Қазақстандық жауынгер ауған лаңкестердің миллиардтаған қаражатын тапты

8059

Отан қорғаушы күні мерекесіне орай заманымыздың қаһармандары саналатын Қазақстанның әскери ардагерлерінің әңгімелерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қазақстандық жауынгер ауған лаңкестердің миллиардтаған қаражатын тапты Фото: Ашық дерек көздерінен

Қазақ елі әлемнен оқшау орналаспаған, сондықтан оның қауіпсіздігі, тұрақтылығы, тыныштығы дүниежүзіндегі, өзге елдердегі ахуалға да байланысты. Ал Қазақстан армиясынан бастап, түрлі күш құрылымдарындағы сарбаздар мен сардарлардың ерлік істері ерлеріміздің ел қауіпсіздігін сенімді қорғай алатынын көрсетеді.

Соғыстың қаржы тасқынын тоқтатқан батыр

Бірінші оқиғаны біз Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың және кейіпкердің әңгімелеуінен жазып алдық. Ол Әзербайжан тумасы, қазақстандық, дәлірек айтқанда, Алматы тұрғыны полковник Габиль Имамеддинұлы Халафов туралы.

Ер азамат үшін Отан қорғаудан құнды ешнәрсе жоқ. Отан алдындағы антына адал жауынгерлер алдына қойылған жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындауға міндетті. Талдықорғандағы  әскери бөлімде әскери қызметін өтеп жүргенде, мемлекет Габильді Ауғанстанға интернационалдық әскери міндетті орындауға жолдайды. Командир Г.Халафов қазақстандық жауынгерлерімен бірге Пәкістан жақтан тоқтаусыз шабуылдаған, ашық қақтығыс сыртында, диверсияға, террор тактикасына көшкен моджахедтерден Қандыағар, Мұсақала және басқа да қалалардың тұрғындарын қорғайды.

1987 жылдың 7 мамырында Халафовтың батальоны жауынгерлік операция жүргізіп, қарсыластың әралуан әрі қисапсыз қаруын қолға түсіреді. Оқ-дәрілер аста-төк көлемде сақталған қоймаларын басып алады. Дәл сол күні Габильге жергілікті ХАД басшысы, Кеңес әскерлерінің жақсы досы, жанашыр тілектесі, капитан Джабар арнайы келіп, кездеседі. ХАД (дарише, Хедмат-ә амниййат-ә доулати) сол кездегі Ауғанстан Демократиялық Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі болатын. Капитан Джабар "информаторды" ала келген екен, ол Халафовқа құпия жайттың бетін ашады. Оған сәйкес, тең-тең жүк тиелген үлкен керуен өткен түнде Пәкістанмен арадағы шекараны кесіп өткен. Ауғанның Гильменд провинциясына бет қойыпты.

Габиль біраз ойланып қалады. Қайтпек керек? Бригада ауыр әрі ұзаққа созылған операцияны жаңа ғана тәмамдады. Оның үстіне "торуыл жасау керек" деп тұспалданып отырған тұс – Кишкинахудтан батысқа қарай 10 шақырым алыста жатыр, батальонның жауапкершілік аймағына кірмейді. Бұған дейін Г.Халафов командир ретінде көптеген ұрыс операцияларын жүргізіп, әбден ысылған болатын. Өзі де талай жау торуылына түскен, шайқас салып, қарсылас қоршауын бұзып шығып жүрді. Сондықтан оқиғаның өрбу барысының барлық нұсқасын болжауға тырысып, қабылдануы қажет жедел шешімдердің жөн-жобасын қарастырды.

Габиль білікті командир ретінде торуылдың негізгі міндеті – дұшпанға тұтқиылдан бас салып, алғашқы минуттарда ес жиғызбай, барынша көп шығын шектіру болып табылатынын жақсы білді. Әйтпесе, етек-жеңін тез жиып, жұмыла атысқа көшетін жаудың қуатты қарсылығына ұшырайсың. Бұл ретте шабуылдаушылар тосыннан оқ атуды бір мезгілде, бірдей бастап кетуі аса маңызды.

Командир өзіне ерген жауынгерлердің тағдырына да басымен жауапты. Сол себепті, Г.Халафов бірінші кезекте, алдағы ұрысқа дайындық шарасын өткізеді. Торуылға бөлінген күш пен құралдарды "басып алушы топқа", "атыспен қолдаушы топқа" және "резервтік топқа" ажыратады.

"Жауынгерлерім тас қараңғыда аңдамай, бірін-бірі атып тастауына жол бермеудің қамын жасауым қажет. Осы мақсатта бәрінің тізімін жасадық және қарулас жолдастарының қайда екенін әрбір солдат нақты білуі үшін схема түздік. Брондытранспортерларға үш прожектор, түнде көру аспаптарын орнаттық және олардың борттарын құм толы қаптармен нығайттық. КПВТ ("крупнокалиберный пулемет Владимирова танковый") ірі калиберлі пулеметіне де қуатты жарықтандырғыш бекітілді: оның төбе-күмбезі 360 градусқа шыр айнала алады және моджахедтердің көзін қарықтырып, олар бойынша атыс жүргізуге мүмкіндік береді. Жеке құрам мұздай қаруланды, барлығының автоматы ұңғыастылық гранатометтармен жабдықталған. Әрбір жауынгерге қосымша екі-екіден бірреттік РПГ-22 гранатометтері берілді", – дейді Г.Халафов.

Торуыл орнына өз жауынгерлерімен ертерек жетіп алған Габиль олардың әрқайсысының міндетін қайта-қайта нақтылап, орындарына жайғастырып шығады. Қос бронетранспортер жергілікті жердің шағын бір төбешігіндей етіп, бүркемеленді.

Көп күттіріп, зарықтырып, ақыры маң-маң басқан түйелердің ауыр қадамдары мен әлдебір күбір-күбір сөздер естілді. Шынында, бұл тең-тең жүк тиелген, моджахедтер күзеткен үлкен керуен болып шықты. Халафов белгі беріп, барлық топты, соның ішінде бронетранспортерлармен ытқуға дайын отырған резервтік топты да №1-ші дайындыққа келтірді.

Керуеннің орта тұсы құрғап қалған көлдегі көпір астына кіре бергенде, Габиль "атыспен қолдау тобына" ілгері жылжуға бұйрық берді. Осы кезде БТР-лар атып шығып, көпірдің қос жағынан барлық прожекторлары мен фарларын жарқ еткізіп, жаға қояды. Дәл осы уақытта торуылдаушы топ жауынгерлері де орындарынан өре тұрып, шабуылды бастап кетті. Түн түңлігін жарқырата тіліп, қарудың барлық түрінен оқ жаудырды.

"Керуен жағалаған күзетші моджахедтер алақанға салғандай еді. Ұзақ уақыт қараңғыда жүрген адамның көзіне аппақ жарық ұрған соң, оңа ма, оның үстіне бірнеше минут бойы үздіксіз әрі тұтасқан ағынмен оқ жауып жатты. Естері шықты. Біреуі қару алып, көздеп атып үлгермеді. Торуыл тобының жігіттері жасындай жарқылдап, батыл әрі көз ілеспес жылдамдықпен қимылдап, дұшпанға жойқын соққы берді. Тас-талқанын шығарды. Бір де бір жарақат алмастан, керуенді басып алдық", – деп еске түсіреді Г.Халафов.

Солдаттар қолға түскен, ауыр-ауыр жүк артылған түйелерді ертіп, БТР-лардың қалқалауымен рота орын тепкен жерге қайтады. Габиль барлық жүкті қару-жарақ сақтауға арналған бөлмеге түсіруге нұсқау береді. Алдымен қару-жарақтар мен оқ-дәрілер шығады. Ал қаптарды түсіре бастағанда, кейбір солдаттардың екі көзі адырайып, шарасынан шыға жаздады. Бұған сену қиын еді. Қаптаған қанар қаптар ақшаға лық толтырылған. Содан ХАД бастығы капитан Джабардың қатысуымен, рота офицерлері барлығын жалықпай санауға кіріседі. Нәтиже таң қалдырып, таңдай қақтырады: 4 миллиард афгани!

Таң атқанда, заставаға батальон штабы бастығының орынбасары капитан Александр Столбинский жетті. Олжаның шын екеніне өзі көз жеткізген соң, шұғыл түрде радиостанция құлағына жармасып, бригада командирі полковник И.Степановқа баяндауға асықты. Ар жақтағы бригада командирі баянаттың шындығына біразға дейін сенбеді. Ауған соғысында қап толы ақша арагідік қолға түсіп жататын. Алайда осынша орасан зор сомадағы қаржыға Кеңес әскерлері алғаш рет жолығыпты.

Көңіліндегі күдігі толық тарқамағанымен, бригада командирі ақыры батальонға қос тікұшақты аттандырады. Кері қайтқан осы әуе көліктерін Қандағар әуежайында полковник И.Степановтың өзі қарсы алады. Жерге түсірілген ақша толы 11 қаптың әрқайсысын құшақтап, көтеріп қана өзіне баяндалғанның шын екеніне сенеді. Оның қаржы толы қапты құшақтап жатқан сәтін капитан Александр Барт суретке түсіріп алған.

Барлық 11 қап ақша сараптама жүргізу үшін Кабулдағы Ауғанстанның Мемлекеттік банкіне табысталды. Осы ерлігі үшін капитан Джабарға өз мемлекеті "Ауғанстан Демократиялық Республикасының Батыры" атағын берді.

"Қынжылтатыны сол, Кеңес Одағы Габиль Халафовтың Ауған соғысындағы теңдесі жоқ ерлігін лайықты бағаламады. Ол кезде көптеген қазақстандық жауынгердің ерлігін КСРО елеусіз қалдырды. Бұл жерде Отан сенімін ақтауды оқалы жағалылардың мақтауынан жоғары қоятын, марапаттың емес, парасаттың жайын ойлайтын адал әрі әділ Габильдің жетістігін әлдебір мансапқұмарлар мен атаққұмарлар пайдаланып кетуі мүмкін деген күдік жоқ емес. Габильді сол кезде батальон командирі майор Езерницкий өзіне шақырып алады да, әңгіме үстінде бригада қолбасшылығының оны жоғарғы "Ленин" орденіне ұсынатынын хабарлайды. Неге екені белгісіз, бірақ "Ленин" ордені ақыры берілмеді. Қазақстанның өрендеріне қатысты ондай әділетсіздік ол кезде жиі кездесетін", – дейді ардагер Бақытбек Смағұл.

Ауған соғысынан оралған соң, Г.Халафов өз өмірінің 16 жылын болашақ офицерлерді тәрбиелеуге арнады. Ұзақ жылдар бойы, 2014 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстанның Құрлық әскерлерінің Әскери институтында еңбек етті, басшылық қызмет атқарды. Аға ұрпақтың сұрапыл соғыстағы жанқиярлық қимылдарын, қаһармандық ерліктерін есте ұстаған, сол ардагерлерден тәлім алған курсанттар Қазақстанның тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығының нағыз қорғанына айналады. Бүгінде батыр Алматыда тұрып жатыр.

Жарылғыш заттар толы ұшақты тоқтатқан батыр

Фариза Оңғарсынованың: "Жалаң аяқ, жалаң бас келген ұлды, бұл Дала Батыр қылған" деген сөзі бар.

Бұл дерек Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметтерінен алынды. 1995 жылғы желтоқсан айының басында Алматы әуежайында триллерге бергісіз оқиға болды. Қазақстандық шекарашылар Болгариядан ұшып келген әуе кемесін тексеру барысында оның жарылғыш заттарға аузы-мұрнынан шыға толтырылғанын анықтады.

Артынша бұл "сәлемдеменің" қарулы жанжал өршіп тұрған Ауғанстанға арналғаны әшкереленді. Ал құжат бойынша басқаша еді. Алатау бөктеріндегі әсем қаламыздың әуежайы арқылы транзитпен ұшқан алып лайнерге құжат бойынша ауыл шаруашылығы техникалары тиелген деп көрсетілген. Іс жүзінде оның анау-мынау емес, 39 тонна жарылғыш зат әкетіп бара жатқаны анықталды.

Негізі оқиға былай өрбіпті. Транзиттік ұшақ әу баста Қазақстанға емес, көрші елдің астанасы Бішкектің Манас халықаралық әуежайына қонуға тиіс болған. Сондықтан біздің шекарашылар ұшақтың бортына көтерілуге аса ықылас таныта қоймайды. Алайда "Алматы" шекаралық бақылау отряды бақылаушыларының аға нарядшы, прапорщик Александр Жариковтің зеректігі мен табандылығының арқасында қару-жарақ тұтылып, жарылғыш содырларға жетпеді.

Желтоқсанның сол бір күнінде Алматы әуежайына Болгариядан Ауғанстанға бағыт алған әуе кемесі қонады. Александр Алексеевич есіне алғандай, офицерлердің жетіспеушілігіне байланысты бортты рәсімдеумен оның өзі айналысады. Жүк бөлігінің ішіне мұқият көз жүгірткен прапорщик жасыл түсті жәшіктерді байқайды. Әскери жәшіктерге көбірек ұқсайды. Бұл бірден күдік тудырады.

Сондықтан мән бермегенсіген түр танытқан шекарашы сөз арасында экипаж мүшесінен қандай жүк әкетіп бара жатқанын сұрастырады. Ол: "Ауыл шаруашылығы техникасы" деп жауап береді. Құжатта ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтары деп көрсетілген. Ұшқыштың жауабын үнсіз тыңдаған А.Жариков уақытты бос жібермей, тәртіп бойынша жоғарыға баяндайды. Шұғыл түскен ақпаратқа сәйкес оқиға орнына келіп жеткен ҰҚК қызметкерлері бортқа көтеріліп, әскери үлгімен таңбаланған жәшіктерді көреді.

Борттағы жүктерді ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп, мұқият тексеруге кіріскен шекарашылар әуе кемесінің ішінен 39 тонна жарылғыш зат тауып, тәркіледі.

"31 желтоқсанда болған кезекті кезекшілік кезінде мен борттағы сол жүктердің түсіріліп жатқанын да көрдім. Басында Қазақстан ұшақты да тәркілемек болған, бірақ бізге белгісіз себептермен иелері әуе кемесін қайтарып ала алды", – деп еске түсіреді Александр Жариков.

Сол 1995 жылы прапорщик А.Жариков тағы бір тосын жайтты – ителгі сұңқарларын контрабандалық тасу арнасына тосқауыл қойыпты.

Ардагердің айтуынша, экипаждың құжаттарын рәсімдеу кезінде ол құс шаңқылын естиді де, дереу экипаж мүшелерінің сөмкелерін тексеруге бұйрық береді. Сонда бұл іске нәзік болмыс иесінің, яғни стюардессаның қатысы барын білгенде шекарашылардың таңданысында шек болмайды. Байланған құстар соның сөмкесінен табылды. Жалпы, содан бері Алматы халықаралық әуежайында шекарашылар жойылудың аз алдында тұрған осы аса құнды құстарды заңсыз жолмен алып өтпек болғандарды жиі ұстап тұрған екен. Құстың бағасы сол кездің өзінде 100-120 мың долларға жететін көрінеді.

"Алматы" шекаралық бақылау отрядынан кейін прапорщик А.Жариков Өзбекстанмен арадағы шекарада, содан кейін Қордайда қызмет атқарды. 2006 жылы капитан шенінде әскери зейнетке шықты. Көпті көрген шекарашының шекаралық ведомстводағы қызмет атқарған жылдарынан айтар естеліктері аз емес.

Отанының лайықты азаматы деген атқа кір келтірмеген ардагерлеріміздің адал ісі, елеулі ерліктері кейінгі ұрпақтарға үлгі, ұлағат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу