындармен күресуші органды салмақты, лайықты дәлел-дәйектермен қамтамасыз етуге үлес қосу болса керек.

Бассыз кеткендермен мемлекет пен қоғам болып, бірлесіп күрескен тиімді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу