Қазақстанның қияры, Ресейде мықты "пиары"

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3564

Өзіміз өндіріп, өзіміз тоя жемеген өнімнің қызығын көрші елдің мейрамханалары көріп отыр.

Қазақстанның қияры, Ресейде мықты "пиары"

Қиярдың қара базардағы бағасы мезгіл сайын мың құбылуда. Астанаға Өзбекстаннан жеткізілген қиярдың құны өткен жылдың соңында бір келісі үшін 2 мың теңгеге барды. Ал қазір қиярдың келісін 1 мың теңгеге сатып алып жүрміз.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, 2016 жылдың 11 айында азық-түлік тауарларының бағасы 7,8%-ға қымбаттаған. Қымбатшылықтың көшін қияр бастаған. 2016 жылдың қыркүйегінен бері тұздалмаған қиярдың құны 35,1%-ға, тұздалған қиярдың бағасы 22,3 %-ға өскен.

Қазір бас қаладағы орталық базар, көк базар, "Астаналық базар" (бұрынғы "Артем"), "Әлем" және "Шапағат" коммуналдық базарының саудагерлері Өзбекстаннан тасымалданған ұзын қиярды 800, 900, 1000 теңгеден саудалап тұр. Сорты бір болғанмен, тұрақты бағасы жоқ. Жергілікті көкөніс те әрқайсысында әртүрлі. Ұзындығы 10 см-ге жетер-жетпес қиярдың бір келісі – кемі 250 теңге шамасында. Біз базарды арнайы аралап, бағаны өз көзімізбен көрдік. Арасында сатушыларды сөзге тарттық.

"Мендегі 1 мың теңгенің қиярлары – "шымкентский" деп шынын айтты сатушы келіншек.

Оның сөзінше, саудагерлер көбінесе қарапайым халықты алдайды.

"Тұтынушылардың "сырттікі" дегенді дәреже көріп, соны сатып алатыны белгілі. Мұндағы саудагерлердің "Ташкентский" деп тұрған қиярлары өзіміздің Сарыағаштың жылыжайынан жеткізілген. Міне қураған сабағына қараңыз! Өзбекстанда тыңайтқыш арқылы өсірілетін қиярдың сабағы жасыл әрі қатты болып тұрады. Өткен жылы соларды әлдеқандай етіп, бағасын 2050 теңгеге дейін көтергенде біз "шок" болғанбыз, – деді сатушы Айгүл Ерназарова.

Сатушының сөзі орынды секілді. Себебі Оңтүстік Қазақстан облысындағы жылыжай аумағының 70%-ы Сарыағаш ауданында орналасқан. Мұндағы 570 га алқапта 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олар өндірген өнім ел қазынасына жылына 500 млн теңге салық түсіреді.

Дәл осындай жылыжай  Астанада да бар. "Астана Эко Стандарт" деп аталатын  ЖШС жобалық қуаты 1 мың 900 тонналық 3 га алқапты қамтып жатқан жылыжайға жауапты болып отыр. Сөйте тұра осы жерден бізге мәлімет беретін бір маман табылмады. Табылмады емес-ау, мекеме басшысы Жеңіс Досмағанбетовтың атына жазған хаттың жауабын бір ай күттік. Жолдаған сауалымыз қиярдың құнына байланысты болатын, ал бізге жылыжайдың жұмысына қатысты мәлімет жазылған тілдей қағаз келді.

Соған сүйенсек  "Астана Эко Стандарт" компаниясында 60-тан астам адам жұмыс істейді. Олар 3 гектар алқаптың бір жарымына қияр, қалғанына қызанақ егеді. Жылына әрқайсысынан 900 тонна өнім алады. Әр келісі үшін 300-400 теңге көтерме бағамен сататын бұл жылыжай арзан қиярды Ресейдің мейрамханаларына жібереді екен. Ал Қазақстанға, оның ішінде Астанаға 4 тоннасын ғана қалдыратын көрінеді.

Халыққа пайдасы дұрыс тимей жатқан "Астана Эко Стандарт" компаниясына жеке кәсіпкер Болатбек Жоланов бәсекелес болып отыр. Ол 2,7 гектар жердегі 8 жылыжайға көкеніс егіп, елордалықтарға шарапатын тигізіп жүр.

"Жылыжайдан жиналған өнімдер алыпсатарлар мен делдалдарсыз базарға тікелей жеткізіледі. Қазір қызанақ пен қияр өсіретін  жылыжайлардың санын арттыруға талпынып жатырмыз. Мұндағы мақсатымыз Астана халқын жыл бойы жеміс-жидекпен, көкөніспен қамтамасыз етіп отыру", – деді кәсіпкер Болатбек Жоланов.

"Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала" дегенге салсақ, елімізде қызанақ пен қияр импортын толығымен ығыстыру үшін 9 мың гектар жерді алатын  заманауи өнеркәсіптік жылыжай қажет. Бұл туралы биыл "Жылыжай технологиялары" қауымдастығының вице-президенті Қайрат Досбанов мәлім етті. Ол Қазақстанда қызанақ пен қияр өсіруге арналған өнеркәсіптік жылыжай 128 гектар жерді ғана алып жатқанын айтты.

"Бұл – елдегі өнеркәсіптік жылыжайлардың үлес салмағы 3%-ды ғана құрайды. Ал 128 гектар өнеркәсіптік жылыжайдың 58 гектары ғана тиісті талапқа сай. Соның салдарынан қызанақ пен қиярдың 80%-ы сырттан келеді", – деді Қайрат Досбанов.

Бұл мәселе билік өкілдері назарынан да тыс қалған жоқ. Таяуда премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу мәселелері бойынша ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің есебін тыңдады. Онда ведомствоаралық жұмыс тобының күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеуге қатысты іс-шаралары мен өңірлік тұрақтандыру қорларының жұмысы және сауда орындарын отандық азық-түлікпен жеткілікті түрде қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарға бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауды және монополияға қарсы заңдылықтың орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу