Біздің ел азаматтарының әуе көліктерімен сапарлауға көңілі қатты құлағаны сонша, Тәуелсіздік алғалы бері, осы салада рекорд орнатылуда.
Ел үкіметі азаматтық авиацияны дамытудың өткен жылғы және биылғы жыл басынан бергі қорытындыларын шығарды. Анықталған нәтиже таң-тамаша қалдырып отыр.
2017 жылы Қазақстанда әртүрлі әуе компаниялары тасыған авиажолаушылардың жалпы саны 7 миллион 400 мыңнан асты. Осылайша, бұл көлем 2016 жылғы көрсеткіштен бестен бірге дерлік, яғни бірден 23%-ға артып шыға келген. Салыстыру үшін айтсақ, алдыңғы жылы ұшақтардың қызметін пайдаланған азаматтардың саны тек 6 миллионды ғана құраған болатын. Яғни, небары бір-ақ жыл өткенде көздеген жеріне аспан жолымен жетуді қалаған қазақстандықтар саны бір жарым миллиондайға ұлғайған.
Екіншіден, жалпы көлік саласына жауапты инвестициялар және даму министрлігінің айтуынша, әуе жолаушыларының осы жалпы саны Қазақстан үшін бүкіл ширек ғасырдай уақыттағы ең үздік көрсеткіш болып табылады.
Халқымыз бұл рекордын биыл тағы жаңартатынға ұқсайды.
Ресми статистикалық деректер бойынша биыл бұл саладағы қарқынды өсім ары қарай жалғасып, жаңа асуларды бағындырып жатыр. 2018 жылдың І-ші тоқсанының қорытындылары бойынша ұшақпен жол шеккен адамдардың саны тағы да 22%-ға артыпты. Нәтижесінде, әуе жолаушыларының қатары осы жылғы тек үш айда ғана 1 миллион 745 мың адамды құрады.
2017 жылғы сәйкес мерзімде бұл көрсеткіш 1 млн 432,8 мың адам болған еді. Салыстыру үшін айталық, авиация тарихында осынша ауқым үш ай түгіл, бір жылда да жиналмайтын кездер болған.
"Қазір ұшақтар тіпті ең "халықтық" сапар көлігі саналатын пойыздарға бәсекелестік құрай бастады. Мәселен, маған елордадан Алматыға бару қажет болды. Содан "Тұлпар-Тальгоға" мінейін деп, бағасын білсем, ертерек сатып алсаң шамамен 14-15 мыңдай теңгеге түседі екен. Ал "Бек Эйр" ұшағымен Алматыға он алты мың теңгеге де ұшып баруға болатынын білдім. Әрине, 13 сағат, яғни жарты тәуліктен астам бойы пойызда селкілдегенше, әуемен жылдам жеткен қолайлы емес пе?" – дейді Салтанат Әбдиева.
Азаматтық авиация саласының өркендеуі тек жолаушылар тасымалдау жетістіктерімен шектелмейді. Ел үкіметінің дерегінше, өткен жылдың қараша айында Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша халықаралық азаматтық авиация ұйымы ICAO-ның аудитінен табысты өтті.
"Аудиторлардың бағалауы бойынша Қазақстанның әуе қауіпсіздігі саласындағы ИКАО талаптарына жауап беру деңгейі 83%-ға жетті. Бұл орташа әлемдік деңгейден 11%-ға жоғары. Ол ол ма, бұл көрсеткішке сәйкес, дүниежүзінің әуе тасымалы бойынша негізгі өңірлерімен салыстырғанда біз көшбасшылық орындағы Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінен кейінгі 2-ші орынды иелендік", – деп хабарлайды инвестициялар және даму министрлігі.
Былтыр ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезінде елімізге келер туристер санын арттыру үшін мемлекет Астана үстінде "ашық аспан" пилоттық жобасын жүзеге асырған болатын. Оның аясында әлемдегі кез келген шетелдік әуе тасымалдаушылар үшін Астанаға аптасына 7 рет рейс жасау құқығы ұсынылды. Бұдан не шықты? Елімізде өткен жылы халықаралық рейстер саны 30%-ға артқан екен. Және жаңадан он халықаралық әуебағдары ашылыпты.
Жаһандық көрме аяқталды. Бірақ рейстарын тоқтатқан бірлі-жарым компанияны айтпағанда, өсім ары қарай жалғасатын көрінеді. Биылғы жылы шетелдік әуе компаниялары "Рига – Алматы", "Дубай – Ақтау", "Красноярск – Алматы", "Мәскеу – Қызылорда", "Новосібір – Павлодар" тікелей рейстарын ашуды жоспарлауда. Олардан қалыспай, отандық әуе тасымалдаушылар да еліміздің бас қаласынан Тюмень, Краснодар, Томск, Челябинск, Сочи, Батуми, Душанбе, Вильнюске қарай тікелей бағдарлар ашуға кірісуде.
Үкімет саладағы бір жетістік ретінде 2017 жылы Астана әуежайының жаңа жолаушылар терминалының бой көтеруін атайды. Бұдан бөлек, Алматы қаласы әуежайының ұшы-қону жолағы реконструкциядан өткен.
2018 жылы Семей қаласы әуежайының ұшы-қону жолағын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға тиіс. Ал Қостанай қаласында әуежайдың ұшақтарды қарсы алып, шығарып салатын осындай жолағының реконструкциясы басталады.
Әуе көліктері паркін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Ағымдағы жылы "Эйр Астана" Airbus 321 NEO заманауи ұшағын сатып алды. "СКАТ" АҚ әуекомпаниясы бірінші Boeing 737MAX-8 жаңа ұшағын иеленді.
Қазақстанның әуе тасымалының тартымдылығы артқан сайын, отандық нарыққа енушілерге қатысты талап та күшейтілуге тиіс. Оның үстіне қазір жаңа "көктемгі-жазғы навигация маусымы" ашылды. Бұл ретте Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану талаптарын бұзушыларға Азаматтық авиация комитеті қатаң шаралар қолданатынын жария етті. Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев тіпті әуе жолын пайдаланушының сертификатын қайтарып алуға дейін баруға дайындығын жеткізді.
Жалпы, жаңғырып жатқан бұл орган өз қызметін әлемдегі ең озық болып табылатын британдық үлгіге сәйкестендіру процесіне кіріскен екен. Өзгерістер тек комитеттің құрылымын ғана емес, негізгі қадағалау және бақылау функцияларын да қамтымақ.
Ең басты өзгерістердің бірі сол, жуық арада Қазақстан ұшу биіктігін өлшеуде "футтық" жүйеге көшетін болады. Қазір мысалы, қазақстандық ұшқыштар жолаушыларға "бәленше шақырым биіктікте ұшып бара жатқандары" туралы хабарлайтыны мәлім. Демек, енді футқа бой үйретіп, оның қанша километрге теңесетінін жаттап алуға тура келмек.
Ал шақырымдық өлшеу тек шағын авиация үлесінде қалады. Олар үшін бұрынғыдай метрлік жүйеде ұшуға рұқсат беру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Сондай-ақ авиациялық кадрларды даярлау жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізілмек. Кейбір мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары толығымен еуропалық стандарттарға көшіп, сәйкестендіріледі.
Рас, салада көңілсіздеу жаңалықтар да бар. Инвестициялар және даму министрлігінің Авиациялық және оқыс оқиғаларды тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтановтың айтуынша, 2017 жылы орын алған бес әуе оқиғасының үшеуінің тергеу қорытындысы шықты. Тексеру бойынша қысқаша есептер Азаматтық авиация комитетінің сайтында жарияланады.
Пайдалануға тыйым салынған әуе кемелерінің тізімі де тұрақты түрде сол веб-сайтта орналастырылып, үнемі жаңартылып отырады.
Жанат Ардақ