Соғыс балаларының мәртебесі тыл ардагерлерімен теңестіріле ме

4369

Бұл мәселе Парламентке жеткенімен, әлі шешімін тапқан жоқ.

Соғыс балаларының мәртебесі тыл ардагерлерімен теңестіріле ме

Ресейде соғыс балаларының құқығын қорғап жүрген топтар бар. Солардың айтуынша, Еуропа елдері мен Германияда соғыс балаларына тиесілі әлеуметтік жәрдемақылар бар екен. Ресейлік саясаттанушы Владимир Кашинның сөзінше, Германияда соғыс балалары мемлекеттен ай сайын біздің ақшаға шаққанда 234-292 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Ал Ресейде төленетін жәрдемақының көлемі 30-87 мың теңгеге тең.

Оның пайымдауынша, бұл мәселені заңдастыру кешіктіріліп жатыр. Атап өтерлігі, Ресей үкіметі біраз жылдардан бері соғыс балаларының мәртебесін тыл және еңбек ардагерлерімен теңестіруге талпынып келеді. Әзірше, ай сайынғы зейнетақыға 30-87 мың теңге көлемінде қосымша жәрдемақы беріліп жатыр. Бұдан бөлек коммуналдық қызмет, медициналық жәрдем, жол жүру, тіс протезі және жерлеу шығындарына мемлекет тарапынан өтемақы беріледі.

Ал Қазақстанда тыл және еңбек ардагерлері мәртебесі 1936 жылға дейін дүниеге келгендерге беріледі. 1936 жылдан кейінгілер біздің Үкімет үшін тыл және еңбек ардагерлері санатына жатпайды. ТМД елдері арасында аталған санаттағы азаматтарға көмек көрсету шаралары жүзеге асып, Ресей, Беларусь, Молдова, Украина секілді елдерде "Соғыс уақытындағы балаларды әлеуметтік қорғау туралы" заң қабылданған. Заң шеңберінде 1945 жылғы 2 қыркүйекке дейін 18 жасқа толмаған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Қазақстанда тиісті заңды қабылдауға талпыныс жасалды

2011 жылы сол кездегі Сенат депутаты Хусаин Уәлиев Үкімет басшысына Ұлы Отан соғысы ғана емес, тыл еңбеккерлері­нің қатары да сиреп келе жатқанын, "соғыс уақы­тындағы бала­лар" атты әлеуметтік санат жоқ екенін ай­тып, "Соғыс уақы­тындағы балалар және олардың мәртебесі туралы" заң жобасын әзірлеп, оны қабылдасақ игі деген ой тас­таған еді. Бірақ бұл сауал хабарсыз кетті.

2015 жылы экс-сенатор Қуаныш Айтаханов Парламентте осы мәселені қайта көтерді. Алайда, бұл жолы да мәселе алға баспады.

Қуаныш Айтахановтың пайымдауынша, Үкімет сол жолы "қазақ жерінде соғыс өрті болған жоқ. Сондықтан бұл тақырыпты көтере берудің қажеті жоқ" деп түсіндірілген.

"Бұл мәселені көтеретін кез келді. Соғыс ардагерлері жыл өткен сайын азайып барады. Күндердің күнінде соғыс балалары тақырыбына оралатын боламыз. Себебі бізбен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей мен Беларусь елдерінде мұндай заң бар. Қазір зейнетақы секторына қатысты унификациялау (бірдейлендіру) туралы ара-тұра айтылып қалады. Бұл мәселені сол заң шеңберінде реттеуге болады", – дейді экс-сенатор.

Қуаныш Айтахановтың сөзінше, 1936 жылдан кейін дүние есігін ашқан балалар ауыр жұмысқа тартылған жоқ. Олардың аналары кезінде өзіне тиісті әлеуметтік жәрдемақыларды алып тұрды. Бірақ, осымен іс бітті деп жылы жауып қоюға болмайды. Бұл мәселенің гумандық сипатын ескермесек тағы болмайды.

"Германияда соғыс балалары деген түсініктің бәрі заң шеңберінде реттелген. Еуропа елдерінде де солай. "Уақыты келген жоқ" деп жылы жауып қоюға болмас. Бір айта кетерлігі, аталған мәселені тек екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты заңдастыруға талпыну керек. Себебі 1941-1945жылдары Қазақстанда тұратын халықтың 25 пайызы еңбек армиясына тартылған", – дейді Қуаныш Айтаханов.

Мәселені ардагерлер туралы заң шеңберінде шешуге болады

Заңгер Ғалым Жайлин бізге берген сұхбатында егер ардагерлер туралы заң болса, бұл мәселені соның шеңберінде шешуге болатынын айтты. Бірақ ондай заң бізде жоқ. 2010 жылдары заң қабылдансын деген ұсыныстар Парламент қабырғасына жеткенімен, ары қарай сиырқұйымшақтанып кетіпті.

Заңгердің пайымдауынша, Үкімет қаупінің астары түсінікті. Себебі ауған соғысының ардагерлері де өздерін екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестіруді ашықтан ашық талап етіп жүр.

"Ресей де бұл мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Көршіміз осы мәселені заң шеңберінде шешкен соң жағдай ушығып кетті. Ауған, сосын шешен соғысына қатысқандар құқықтарын тіпті саясиландырып жіберді. Күні ертең бізде де солай болады. Қазақстанда да Ауған соғысына қатысқандар, шешен соғысында Ресей әскерлері құрамында болып, шешен ұлтына қол көтергендер бар. Сол себепті мұны "соғыс балалары" деп айғайлатпай-ақ, әлеуметтік төлемақы, жәрдемақылар деңгейін көтеру арқылы шешуге болар еді", – дейді Ғалым Жайлин.

Оның сөзінше, Қазақстанда да соғыс балаларының мүддесін қорғайтын қоғамдық ұйымдар пайда бола бастапты. 2009 жылдары Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында 1928-1945 жылдары дүниеге келген азаматтар өздерін соғыс балалары деп танып, соғыс және тыл еңбеккерлеріне тиесілі жәрдемақы талап еткен. Мұның соңы "2011 жылы Парламентте соғыс балалары туралы заң қабылдансын" деген ұсыныспен аяқталған.

"Меніңше, соғыс балалары туралы заң қабылдау артық. Заң бірер жылды емес, стратегиялық мақсатты көздейді. Оған өзгерістер енеді, толықтырылады. Бірақ заңның атауы өзгермейді. Бізде соғыс балаларының ең жасы 80 жасқа жақындап қалды. Сондықтан, оларға көмектесудің басқа тетіктерін қарастырған дұрыс", – дейді Ғалым Жайлин.

Оны айғайлатпай-ақ шешудің тетіктері бар көрінеді.

"Қазір 1936 жылға дейін туғандарды соғыс және тың ардагерлері деп жүрміз. Жыл сайын осы санатқа қосылатын адамдардың жасын жоғарылатуға болады. Мысалы, биылдан бастап 1937-1945 жылдары туған азаматтарды да осы санатқа қосуға болады. Соғыс ардагерлерінің саны қазір екі мыңға жетпейді. Олардың тең жартысы үлкен қалаларда тұрады. 1937-1945 жылдары туған азаматтардың қанша екенін анықтау қиын емес. Оларға тым болмаса 15-20 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде өтемақы төлеу ел бюджетіне соншалықты салмақ сала қоймас", – дейді Ғалым Жайлин.

"Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәрсен Шәкібаев өткен жылы Алматыда өткен жиында әкелері соғысқа кетіп, жетім қалғандықтан бұл балалардың көпшілігі 10-15 жасқа дейін ашқұрсақ жүріп ер жеткенін айтты. Қазір де жетісіп тұрғандары шамалы екен.

"Аш құрсақ балалық денсаулыққа таңбасын қалдырды. Соғыста жүрген әкемізді сағынған кезде арызымызды Құдайға айтатынбыз. Соғыста қайтыс болған, белгісіз кеткен әкелерімізді әлі күнге дейін сағынамыз. Біз құмары қанбай қалған, еркелей алмаған, әкесі соғыста, атасы ашаршылық пен қуғын-сүргінде қайтыс болған ұрпақпыз. Зейнетақының 70 пайызы дәрі-дәрмекке кетеді. Алдымыз сексен жасқа келіп қалды. Тым болмаса дәрігерлік көмек, коммуналдық шығын мен жерлеу шығындарына өтемақы берілсе екен", – деген еді Сәрсен Шәкібаев бізге берген сұхбатында.  

Қазақ әдебиетінде соғыс және ауыл тақырыбын көтерген жазущы Төлен Әбдік бұл заңның бізге керек екенін айтады.

"Азаматының жүрегін жаулап алсаң, оның жерін өзіңе қарату қиын емес екенін көріп-біліп жүрміз. Ресей әлеуметтік пакет арқылы Украина азаматтарына азаматтық беруге талпынып жатыр. Күні ертең батыс облыстардағы тұрғындарға Ресей, оңтүстік пен шығыс облыстарға облыстарға Қытай мен Өзбекстан тарапынан азаматтық беру ұсыныстары айтылып қалуы мүмкін екенін ұмытпайық. Сондықтан соғыс балаларының әлеуметтік мәртебесін соғыс және тың ардагерлері санатына қосуды кешіктіруге болмайды", – дейді Төлен Әбдіков.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу