Қазақстанға мұнайлы елдерден мигрант қаптауы мүмкін

2780

Үкімет елдің батысын тағы елең еткізер шешім қабылдағалы отыр. 

Қазақстанға мұнайлы елдерден мигрант қаптауы мүмкін

Ол шешім мигранттарға да қатысты болмақ.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті ұзын-сонар атауы бар, бірақ маңызды құжат – "Көшіп келушілердің Қазақстанға келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстаннан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" ел Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 қаулысына өзгеріс енгізілетінін жариялады.

Тиісті жоба бұрынғылары сыртында, әлемдегі елдердің тағы бір үлкен тобының азаматтарына қазақ жеріне емін-еркін кіріп, бірнеше ай бойы емен-жарқын жайлауына мүмкіндік бермек.

"Егер Қазақстанда болу кезеңі ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен аспаса, Аустралия одағы, Америка Құрама Штаттары, Аустрия, Бельгия корольдігі, Болгария, Біріккен араб әмірліктері, Германия Федеративтік республикасы, Грекия, Дания корольдігі, Жаңа Зеландия, Жапония, Израиль, Ирландия, Исландия, Испания корольдігі, Италия, Канада, Кипр, Корея, Латвия, Литва, Люксембург ұлы герцогтігі, Мажарстан, Малайзия, Мальта, Мексика Құрама Штаттары, Монако князьдігі, Нидерланд корольдігі, Норвегия корольдігі, Польша, Португалия, Румыния, Сингапур, Словакия, Словения, Түркия, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия құрама корольдігі, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Чили, Швейцария конфедерациясы, Швеция корольдігі, Эстония, Бахрейн, Ватикан, Вьетнам, Индонезия, Қатар, Колумбия, Кувейт, Лихтенштейн, Оман, Сауд Арабиясы, Таиланд және Филиппин азаматтары Қазақстанға визаcыз келеді және Қазақстаннан визасыз кетеді", – делінген Үкімет қаулысы жобасында.

Қарапайым тілмен айтқанда, елімізге азаматтары визасыз, яғни еш рұқсатсыз, құзырлы құрылымдардың мақұлдауынсыз келе алатын мемлекеттер қатары біржақты түрде көбейтілгелі отыр.Олардың тізіміне Бахрейн, Ватикан, Вьетнам, Индонезия, Катар, Колумбия, Кувейт, Лихтенштейн, Оман, Сауд Арабиясы, Таиланд және Филиппин – барлығы 12 жаңа мемлекет қосылмақ.

Сарапшылар биліктің бұл қадамына таңқалуда.

"Байқасаңыз, жаңа қосылатындар ішінде Қазақстаннан дүрбі салсаң да көрінбейтін құйтақандай Лихтенштейнді айтпағанда, басқасының барлығы дамыған елдерге жатпайды. Сонда бұл не үшін керек? Қазақстандық әл-ауқаттылар, шенеуніктер дамыған елдердегі сәнге еріп, Филиппиннен күтушілер, бала бағушылар шақырады. Бұл солардың келуін жеңілдетпесе, туризмді дамыта қоюы неғайбыл. Тағы бір мәселеге назар аудармай кетуге болмайды. Биылғы жазда ғана Атырауда қазақ жұмысшылары мен Ливан, Иордания және Палестина мигранттары арасында төбелес болғаны мәлім. Ал әлгі тізімге кілең мұнайлы елдер кіріп отыр. Олардан мұнай саласының білікті мамандары визасыз режимді пайдаланып, бері қарай ағылуы ықтимал. Демек, билік алдымен еңбек мигранттарын туристерден айыра алатын дәрежеге жетіп, бұл салада етек-жеңін заңмен қымтап алғаны жөн", – деп алаңдайды қазақстандық саясаттанушы Әділ Қосыбай.

Бірақ құжатты әзірлеуші сыртқы саясат ведомствосы бұл қаулы қабылданған жағдайда қандай да бір қосымша заң қабылдауды қажет санамайды.

Сондай-ақ Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет басшысы Асқар Маминге арналған түсіндірме жазбада жобаның "теріс әлеуметтік, экономикалық немесе құқықтық салдарларға әкеп соқпайтынына" сенімділік білдіреді.

"Сыртқы істер министрлігі ұсынған бастаманы ҰҚК, Ішкі істер, Мәдениет және спорт, Ұлттық экономика, Қаржы, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму, Энергетика министрліктері, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және "Атамекен" ҰКП қолдады. Қазақстанның құзыретті органдарының ұстанымдарына сәйкес, аталған елдердің азаматтары үшін 30 күндік мерзімге дейін визасыз тәртіпті енгізу көші-қон қатерін тудырмайды және еліміздің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейді. Бұған қоса, СІМ-нің пікірінше, осы ұсынысты біржақты негізде жүзеге асыру аталған елдерге бару үшін біздің азаматтарымызды тепе-теңдік негізде визалық талаптардан босату бойынша жүргізілетін келіссөздер барысында дәйекті негіздеме болады", – дейді Бейбіт Атамқұлов.

Министрлік дерегінше, 2005–2018 жылдар аралығында осы 12 елден Қазақстанға небары 876,3 миллион доллар көлемінде ғана тікелей инвестиция тартылыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу