Қазақстандық батырлар саны 133-ке көп болуы мүмкін еді

2810

Бұл әділдік енді қалпына келмейді.

Қазақстандық батырлар саны 133-ке көп болуы мүмкін еді Фото: strategy2050.kz

Кеңес кезінен бері қаншама рет қайталанған, қаптаған энциклопедия мен оқулыққа енген дерек белгілі: Ұлы Отан соғысында ерлігі үшін 499 қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның тек 99-ы қазақ. Ұлтымыздың қос қаһарман қызы – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұловаға қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы және "Алтын Жұлдыз" медалі берілді. Қос қазақ қыз ғана "советтік Шығыстағы", Орталық Азиядағы осы ең жоғарғы атақты иеленді.

Даңқты ұшқыш ұлықталды

Бұл ретте Қазақстанның 4 тұрғыны ең жоғарғы атаққа екі рет қол жеткізді, барлығы – ұшқыш: шабуылдаушы ұшқыштар Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов және жойғыш ұшақ ұшқышы С.Луганский.

Айтпақшы, бүгін, 8 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында қазақтан шыққан жалғыз Кеңес Одағының екі мәрте батыры, одақтағы ең жас шақта (23 жаста) осы ең жоғарғы награданы алған жауынгерлердің бірі, авиация генерал-майоры, "Барыс" орденінің иегері Талғат Бигелдиновке арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтеді. Салтанатты шараға Парламент депутаттары, Қорғаныс министрі, астана әкімі, қоғам қайраткерлері және басқа да лауазымды тұлғалар мен жұртшылық өкілдері қатыспақ.

Аты аңызға айналып, тарих төрінен орын алған ұлы ұшқыш батырдың бейнесін мүсінші Нұрлан Далбай мен архитектор Расул Сатыбалдиев сомдаған. Қоладан құйылып, тұғыры граниттен соғылған, биіктігі 6,8 метр (мүсіннің өзі 3,6 метр) болатын ескерткіш елорданың сол жағалаудағы орталығында, Сарыарқа және Т.Бигелдинов көшелерінің қиылысында ("Сарыарқа, 13" мекенжайында) орналасқан. Ескерткіштің екі жағында қос қанатты елестететін граниттік формалардың бірінде – 1941–1945 жылдар деген жазу, ал екіншісінде – Ил-2 шабуылдаушы ұшақтар бедерленген.

"Талғат Бигелдинов Ұлы Отан соғысы кезіндегідей, жас шағында, кезекті тапсырманы абыроймен орындап, шайқастан аман-есен оралған күйде бейнеленген. Жүзінен шамырқану, ширығу байқалады, қабағы қатулы, бірақ бүкіл батырлық бой-бітімінен өзіне жүктелген міндетті лайықты орындағанына мақтаныш сезімі еседі. Қаһарманымыз ұшқыш киімін, жылы куртка және етік киген кейіпте сомдалды. Оң қолында авиациялық шлем ұстап тұр. Кеудесінде медальдері жарқырайды", – деді журналистерге архитектор Расул Сатыбалдиев.

Әкімдіктің дерегінше, ескерткіштің қасбеті батысқа бағдарланған. Тиісінше батыр бейнесі де батысқа қарап тұр. Мұның символдық мәні жоқ көрінеді: бұл скульптура күні бойы табиғи түрде жақсы жарықтандырылуы үшін жасалыпты. Түнгі уақытта ескерткішке 4 фонарь жарық шашып тұрады.

133 батыр еңбегі жете бағаланбады

Бұл мәселеге қоғам қайраткерлері, тарихшылар, сарапшылар, қоғам белсенділері назар аудартып жүр. Оған Қорғаныс министрлігі "Жеңіс күні" қарсаңында түсініктеме берді. Қысқаша айтсақ, ведомство "Кеңес Одағының Батыры" атағын КСРО тағайындағанын еске салды. Одақ келмеске кетті. Оның наградасын Қазақстан да, Ресей де бере алмайды.

Ең соңғы болып, Қазақстанда бұл атақ Б.Момышұлына берілді. 1990 жылғы 22 қазанда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев даңқты қолбасшының ерлігі лайықты бағаланбағанын ескертіп, тарихи әділдікті қалпына келтірудің маңыздылығын дәйектеп, М.Горбачевке хат жазады. Нәтижесінде, 1990 жылғы 11 желтоқсанда КСРО Президенті Михаил Горбачев "Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс-фашист басқыншыларына күресте ерлік пен қаһармандық танытқаны үшін" полковник Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын тағайындады. Ізінше КСРО күйреді.

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде осы биік атаққа ұсынылған, бірақ қандай бір себептермен алмаған жауынгерлерге батыр атағын беру туралы өтінішті қарапты.

"Ұлы Отан соғысына 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық батырымыз қатысты, ерлік жасады. Көпшілігі майданнан қайтпады. Негізі, ерекше ержүректікпен соғысқан 133 қазақстандық батыр Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, кейіннен басқа жоғары наградамен марапаттауға ауыстырылған", – деп хабарлады ведомство.

Министрлік ел Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы №90 өкімімен бекітілген "ҚР мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықтың, ҚР мемлекеттік наградалары құжаттарының үлгілері мен мемлекеттік наградалары белгілері сипаттамасының" 7-тармағына сәйкес, Қорғаныс министрлігі тек өз қызметкерлерін ғана Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы өтініш жасай алатынын қынжыла жеткізді.

"Қорғаныс министрлігі ҰОС жылдарында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, әртүрлі себеппен оны алмаған қазақстандықтардың ерліктерін БАҚ-та кеңінен жария ету, телебағдарламалар, мақалалар, кітап шығару, деректі фильмдер түсіру, мектептерде, әскери бөлімдерде "Ерлік сабақтарын" және басқа да есімдерін мәңгі есте сақтау жұмыстарын жүргізуде", – деді қорғаныс ведомствосы.

Сонымен қатар меморган өскелең ұрпақ бой түзеуі үшін Қазақстанда құрылған, патриотизмнің, батылдық пен ерліктің жарқын үлгісі болған әскери бөлімдердің жауынгерлік туларының көшірмесін Қазақстанға әкелуді қолға алды.  

"Қорғаныс министрлігінің мұрағаттық материалдарын және podvignaroda.ru сайтындағы қолжетімді мәліметтерді зерделеу барысында Қазақстаннан 16 дивизия, 7 бригада құрылып, Ұлы Отан соғысына қатысқаны анықталды. Қорғаныс министрінің қатысуымен қазақстандық 16 дивизия мен 7 бригада туларының көшірмелері еліміздегі дивизиялар мен бригадалардың құрылған жерлерінде жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтарына тапсырылды. Қазіргі уақытта елордадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Әскери-тарихи музейінде жауынгерлік тулар салтанатты түрде көрмеге қойылған", – деп мәлім етті министрлік.

Көзі тірі ардагерлерге құрмет

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің мәліметінше, 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде небары 665 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері қалды. Дегенмен, бір жыл бұрын қабылданған "Ардагерлер туралы" заңға сәйкес, елде ардагерлердің бес санаты пайда болды. Оларға 16 мың Ауған соғысының ардагері және басқа санаттағы 113 мың 555 азамат (тыл еңбеккерлері – 89 мың 385 адам; ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер – 21 мың 569 адам, ҰОС қайтыс болған мүгедектердің жұбайлары – 2 296 адам; ҰОС-та қаза тапқандардың жесірлері – 10 адам; қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 74 адам; концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары – 221 адам) қосылды.

Вице-министрдің дерегінше, соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және басқа да азаматтардың 20 санаты арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады. Оның орташа жиынтық мөлшері:

  • ҰОС қатысушылары үшін – 182 851 теңгені,
  • ҰОС мүгедектері үшін – 188 051 теңгені,
  • басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлері (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т. б.) үшін – 198 801 теңгені,
  • ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер үшін – 154 638 теңгені,
  • ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін – 119 562 теңгені,
  • ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне – 120 112 теңгені құрайды.

"Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктер бюджет және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге қиын өмірлік жағдайда немесе мереке күндері материалдық көмек түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын көрсетеді. Оған тұрғын үйді жөндеу (182 ардагерге 16,2 млн теңге мөлшерінде), отынмен қамту (7 332 адамға 212,1 млн теңге), қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру (2 036 адамға 2 млн теңге көлемінде), дәрі-дәрмек беру (920 адамға 10,7 млн теңге), тіс протездеу (22 адамға 1,1 млн теңге көлемінде) кіреді", – деді вице-министр Ерлан Әукенов.

Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Жеңіс күні қарсаңында жергілікті әкімдіктер ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне және Жеңіске үлес қосқан азаматтардың өзге де санаттарына 6,4 млрд теңге көлемінде төлем төледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу