Қазақстандық түрмелер Тайжановпен қош айтысты

3598

Бас прокурор астаналық үлескерлерді алдап, шетелден пана тапқан алаяққа қатысты ақпаратты да мәлім етті.

Қазақстандық түрмелер Тайжановпен қош айтысты

Үлескерлердің 40 миллиард теңгедей қаржысын ұрлап, шетелге қашып кеткен "Азбука жилья" компаниялар тобының бұрынғы басшысы Ерқанат Тайжановты Қазақстанға қайтарып, еліміз сотына тартудан жәбірленушілер де, құқық қорғаушылар да үмітін үзе берсе болады екен.

"Бізде Аустриямен арамызда қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім бекітілмеген. Келісім жоқ екен, Аустрия бізге беруден бас тартуға құқылы. Олар солай етті. Халықаралық тәжірибе бойынша "не бер, не өзің сотта" деген қағидат қолданылады. Олар беруден бойларын аулақ салды. Сондықтан енді біз барлық материалдарды олардың іс қағаз жүргізу тіліне аударудамыз және біртіндеп аустриялық құқық қорғау органдарына, прокуратурасына тапсырудамыз. Олар оны қылмыстық қудалауды бастауда. Бірақ оның немен аяқталатынын олар өздері шешеді. Қазіргі кезде Тайжановты қамауға алу туралы Аустрияда шешім қабылданған-қабылданбағаны туралы менде ақпарат жоқ, менің білуімше, оған қатысты бұлтартпау шарасы әзірге таңдалмаған", – деді қазақстандық бас прокурор.

Түсіндіре кетсек, еуропалық елдерде құқық қорғау органдарының қылмыстық іс жүргізу тәсілі – осы жүйесі кеңестік заманда қалыптасқан Қазақстандағыдан біраз ерекшеленеді. Нәтижесінде, қандай да бір қылмыскердің қылмысын дәлелдейтін материалдарды өзге шет мемлекеттің тіліне аудара салу аздық етеді, оны сол елде қалыптасқан және солардың құқық қорғау органдарына түсінікті қалыпқа да келтіру талап етіледі.  

"Біз барлық материалдарды толығымен әзірше берген жоқпыз. Ішінара ғана бердік. Өйткені айыптау материалдарының көлемі орасан зор, бұл жерде әңгіме мыңдаған том құжатты құрайды. Олардың бәрін Аустрия құқық қорғау органдары жүргізетін қылмыстық процес "тіліне" көшіру қажет", – деп түйді Жақып Асанов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу