"Зерттеуге қатысқандардың 55%-ы АЭС құрылысына қарсы болды. Олардың 36% -ы үзілді-кесілді қарсылық білдірді және Қазақстан мұндай объектілерді салуға дайын емес деп санайды. Ал 19% -ы қарсы, себебі олар АЭС қоршаған ортаға және халыққа қауіпті болуы мүмкін деген пікірде", – деп жазылған қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы таратқан баспасөз хабарламасында.
Зерттеу шеңберінде респонденттерге Қазақстанда АЭС салудың негізгі тәуекелдерін атау туралы сауал қойылды.
"Респонденттердің көпшілігі (39%-ы) радиоактивті қалдықтарды кәдеге жарату мен сақтауға байланысты экологиялық қауіптен қорқады. 37%-ы АЭС салу тәуекелдерін сыбайлас жемқорлық пен адами факторға байланысты төтенше жағдайлардың болу ықтималдығымен байланыстырады. 15%-ы АЭС Ауғанстанға жақын болғандықтан экстремистердің нысанасына айналуы мүмкін деп қорқады. 12%-ы аймақтағы сейсмикалық белсенділікті басты тәуекел деп санайды. 8%-ы АЭС салудың экономикалық мақсатқа сай еместігін атап өтті. 24%-ы жоғарыда аталған барлық факторларды атап өтті", – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың тек 6%-ы оптимистік пікірде, олар стратегиялық нысан салуда ешқандай қауіп-қатер жоқ деп есептейді.
Бұл ретте сауалнамаға қатысушыларға Қазақстанда АЭС құрылысының негізгі артықшылықтарын атауы туралы сауал қойылған. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, респонденттердің үштен бірі (35%-ы) бұдан ешқандай пайда жоқ деп санайды. 17%-ы керісінше АЭС көмірді тұтынуды және қоршаған ортаға теріс әсерді айтарлықтай төмендететініне сенімді.
"Тағы 14%-ы АЭС болжамды энергия тапшылығын жабады және елді атом энергиясымен қамтамасыз етеді деп күтеді. 12%-ы станса құрылысы Қазақстанның атомдық әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді деп үміттенеді, оның ішінде үлкен қорлар бар. Азаматтардың 10% -ы экспорт арқылы экономикалық өсуді басты артықшылықтардың бірі деп атады. 8% -ы АЭС құрылысы инновациялық жобалардың артуына алып келеді және Қазақстанның халықаралық сахнадағы ұстанымын нығайтады деп санайды. 24%-ы жоғарыда аталған барлық артықшылықтарға қосылды", – деп хабарлады бюро.
Сауалнама авторлары Семей ядролық полигонының тәжірибесі, сондай-ақ Арыс пен Жамбыл облысындағы жарылыстар қазақстандықтардың техногендік апаттардан қорқуына, сондай-ақ билікке деген сенімнің төмендеуіне әкелгенін атап өткен. Бұл ретте респонденттердің 39%-ы да АЭС-пен байланысты тәуекелдер өте жоғары екеніне сенімді.
"Қазақстандағы әскери қоймалардың жарылысын ескере отырып, 30%-ы біз Чернобыль атом электр стансасындағы және Фукусима-1-дегі қайғылы тәжірибені қайталаймыз ба деп қорқады", – деп атап өтті сауалнама авторлары.
Бір қызығы, респонденттердің 19%-ы, керісінше, бұл қайғылы оқиғалар мен апаттар болашақта қателіктер мен тәуекелдерді болжауға көмектеседі деп есептейді. 12%-ы Қазақстан АҚШ, Қытай, Франция және басқа да дамыған елдердің атом энергиясын пайдалану бойынша озық тәжірибені қайталайтынына сенеді.
Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, халықтың 41%-ы жалпыхалықтық референдум өткізу қажет десе, ал 9%-ы ғана Қазақстанда АЭС құрылысына дереу мораторий жариялау қажет деген тоқтамға келген.
Айта кететіні сауалнама 2021 жылдың 19 қыркүйегі мен 26 қыркүйегі аралығында жүргізілді. Оған республикалық маңызы бар 14 облыс пен қалада тұратын (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысты. Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде қалалық нөмірлерге телефон соғу арқылы жүргізілді. Сұрақ-жауапқа қатысқандардың 53%-ы ерлер, 47%-ы әйелдер.
Ал Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев атом электр стансасы болмаса, Қазақстанға өзінің ұлттық энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте қиын болады деп есептейді.
"Бүгінде энергетика саласының мамандары атом электр стансасын құру қажет деген оймен келіседі. Олай болмаған жағдайда бізге ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өте қиын болады. Бізде көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО қондырғыларының жартысына жуығы ауыстыруды немесе жаңғыртуды қажет етеді. Көмірді пайдалану ақысы көміртегіге төлемдердің құнынан да қымбатқа түсуі мүмкін", – деді Дәурен Абаев "Ашық диалог" бағдарламасында.
Сонымен қатар ол Қазақстанда қазірдің өзінде солтүстік пен оңтүстік өңірлер арасындағы энергия теңгерімсіздігінің күрделі проблемасы бар екенін атап өтті.
"Атом электр стансалары – сән-салтанат емес, өмірлік қажеттілік. Өкінішке орай, күн де, жел де арзан энергияның мұндай көлемін қамтамасыз етуге қауқарсыз. Энергия жетіспеген кезде экономика тұралап қалады", – деді Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.
Дәурен Абаевтың айтуынша, АЭС құрылысына қатысты халықтың алаңдаушылығы түсінікті.
"Біз Фукусимада, Чернобыльде болған жағдайды көрдік, бізде Семей полигоны салған ауыр "жара" бар. Әрине, қорқынышты. Бірақ реакторлардың құрылысы мен қауіпсіздігінің нақты стандарттары бар. Апат ықтималдығы өте төмен. Әрине, мұның бәрі әлі талқыланады, қаралады, содан кейін соңғы шешім қабылданады", – деп қорытындылады спикер.
Еске сала кетсек, Қазақстанда АЭС салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Қыркүйек айының басында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "бұл мәселені түбегейлі қарастыратын уақыт жетті, себебі Қазақстанға АЭС қажет", – деген еді.
30 қыркүйекте өткен XVII Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумында РФ Президенті Владимир Путин Ресей Қазақстанда АЭС салып, осы салада республикаға басқа да қолдау көрсете алады, деп мәлімдеді.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !