Қазақстанның одақтасы жаңа соғысқа тартылуы мүмкін

10811

Әзербайжан басылымдары жаңа, Үшінші Қарабақ соғысының алғышарттары түзіліп жатқанын жазып, дабыл қағуда. 

Қазақстанның одақтасы жаңа соғысқа тартылуы мүмкін Фото: РБК

Әскери салаға маманданған әзербайжандық Caliber басылымының байламынша, "Үшінші Карабах соғысы жақындап келеді және өңір қайтадан үлкен соғыс өрті қарсаңында тұр".

Әзербайжандық тарап бұған Армениядағы "реваншистік көңіл-күйлердің" өршігенін айыптайды. Ол күштерді әзірге Армения Премьер-министрі Никол Пашинян тежеп тұр. Бірақ қанша уақыт тізгіндеп ұстай алатыны белгісіз. Оппозициялық күштер түрлі қарсылық шараларын өткізіп, Армения халқын ел лидеріне қарсы қойып, оны орнынан тайдыру үшін шабуылды үдетті.

Армения Еуразиялық одақ және ҰҚШҰ бойынша Қазақстанның одақтасы екені белгілі.

Әзербайжанның жанайқайына бүгінде Еуропаның Украина майданында басымдығын көрсете алған заманауи, қаһарлы қаруларымен Арменияны қарқынды қаруландыра бастауы да себепкер болды. Бұған дейін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында Арменияға тек Ресейдің технологиялық тұрғыдан дамыған елдерден көп артта қалған, ескі-құсқы қаруларын місе тұтуға тура келген.

"Сыртқы одақтастарының қолдайтынына шын сенген Арменияға қанат бітті және бүгінде ол әскери әлеуетін белсенді өрістетуде. 2020 жылғы Әзербайжанмен соғыста және кейінгі шекаралық қақтығыстарда ойсырай жеңілгеніне және алапат шығын шеккеніне қарамастан, армян басшылығының реваншистік жоспарларынан бәрібір бас тартпағаны аңғарылады. Керісінше, ол енді кең ауқымды қайта жарақтануға ден қойды. Мұндай ағат қимылдар "Тастар елі" үшін қайғылы салдарларға соқтыруы мүмкін", – дейді Caliber сарапшысы Самир Велиев.

Айта кететін жайт, таяуда Францияның қарулы күштер министрі Себастьян Лекорню Париж Арменияға CAESAR өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларды жеткізу бойынша Ереванмен контракт бекіткенін жариялады.

"Біз Армениямен қорғаныстық қатынастарымызды нығайтудамыз. Армениялық әріптесім Сурен Папикянмен жылы және өнімді кездесу өткіздік. Қорытындысында ынтымақтастығымыз жаңа, маңызды белеске көтерілді: CAESAR зілді зеңбіректерін сату бойынша келісімге қол қойдық", – деді француз министрі.

Ашық дереккөздерде хабарланғандай, Армения кем дегенде 36 CAESAR сатып алмақ. Контрактінің болжамды сомасы шамамен 180 миллион еуроны құрайды.

Алайда Ереван тек француздық "Цезарь" артиллериясын иеленумен шектелмейді. 2023 жылғы маусымда Еуропадағы қауіпсіздік және болжамдау институтының директоры (IPSE) Эммануэль Дюпюи мәлімдегендей, Франция Арменияға алдыңғы қатарлы VAB MK3 бронетранспортерларының 50 бірлігін жеткізеді.

Оның мәліметінше, сондай-ақ Арменияға BASTION, SHERPA бронеавтомобильдерін беру мүмкіндігі де талқыланған.

Сол кезде бұл мәлімдемеге сарапшылар назар аудармап еді. Дегенмен, былтырғы жылдың желтоқсанында Арменияға шабуылдауға арналған француздық BASTION бронеавтомобильдерінің алғашқы партиясы – 24 бірлігі жеткізілгені ресми жария етілді.

Жанқиярлықпен жаумен жағаласып, сұрапыл соғыс жүргізіп жатқан Украинаны жарылқамай отырған Францияның күтпеген жерден Мәскеудің одақтасын жедел қаруландыруға кіріскені халықаралық сарапшыларды аң-таң етті.

Жеткізілетін қару ассортименті мұнымен бітпейді. 2023 жылдың қазан айының соңында Арменияның қорғаныс министрі Сурен Папикян мен Франция қарулы күштер министрі Себастьян Лекорню Парижде жабық жүздесу өткізді. Ақпарат құралдарына тек өзара әскери ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктері пысықталғаны хабарланды.

Бұған қоса, тараптар Ереванға THALES компаниясы өндірген GM200 брендті 3 заманауи радарды сатуға келіскен. Сарапшылардың пікірінше, бұл радарлар мысалы, әзербайжандық әскери ұшақтарды, тікұшақтарды қағып түсіруге септесе алады.

Бұдан бөлек, Франция мен Армения француздың MISTRAL зениттік-зымыран кешенін жеткізу туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойған.

Баку көршісінің белсенді милитаризациялануына тіксіне қарауда. Өйткені Ереван түрлі қару-жарақ жеткізу жөнінде Үндістанмен де көпмиллиондық контракт бекіткен.

Нақтылағанда, таяуда Ереван Нью-Делимен шамамен 245 миллион доллар сомаға мәміле жасасты. Оның аясында Армения PINAKA дүркін атыс реактивті жүйесін, танкке қарсы зымыран кешендерін, оқ-дәрілерді, снарядтарды сатып алады.

Армения тарапы мұны қорғанысын күшейту мақсатында иеленіп жатқанын түсіндірді. Өйткені Мәскеуден, ҰҚШҰ-дан көмек болмаған соң, Ереванға өзін өзі қорғауға тура келеді. Бірақ Әзербайжан бұған сенбейді.

"Мұндай сатып алулар мен жеткізілімдер Арменияның қарулы күштерінің ұрыс салу мүмкіндіктерін күшейтуге бағытталған және өңірдегі күштердің тепе-теңдігін өзгертудің талабы болып табылады. Қолда бар деректер бойынша, 2023 жылғы тамызда Армения үнділік ATAGS сүйретілетін артиллериялық жүйелердің бірінші партиясына қол жеткізіп үлгерді. Екі ел арасындағы келісім 155,5 миллион долларға осы гаубицалардың тағы 84 бірлігін жеткізуді қарастырады. Сондай-ақ Армения үнділік AKASH әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін сатып алуға қызығушылық танытуда. Олардың құны 720 миллион долларға дейін жетеді. Бұдан өзге, Армения Үндістанның TAPAS-BH-201 (Rustom-II) соққылаушы беспилотниктерін және антидрон жүйелерін сатып алуды жоспарлады", – дейді Самир Велиев.

Халықаралық сарапшылары: "Мұның бәрі нені білдіреді?" деген сауалға бас қатыруда. "Бұл фактілердің бәрі Арменияның кезекті соғысқа қызу дайындалып жатқанын куәландыруы мүмкін", – деген тоқтамға келді Caliber басылымы.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Ереванды қате қадамға бармауға шақырды.

"Біз өз күшімізбен де, серіктестеріміздің көмегімен де Армениядағы әскери құрылыстың барлық талпыныстарын өте мұқият қадағалап отырмыз. Сондықтан мен ашық және нақты айтамын: егер біздің қауіпсіздікке төнетін шамалы да болса қауіп-қатерді байқасақ, ондай қауіп дереу жойылады. Ол Армения территориясының қандай түкпірінде орналасса да, қайда болса да, біз оны жоямыз! Мұны барлығы, соның ішінде Армения басшылығы білуге және түсінуге тиіс", – деді Әзербайжан көшбасшысы.

Ресейлік саяси сарапшы Евгений Михайловтың айтуынша, өз Қарулы күштері үшін қай елдің қару-жарағын қанша көлемде сатып аламын десе де, бұл сол елдің өз еркінде.

"Армения ҰҚШҰ мүшесі. Бірақ ҰҚШҰ оған НАТО мүшелерінің және басқасының қаруларын сатып алуға тыйым салмайды. Ереван тек бір нәрсені анық ұғынып алғаны жөн: бұл қарулану Арменияның қорғанысын күшейтуге ғана бағытталуы шарт. Егер армиясын жарақтандырған соң, Таулы Карабахты қайтарып алу үшін Әзербайжанға шабуылдаса, онда Армения ақыры егемендігінен айрылып қалуы мүмкін. Карабахтағы шиеленіс армениялық жауынгерлердің әскери даярлығы төмен екенін паш етті. Әзербайжан әскері жауын тықсырған бойы Арменияның әлем мойындаған территориясына дейін еніп кетті. Егер шеберлікпен пайдалана алмаса, қару неше жерден озық болса да, қу темірге айналуы мүмкін", – деді ресейлік эксперт.

Сарапшылардың пікірінше, егемендігін, мемлекеттілігін нығайтқысы келсе, Арменияның бұдан былай және барлық заманда тек бейбітшілік пен тату көршілік қағидаттарын берік ұстанғаны маңызды.

Қалай болғанда, Президент И.Әлиев Әзербайжанның өз егемендігін және жерін батыл, тайсалмай қорғауға ниетті екенін мәлімдеді. Тиісінше, Әзербайжан да қарап қалмайды, әлемдік алдыңғы қатарлы қарулармен ары қарай жарақтануға күш салады. Әзербайжанның өзі де отандық қару өндірісін дамытуда.

Баку бірнеше рет көршісіне үндеумен жүгініп, Арменияның Конституциясына өзгерістер енгізу және көршілерге деген кез келген территориялық претензияларды жою қажеттілігіне назар аудартты. Ресми Ереван бұдан бас тартты. Түркия мен Әзербайжан бұдан "Ереванның өңірде қалыптасқан тұрақтылықты шайқалту ниетін" байқады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу