Қазақтар неге кешігіп жүреді? Қазақстандық кәсіпкерлер неге бос қалған ауылға барғысы келеді?

3463

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz –тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

Қазақтар неге кешігіп жүреді? Қазақстандық кәсіпкерлер неге бос қалған ауылға барғысы келеді?

camonitor.kz : Қазақстан экономикасының өзекті мәселелерінің бірі басқарудың тиімсіздігі, деп жазады басылым. Мақала авторының пікірінше бұл жайында айтып та, жазып та жатыр, алайда жағдай айтарлықтай өзгеріп жатқан жоқ.

Басылымның хабарлауынша, экономист Рахымбек Әбдірахманов бұл мәселені қалай  шешу керектігін біледі. Оның пікірінше, Батыс елдердің басқару жүйесі Шығыс елдерге сай келмейді. Сол себептен батыстың іскерлік мәдениетін шығыс тәжірибесіне енгізгенімізбен, бұл  біздің саясаткерлер армандағандай нәтиже бермейді.

"Мысал ретінде  бюджеттік саланы аламыз. Білім, медицина, мәдениет саласында белгілі бір нәтижеге жету үшін батысша ойлайтын шенеуніктерге миллиард немесе триллион теңге көлеміндегі бюджет керек. Олардың айтуынша, бұл түрлі бағдарламаларға, қажетті құрал-жабдық алуға, шетелдік мамандарды шақыруға қажет. Одан кейін сыбайлас жемқорлық схемалары іске қосылады, мемлекеттік қаржыны игере алмау мәселесі туындайды. Ал шын мәнінде, мемлекет бөлген қаражатты тиімсіз пайдалану мәселесі шығады.  Бұл мәселені қалай шешуге болады? Жауаптыларды қамауға алу керек пе? Қайта-қайта қысым көрсету қажет пе?", – деп жазылған мақалада.

Мәселенің шешу жолдарын мамандар мәдениетпен байланыстырады. Әңгіме "Кайдзен" деп аталатын кәсіби іскерлік этиканы өндірістік-басқарудың дағдысына айналдыруға қатысты болып отыр. Мұндай этиканы көптеген шетелдік институттар мен корпорациялар әлдеқашан енгізіп қойған. "Кайдзен" тарихы самурайлар кезінен бастау алған. Бұл – жапон менеджментінің "киелі кітабы".

Бұл этиканы енгізуді ұсынған экономистің хабарлауынша, мұндай этиканы жекеменшік компаниялар ғана сәтті іске асырып отырған жоқ, оны мемлекеттік мекемелерде пайдаланып, жақсы жетістіктерге қол жеткізген.  Бұл әдісті сәтті жүзеге асырып отырғандардың бірі – қазақстандық   Марғұлан Сейсенбаев. 

Liter.kz: "Дүниежүзілік банк 2020 жылы Қазақстан экономикасы баяулайды деп болжап отыр" деп жазады газет. Қазақстанның  ішкі жалпы өнімінің нақты көрсеткішісі 2019 жылы 4%-ға жетсе, 2020 жылы сәл төмендеп 3,7% болды. Қазақстан көрсеткіштері Дүниежүзілік банктің экономикалық баяндамасында көрсетілген деп жазады басылым. Бұдан бұрын Қазақстанның 2019 жылдың қаңтар-қараша айларындағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 4,4%-ға жеткені хабарланған еді. Сол кезде оң динамика құрылыс, сауда, көлік саласында және өндіріс саласында бар деп айтылған болатын.

"Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан билігі ІЖӨ алдағы жылдары 4%-ға өседі деп болжап отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл Тәуелсіздік жылдары болған құлдыраулар мен шарықтау кезеңдерінен кейінгі тұрақты көрсеткіш болып саналады. Өткен жылы экономиканың  өсуі 4,1%-ды құраған",– деп жазады басылым.

forbes.kz: "Бос ауылдар инвесторларды немен қызықтырып отыр?" деп сұрайды басылым. Инвестициялық жобаларын ауыл шаруашылығынан бастауды көздеген компаниялар бос жатқан ауылдарға барады. Себебі осы арқылы олар әлеуметтік жүктен босайды, сонымен қатар біздің "жерді" алып қойдыңдар  дейтін халық жоқ. Басылымның хабарлауынша, мидай далада ферма салған бизнесмендер өздеріне керек мамандарды сырттан алғызады, демек ауылда бар мамандарды алуға мәжбүр болмайды. Әрине, мұндай жағдай барлық кәсіпкерлерге ұнай бермейді. Мәселен, Павел Лущак есімді бизнесменнің пікірінше, халықтың жаппай елден, ауылдан кетуі ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отыр.

"Менің білуімше, жыл сайын мемлекеттен 35-40 мың адам кетеді. Оның 20-30 %-ы ауыл тұрғындары. Демек бір жылда біз бірнеше ауылдан айырылып жатырмыз. Әрине, бізге келушілерде бар, бірақ Ресей мен Беларусь елдерімен салыстырғанда бізден кетушілер көп. Алайда жұмыс істейтін адам жоқ деп тағы айта алмаймыз. Жағдай осылай жалғаса берсе, ауылда жұмыс істейтін адам қалмайды", – дейді Павел Лущак.

platon.asia: "Біздің қоғам артта қалды" деп жазады басылым. Бұл мақалада автор қазақтардың кездесуге кешігіп жүретінін сөз еткен. Сарапшылардың пікірінше, қазақтар үшін кешігіп жүру әдеті көшпенді дәстүрдің бір бөлігі болып кеткен. Бұл жайында түрлі күлкілі әңгіме де көп.

Бұл әдеттен қазіргі заман қазақтары да арылмай отыр. Себебі ауылда өтетін тойдың өзіне кешігіп, малды жайғап болған соң ғана барады. Демек көшпенді қазақ мәдениетінде уақыт аморфты түсінік. Басылым қазақтардың уақытқа деген түсінігін философ Айман Қодардың сөзімен сипаттайды.

"Философтың пікірінше, қазақтар үшін уақыт құндылық болып саналмайды. Ал бақылаушылардың ойынша, қазақ қоғамында адамдар кешігу арқылы өз маңыздылығын көрсетуге тырысады. Себебі әдетте күтушілер бір саты төмен тұрады. Кейде бұл мәдени нормаға жатады, себебі белгілі бір шараны бастау үшін маңызды қонақтардың келгенін күтеді. Ал халықты  күттіріп қойған адам өз маңыздылығын біле тұра әдейі кешігеді", – деп жазылған аталмыш мақалада.

Мақала авторы Қазақстанда күні бүгінге дейін сараланған экономика әлсіз дамыған, демек елдің шұғылданатын ісі аз, өздігінен даму қарастырылмаған деп жазады. Сол себептен қазақтардың бос уақыты көп, олар ата-бабалары секілді асықпайды. Айтарлықтай жұмыс жоқ, күні-түні ғылыммен шұғылданбайды, қосымша мамандық алмайды. Сол себептен кешігуді ұят санамайды деп қорытындылаған.

"Демек, өркениетті елдерде дөрекілік болып саналатын әдет біздің қоғамда әдетке айналып кеткен. Яғни, мұндай мәдениетіміз ұқыпсыздыққа жатады. Алайда біз заман өзгергенін ұғынуымыз керек, қазіргі заман талабы уақытты бағалай білуге үйретеді. Кейбір өркениетті елдерде әрдайым уақыт мәдениеттің киелі бөлігі саналады. Мәселен, Жапонияда кездесуге 10 минут ерте келсеңіз де, сіз кешігіп келген болып саналасыз", – деп жазады мақала авторы.

zakon.kz: "Димаш Құдайберген әлемдегі ең мықты әнші ретінде мойындалды" деп хабарлайды интернет-басылым. Дауыс беру қорытындысы бойынша қазақстандық әнші 3-орынға ие болған.

Дауыс беру қорытындысы бойынша қазақстандық әнші ресейлік опера әншісі Сергей Дудинский мен француз әншісі Лара Фабианға жол беріп, өз номинациясында ІІІ орынға ие болды.

Adagio World Award жеңімпазы 100 мың еуро көлемінде сыйлық алады немесе Еуропа мен АҚШ-тағы ән жазатын компаниямен және продюсерлік орталықпен ынтымақтастық туралы келісімшартқа ие болады. Марапаттау рәсімі Парижде өтеді. Қазіргі кезде бұл рәсім жеңімпазбен талқыланып жатыр.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу