Ашаршылықтың зардабы. Шаруалар Президенттен көмек сұрады. ШҚО-да үйректер қырылды...

1700

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы.  

Ашаршылықтың зардабы. Шаруалар Президенттен көмек сұрады. ШҚО-да үйректер қырылды...

camonitor.kz: 1930 жылдың басында орын алған ашаршылық салдарынан зардап шеккен азаматтардың нақты саны қанша? Неге бұл мәселені зерттеуші ғалымдардың дерегі әртүрлі? Бұл сұраққа жауап іздеген мақаланы аталмыш басылым жариялап отыр.

Басылымның хабарлауынша, жыл сайын мамырдың 31 күні күллі бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар қазақ халқының тарихында орын алған қайғылы оқиғаны еске алады. Бұл орынды дүние, бірақ бұл мәселені зертеушілер ашаршылықтан зардап шеккендердің санын әртүрлі көрсетеді. Зерттеушілердің бірі 2,3,4 миллион адам десе, енді бірқатары қазақтардың 50, 60, тіпті 80 пайызы жойылған дегенді айтады.

Бұл мәселеге назар аударған мақала авторы Әлихан Бөкейхановтың мәліметтері мен осы мәліметтерге сүйенген Сұлтан Хан Аққұлының және жазушы Смағұл Елубайдың келтірген деректерін ресми құжаттардағы көрсеткіштермен салыстырған.

"1930 жылдан бастау алған алапат ашаршылықтың себебі мен құрбаны өте көп. Алайда оны зерттеу керек. Қазақ халқының өзекті мәселесін өз пайдасы үшін көтермей, шындап, жауапкершілікті сезіне отырып, зерттеу керек",– деп жазылған мақалада.

liter.kz: "Ақмола облысының шаруалары президент Тоқаевтан көмек сұрады", деп жазады басылым. Олар мемлекет президентіне арнап ашық хат жолдаған. Бұл құжатқа Камышенка ауылының 139 тұрғыны қол қойған.

Ақмола облысындағы Камышенка ауылының шаруалары 2016 жылдан бері өз мәселелерін шеше алмай, бар үмітін мемлекет президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа артып отыр. Басылымның хабарлауынша, шаруалар 8,5 мың гектар жерді игеріп отыр. Олардың өздеріне тиесілі жерлерін оларды басқарып отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрамынан шығара алмай отыр екен. Осы мақсатта олар арнайы арыз жазған, соңынан сотқа барған, арнайы жиналыс өткізген, бірақ мәселелерін шеше алмаған, енді президентке үндеу жолдап отыр. Шаруалардың айтуынша, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылары оларға күн көрсетпейтін көрінеді.

"Үш жылдан бері Ілдебаев пен Съезбеков бізге күн көрсетпей отыр. Осының салдарынан біз жұмыс істеуден қалдық. Үш жылдан бері біз сотқа шағымданумен болдық", – деп жазылған президентке жолданған хатта.

Өз кезегінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысы Дүйсембай Ілдебаев: "маусымның 9 күні соттың отырысы болады. Мен сот болмай не айтамын, президентке кез келген адам хат жолдауға құқығы бар", – деп өз пікірін айтқан.  

fergana.news: "Жүздеген жабайы үйрек қырылғаннан кейін Қазақстанның шығысындағы көл жабылды", деп хабарлайды басылым. Шығыс Қазақстан облысындағы Большое көлінде жүздеген үйректің өлген денесі табылған. Осының салдарынан жергілікті билік өкілдері көлді жауып, демалушылар жібермей қойған. Судың құрымы мен өлген үйрек денелері Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханаға жіберілген.

Ветеринария қызметі мен санэпидқызмет мамандары көл жағалауының 11 шақырымын зерттеп, 150 үйректің өлі денесін тапқан. Зерттеу нәтижелері келесі аптаның басында белгілі болады деп күтіліп отыр. Бұл жерге көптен бері жергілікті фермалар мен құс фабрикалары өз қалдықтарын тастаған екен. 2018 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесінде су құрамында мышьяк, қорғасын, калий және бериллий бары анықталған. Болжам бойынша, судың түбінде осы заттар тонналап жиналып қалған. Жергілікті халық көл жақтан сасық иісті жел соғатынын айтып, наразылық білдірген.

"Үйректің жаппай қырылуы салдарынан Большое көлінің экологиялық мәселесі қайта көтеріліп, өзекті болып отыр. Орнитологтар көл өзінен өзі тазармайтынын айтып, сол себептен оны тазартатын арнайы жоба керектігін жеткізіп отыр. Бұл жобаның құны екі миллиард теңге немесе 4,8 миллион АҚШ долларын құрайды", – деп хабарлайды басылым.

caravan.kz: "Неге мердігерлерге жаман, асфальты жоқ жолды жөндегеннен жақсы асфальты бар жолды жөндеген тиімді?", деп сұрайды басылым. Мұндай сұрақ Тараз қаласының тұрғындарын толғандырған, себебі құрылысшылар жылда жөндеуді қажет етпейтін жолдарды қайта жөндеп әлек. Ал асфальты жоқ болып кеткен жолдарға жылдап бармайды. Оның себебі тәжірибелі құрылысшы түсіндіріп берген. 

Тапсырма берушілер мен мердігерлерге жөндеуді талап етпейтін жолдарды жөндеген тиімді. Өйткені осы арқылы қаржы үнемдеп қалуға болады, әрі жылдам ақша табуға ыңғайлы.

Басылымның хабарлауынша, Тараз тұрғындары қаланың орталық көшелеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын қолдамаған. Себебі қалада бұл жерлерден өзге жөндеуді қажет ететін жолдар көп, алайда құрылысшылар дәл жақсы жолдарды жөндеуге кіріскен. Қала тұрғыны Қуаныш Бердіқұлов жерлестері көтерген мәселе орынды деп санайды.

"Бірнеше жыл бұрын қала орталығындағы көшелерден жаңа салынған асфальтті алып тастағаны есімде. Бұл көшелердің сапасы өте жақсы болатын. Негізі тапсырма берушілер мен мердігерлерге жаңа асфальтты дайын, негізделген жолға салған тиімді. Ал ескі жолға салудың машақаты көп, оған уақыт, ақша көп кетеді. Мен асфальт мүлде болмаған жерлерді айтып та жатқан жоқпын. Себебі асфальт мүлде төселмеген жерлерді тегістеу керек, оның тегістелгенін күту керек, бұл 1-1,5 жыл уақытқа созылуы мүмкін. Яғни бұл жасаған жұмысына берілетін ақшаны олар ұзақ күтеді", – дейді тәжірибелі құрылысшы.

Маманның айтуынша, жол салу ережелерін сақтамай, бірден асфальт төсеп жіберсе, жол тез бұзылады. Мердігер бұл қателіктерді түзетуі қажет. Сол себептен мердігерлер ақшасын жылдам алу үшін жөндеу жұмыстарын жылдамдатады.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу