Қазақтың қызыл сиыры қысыр қалыпты

3415

Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерімен ЕАЭО елдері, Иран мен Қытай нарықтарын қанағаттандыра алар еді, дейді БҰҰ-ы өкілі.

Қазақтың қызыл сиыры қысыр қалыпты

26 қазанда Астанада Еуропалық қайта құру және даму банкі мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының инвестициялық орталығының ұйымдастыруымен өткен II Қазақстандық сүт өндірісі конгресінде фермерлер мен сарапшылар Қазақстанда сүт және сүт өнімдерін өндірудің экономикалық тиімділігін талқылады.

 "Агроөнеркәсіп кешені экономикамыздың басым саласының бірі. Соның ішінде сүт және сүт өнімдері өндірісі ауыл шаруашылығының басты секторларынан саналады. Бүгінде біздің фермерлер жылына 5 млн тоннадан астам сүт шығарады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары бұл саланың саны мен сапасы қарама-қатар дамуда. Өндіріс қуатын арттыру мен өнімнің сапасын көтеру үшін ірі көлемде селекциялық жұмыстар қолға алынды", - деді ауыл шаруашылық вице-министрі Серік Егізбаев.  

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елдегі сүт пен сүт өнімдерін шығару деңгейі соңғы 20 жылда тұрақты өсіп келеді. Соның ішінде Алматы, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының осы саладағы әлеуетінің жоғары екенін айта кету керек. Бұл өңірлер республика бойынша өндірілетін барлық сүттің ¾-ін шығарады. 1997-1998 жылдары елдегі сүт өндірісі 3 млн тонна болса, 2009-2014 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 217%-ға жеткен екен. 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында да Қазақстанның шаруалары жылына 5 млн тонна сүт шығарғанын ескерсек, Қазақстан қазіргі таңда бұрынғы әлеуетіне енді ғана жете бастағаны байқалады.

Жалпы, сарапшылар Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін жоғары бағалайды. Дегенмен, сол мүмкіндікті пайдалану әзірге мүмкін емес секілді. Мәселен, әлем бойынша Қазақстанның жайылымдық жер көлемі бойынша 5-ші орында болса, ішкі сұраныстың салыстырмалы түрде ауқымды еместігін ескерсек, қазақ шаруасы соңғы жиырма жылда ішкі нарықты түгел игеріп болып, өз өнімін енді экспортқа шығаруға тиіс еді. Алайда, тәуелсіздігінің 25-жылында Қазақстанның әлі де болса Ресей мен Белорусьтің сүтін ішіп отырғаны – ащы да болса шындық.

БҰҰ-ы Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының инвестициялық орталығының маманы Инна Пунданың айтуынша, Қазақстандағы сүт шаруашылығының дамуына тұсау болатын бірқатар фактор бар.

"Біріншіден, өңдеуші зауыттар мен шаруалардың арасындағы байланыстың алшақтығы. Зауыттар өздерінің шикізаттық базасына қол жеткізе алмай отыр. Сүт саласы технологтарының тұжырымдамасына сүйенсек, табиғи сүтті 100 шақырымнан артық тасымалдаған жағдайда, өнім өзінің табиғи құнарлылығын жоғалтады. Осы тұрғыда Қазақстандағы өңдеуші зауыттардың сиректігі шаруа қожалықтары өнімінің сертификатталған тауар ретінде дүкен сөресіне түсуіне кедергі жасайды", – дейді БҰҰ маманы.

Екіншіден, Инна Пунданың пікірінше, елдегі өндірілетін сүттің басым бөлігі қарапайым ауыл тұрғындарының үлесінде. "Қазіргі таңда Қазақстанның өндіретін сүт өнімдерінің 80%-ы жекелеген ауыл тұрғындарының үлесінде. Әрине, бұл нарықта саудаланатын өнім емес, тек әр отбасының күнделікті ішіп-жеуінен артылмайтын сүт. Ал республика бойынша барлығы 2 млн-нан астам ірі қара барын ескерсек, өндірілетін сүттің 20%-ы ғана сертификатталған дайын өнім ретінде дүкен сөресіне түседі. Нәтижесінде Қазақстанның сүт зауыттары шикізатты шетелден алуға мәжбүр", – дейді Инна Пунда.

БҰҰ-ның маманы бұл тұрғыда қазақ шаруаларын кооперативке бірігуге шақырады. "Мал басын арттырып, өндіріс көлемін көбейтер болса, Қазақстанның бұл салада әлемдік деңгейде экспорттаушы мемлекет болуы әбден мүмкін. Біріншіден, "даланың қызыл сиыры" тұқымы біздің климатқа бейімделген шыдамды болып келеді және бұл өте сүтті тұқым. Екіншіден, Қазақстанның жалпы ауыл шаруашылық саласында кең даласы мен ауқымды көршілес нарықтар, атап айтсақ, Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Иран мен Қытай ірі көлемде тапсырыс берер еді", – дейді БҰҰ өкілі.

Соңғы жылдары аргоөнеркәсіп кешеніне бөлінген несие мен мемлекеттік қолдау біртіндеп нәтижесін беруде. Дегенмен, экспорт-импорт көрсеткішіне көз салсақ, Қазақстан әлі де болса импорт тәуелділігінен құтыла алмады. 2015 жылы Қазақстан жалпы құны 200 млн доллар болатын 145 мың тонна сүт өнімдерін импорттап алған. Соның ішінде негізінен ірімшік, сары май, құрғақ сүт сырттан әкелінеді. Қазіргі таңда елдегі 15 шақты өңдеуші кәсіпорын 2 млн тонна сүт өнімдерін шығарады. Бұлар ешкі нарықтың тек 76%-ын ғана қамтамасыз етіп отыр.  

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу