Қажымұқанның ізбасарлары Азия ойындарында алтынсыз қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3625

ХVІІІ жазғы Азия ойындарының төртінші күні де қоржынымызға алтын түспей, бір күміс, жеті қола жүлдені көңілге медеу тұттық.

Қажымұқанның ізбасарлары Азия ойындарында алтынсыз қалды

Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарының төртінші күні алтын медаль "алатынымызға" сенімді болып едік. Өйткені, кеше айбынды "ауыр артиллериямызға" айрықша үміт артқанбыз. Бірі Рио Олимпиадасының чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы, бойы екі метрге жуық Дмитрий Баландин болса, екіншісі "Сарықұрлықтағы" теңдессіз түйе балуанымыз, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, салмағы 130 келі Нұрмахан Тынәлиев болатын. Өкінішке қарай, екеуі де Джакарта төрінде Әнұранымызды құйқылжыта алмады.

2010 және 2014 жылдары Азия ойындарында, ал 2013 және 2015 жылдары құрлық чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмеген Нұрмахан Тынәлиев Индонезия боз кілемінде жеңіліске ұшырайды деп кім ойлаған? Жеребесі де жеңілдеу түскен сияқты еді. 130 келі салмақ дәрежесінің бірінші айналымында белдескен жоқ. Ширек финалда Индонезия балуанын қиналмай ұтты (8:0). Жартылай финалда жапон жігітін де жолынан тайдырды (6:0).

Ал өзінен бір белдесу артық өткізген өзбек үмітіне жартылай финалда да шүмектетіп тер төгуге тура келді. Ол Иран алыбымен тең түсіп (2:2), тек қосымша көрсеткіштері арқылы финалға шықты. Ал финалда... Муминжан Абдуллаев біздің Нұрмаханды кілемнен жұлып алып, екі мәрте әдіс қолданды. Сөйтіп жеті ұпай еншіледі. Ал екінші кезеңде кілемнен шығарып жіберіп, тағы бір ұпай олжалады. Есеп – 0:8. Нұрмахан ұтылды. Бұйырғаны күміс болды.

Ал 2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин брасс әдісімен 100 метрге жүзуде үшінші орынмен шектелді. Яғни ел қоржынына қола медаль салды. Жапония және Қытай жігіттері жарақатынан толық айықпаған спортшымыздың алдын орап кетті. Спорттық бабына келіп үлгермепті. Дәл қазіргі деңгейі осы сияқты.

Кеше грек-рим күресінен тағы екі жүлде алдық. Екеуі де – қола медаль. 87 келі салмақ дәрежесіндегі Азамат Құстыбаев бірінші белдесуінде өзбек Рустам Ассакаловқа есе жіберіп алды (1:2). Алайда қарсыласы финалға шыққандықтан, үшінші орын үшін белдесу құқығына ие болды. Әуелі қырғыз балуанын, содан соң Үндістан үмітін ұтып, ХVІІІ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

97 келі салмақта сынға түскен Ерұлан Ысқақов та алғашқы белдесуінде жеңіліске ұшырап, ширек финалда Оңтүстік Корея балуанынан айласын асыра алмады. Қабағы жарылып, жарақаттанып та қалды. Бірақ қарсыласы финалға шығып, қола жүлде үшін күресті. Әрі ебін тауып, маңдайынан басымен ұрып, жарақатын асқындыра түсуді ойлаған, сол үшін тіпті ескерту де алған, Иран спортшысын ұтып, жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Осы ретте айта кетуге тиіспіз, Джакартада Қазақстан балуандары күрестің үш түрінен де (атап айтқанда – еркін, грек-рим және әйелдер күресінен) бірде-бір алтын ала алмады. Біздің ел жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді (биыл жетінші рет барды). Содан бері боз кілемнен дәл осылай "ауызды құрғақ шөппен" (күміс және қола жүлделермен ғана) сүртіп, алтынсыз қайтқан кезіміз болмаған еді.

Ал кешегі қоржынымызға түскен қола жүлделерді "түгендер" болсақ, таэквондодан 80 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Нұрлан Мырзабаев Сауд Арабиясы, Тайпэй және Қырғызстан спортшыларын аса қиналмай ұтып, жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшысына есе жіберіп алды (16:17).

Ағын суда кедергілер арқылы өтіп, каноэмен ескек есуде (слалом) Қазақстан қоржынына алғаш рет жүлде түсті. Ерлер арасында Александр Куликов үшінші орынға ие болды. Ал әйелдер арасындағы байдаркамен ескек есу бәйгесінде Камилла Сафина жүлделі орынға сынық сүйем жетпей, 4-орынға ие болды.

Енді, екі қола жүлдеге семсерлесу спортынан командалық сындарда қол жеткіздік. Шпагадан ерлер арасындағы нояндарымыз (Руслан Курбанов, Дмитрий Алексанин, Эльмир Алимжанов, Вадим Шарлаимов) жартылай финалда Жапония жігіттерінен ұтылып қалды (36:45). Ал қылыштан әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыз Қытай құрамасынан ұтылып қалды (25:45).

Жүзу спортынан 100 метрге баттерфляй әдісімен жарысуда Әділбек Мусин финалға шығып, бесінші орынға ие болды. Уақыты – 52,95. Бұл – Қазақстан рекорды! 19 жастағы жас спортшымыз үшін бұл да – үлкен жетістік. Бұл бәйгеде бірінші орынды Рио Олимпиадасының чемпионы, Сингапур саңлағы Джозеф Айзек Скулинг жеңіп алды.

Спорттық гимнастикадан ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы финалда 234,300 ұпаймен 6-орынға ие болды. Ел намысын Милад Карими, Ербол Жантықов, Ілияс Азизов, Нариман Курбанов және Әкім Мұсаев сынды гимнасшылар қорғады.

Академиялық ескек есуден іріктеу сындары өтіп, Александра Опачанова және Владислав Яковлев жекелей сында, ал Светлана Германович пен Виктория Чепикова жұптасып бақ сынауда финалға шықты. Волейболшы жігіттеріміз Жапония құрамасынан бес партияда ұтылып қалды (2:3). Көгалдағы хоккейден де ерлер арасындағы ұлттық құрамамыз жеңілістің кермек дәмін татты. Кеше олар Бангладеш хоккейшілеріне 1:6 есебімен есе жіберді.   

 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу