Беларусьтер елі көршілерін қайран қалдыруын жалғастыруда. Бұл республика небәрі 6 облыстан ғана тұрады, ал территориясы (207,6 мың шаршы шақырым) біздің Қарағанды облысынан да (239 мың км²) аз. Соған қарамастан, ол бүкіл Еуразиялық одақ елдерін және бірқатар көршілерін егін және мал шаруашылығы өнімдерімен, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің тауарларымен молынан қамтып отыр. Соның арқасында ешбір санкцияға жүні жығылып, жүнжіген жоқ.
Егер диктатура орнына демократия орнаса, дарынды, креативті Беларусь халқы Еуропадағы дамыған елдердің қатарынан тез-ақ орын алуы мүмкін.
Минск ұзақ жылдардан бері Мәскеумен келісімі аясында ресейлік мұнайды қосылған құн салығынсыз, арзанға алып, өңдеп, мың сан өнім жасап, одан да табыс тауып келеді. Бұл ретте Лукашенко билігі Кремльдің қысымымен, елдегі ең ірі Мозырский мұнай өңдеу зауытының жартысын Ресей еншісіне беріп қойды. Ал Нафтан МӨЗ-ін толық өз иелігінде ұстап отыр.
Дегенмен алда республика ресурс жөнінен біршама тәуелсіздік алуы мүмкін. "Беларусьнефть" ұлттық компаниясы тарихи сынақты еңсеріп, КСРО заманында да бағынбаған Майско-Макеевско-Днепровская алаңын игеруге кіріскенін жариялады.
Бұл жөнінде журналистерге "Беларусьнефть" бас директорының геология жөніндегі орынбасары Петр Повжик мәлімдеді. Ол компания мамандарының орасан зор ауқымдағы жұмыстарды орындай алғанына екпін түсірді.
"Бұл жобаның ерекшелігі сол, кен алаңының ауданы өте үлкен: 1,2 мың шаршы шақырымнан асады. Біз осынша салмақты шараны алғаш рет атқарып отырмыз. Бұған дейін 500-600 шаршы шақырымда ғана барлау жүргізілетін", – деп нақтылады компания басшылығы.
Ұзақ жылдар бойы ондағы кен орындарын игеру "перспективасы шамалы бағыт" деп есептеліп келді. Өйткені географиялық жағдайларының ерекшеліктеріне қарай оларды игеру мүмкін емес деп саналған. Әрі магистраль, темір жолдары, мұнай құбырлары және басқа да көлік инфрақұрылымынан шалғайда жатыр.
Әйтсе де, қанқұйлы соғысымен бірге құрдымға құлап бара жатқан Ресейге толық тәуелділіктен кету мақсаты Минскіні бұл кен орындарын игеруге итермелегенге ұқсайды. Ел басшылығы қойған міндетті беларусьтік геологтар мен мұнайшылар лайықты атқара алғаны байқалады.
"Қазіргі дамуымыздың кезеңінде, сонымен қатар мамандарымыздың біліктілігінің артуы, төл технологиялармен жарақтандырылуы арқасында біз алдымызда тұрған бұл сын-тегеурінді толығымен еңсере алдық. Игеру жұмыстарын жоспарлау үшін инновациялық бағдарламалық қамтылым қолданылды. Бүгінде біз геологиялық барлау жұмыстары, соның ішінде сейсмикалық жұмыстардың бүкіл циклы цифрландырылғанын айта аламыз", – деді Петр Повжик.
Салыстырсақ, Қазақстан отыз жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге шетелдік инвесторлардың технологияларына тәуелді. Олар жаппай кетіп қалса, оның орнын басатын төл технологиялық әзірлемелер жоқтың қасы. Мысалы, сарапшылар Қазақстанда, Каспий қайраңындағы 20-25 шақырым тереңдікте мұнайдың орасан зор көлемі жатқаны туралы ғасыр басынан бері айтып келеді. Оны барлау үшін бұрынғы билік "Еуразия" мегажобасына бастамашы болған. Бірақ онысы әңгімеден әрі аспады. Шетелдік инвесторларға қолданыстағы кен орындары да жетеді, ал оларға қарайламайын десе, сонша тереңдікті барлайтын және сейсмикалық зерттейтін Қазақстанның төл технологиялары мен әзірлемелері жоқ.
Демек, біздің одақтастан жиренеріміз сыртында, үйренеріміз де жетерлік.
Әділін айта кету керек, Беларусь та дәл қазір қара алтынға қарық болып, мұнай валютасына шалқығалы тұрған жоқ. Игеру жұмыстары 2025 жылдың мамырында аяқталады деп жоспарланған. Дегенмен осының өзі, егер Ресейге жұтылып кетпей, тәуелсіздігін сақтаса, демократиялық даму жолына түссе, әлеммен, Еуропамен интеграцияланса, бұл елдің болашағы жарқын, экономикасы қуатты, халқы ауқатты болатынына сенім құяды.
Сондай-ақ "Беларусьнефть" бас директорының орынбасары тағы бір мұнайлы алаңды игеру басталатынын жария етті.
"Биылғы жылы Табиғи ресурстар және қоршаған орта министрлігінің қолдауымен, біз тұңғыш рет №5 Валавский кен орнында алғашқы іздеу ұңғымаларын салуға кірісеміз. Ол Лельчицкий ауданының аумағындағы Оңтүстік құрылымдық-тектониканың аймағында орналасқан", – деді Петр Повжик.
Жалпы "Беларусьнефть" 2023 жыл қорытындысында өзінің алпыс жылға жуық тарихындағы рекордқа қол жеткізбек. Иелігіндегі өндіруге болатын мұнай қорының көлемі шамамен 9 миллион тоннаға жететін көрінеді. Бұл әрине, көп емес.
Салыстырсақ, таяуда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтқандай, Қазақстанда бір ғана Қашаған кен орны жылына 75 миллион тонна қара алтын бере алады.
Бірақ Беларусьтегі жаңа кен орындарының қоры қолданыстағыларынан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Оның үстіне Беларусьтер қара алтынды қазақтар сияқты шикі күйде, шикізат түрінде шетелге сатпайды. Оны терең өңдеп, түрлі өнім алады. Яғни, қосылған құны жоғары, әр тоннасынан түсірер табысы бірнеше есе көп.
"Біздің мамандар тереңге, алға ілгерілеп, Полесье қойнауының тарихқа дейінгі, байырғы замандарда қалыптасқан, бұрын-соңды адам қолы жетпеген түкпір-түңғиықтарына үңілген сайын, қайран қалдырарлық, ғаламат жаңалықтар аша түсетін болады. Бұл стратегия өзін толығымен ақтады және орындылығын көрсетті", – деген П.Повжик тереңдіктерде алапат қысыммен жатқан кенді игеруге жергілікті мамандардың біліктілігі жететінін білдірді.
Бұл ретте "Беларусьнефттің" солтүстік еншілес компаниясы да мұнай мен газдың жаңа қорларын ашқанын мәлімдеді. Бұл туралы ақпарат құралдарына "Беларусьнефть" Батыс Сібірдегі еншілес компаниясы саналатын "Янгпур" мұнай компаниясының бақылаушы кеңесінің төрағасы Андрей Бохан хабарлады.
Кәсіпорын Метель мұнай және газ конденсатты кен орнын шамамен 6 жылдан бері игеруде. Оның барланған шикізатын түгесуге де таяпты. Алайда өндірумен бірге зерттеу жұмыстарын да жалғастырған. Тек жалғастырып қоймай, барлау қарқынын арттырған. Соның арқасында нәтижеге жетті: қара алтын мен көгілдір отын тұнған жаңа қатпарларды аша алды.
Мысалы, "Янгпур" директоры Александр Поляковтың мәліметінше, Метель кен орнының №829s2 ұңғымасынан тәулігіне 260 мың текше метр табиғи газ бен 3 текше метр конденсат ағынына қол жеткізілген.
"Алдын ала бағалау бойынша, жаңа ашылған қатпарда табиғи газдың алуға болатын қоры 700 миллион текше метрге дейін жетеді. Яғни бүкін кен орнының газ қоры 15%-ға артып отыр", – деді Александр Поляков.
Мұнымен шектелмеген компания Батыс Сібірдегі жасырын жатқан кен орындарын табу бағытында кең ауқымды зерттеу жұмыстарын қолға алған екен. Ол да нәтиже әкелуде. Бұрғы салынған Известинский телімінде көмірсутектің жаңа кен шоғыры анықталды. Ол да "мұнайлы, газды Беларусьтің" шикізаттық базасын ұлғайта түседі.
"Геофизиктеріміздің аспаптары анағұрлым ежелгі құрылымдарға дейін жете алды. Рождественский құрылымындағы №201 іздеу ұңғымасы онда алуға болатын 485 милллион текше метр табиғи газ, 198 мың тонна мұнай жатқанын көрсетті. Геофизикалық зерттеулер қорытындысы Беларусь жерінің астындағы төменгі Мел және Юра дәуірлерінің қатпарлары көмірсутекпен қаныққан жыныстарға толы екенін паш етті. Палеозой кешеніндегі терең жатқан қатпарлар да перспективті деп танылды. Олардың бәрінде мұнай бойынша да, газ бойынша да жаңа, үлкен кен шоғырларын ашу және ресурстық базаны еселеп арттыру перспективалары жақсы деген байлам жасалды", – деді "Янгпур" директоры Александр Поляков.
Тұтастай алғанда, "Беларусьнефть" геологиялық барлау жұмыстарының табыстылығы 81%-ды құраған. Бұл аймақтағы жақсы көрсеткіш саналады. Беларусьтер бүгінде Речицкий, Хойникский, Светлогорск, Калинкович, Жлобинск, Брагин аудандарында да мұнай мен газ іздеуде. Соның арқасында соңғы 4 жылда 9 жаңа мұнай кен орны мен тұңғиықтардағы 32 үлкен кен шоғырларын аша алған.
Аста-төк мұнайы жоқ беларустар әрбір тамшы өнімін өңдеп, орнымен, ұтымды жұмсауға, ал әрбір кен орнын адам қиялы жетпес ежелгі дәуірлердегі қатпарларға дейін мұқият игеруге күш салуда. Сол себепті ол Қазақстанның алдын орап бара жатқан сияқты.
Әйтпесе, Қазақстанда инвесторлар кен орындарының бергі, алынатын шикізат қорларын ғана өндіріп, ол таусылған соң тастап кетеді. Ондай ұңғымаларды су басып, қалған кені өндіруге жарамай жатады. Салдарынан, мамандар мысалы, Қызылорда облысында барланған мұнай бітуге таяғанын айтып, дабыл қағуда. Егер терең қатпарларға түрен салынбаса, өңірдің экономикасы кері кетуі ықтимал. Өзге мұнайлы өңірлердің де ахуалы сын көтермейді.