"Қазмырыш" жасанды зердеге жүгінеді

Өндірісті цифрландыру бағытындағы жеті инновациялық жобаға 112 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады.

"Қазмырыш" жасанды зердеге жүгінеді

Өскемен қорғасын-мырыш, Лениногор полиметалл және Зырян қорғасын комбинаттарының бірігуі негізінде құрылған "Қазмырыш" компаниясы өндірісті цифрландыру бағытында жеті инновациялық жобаны жүзеге асырып жатыр.

Естеріңізде болса, былтыр елбасы "Жаңа индустриаландыру" бағдарламасы аясында Зырян кен байыту кешенінің Малеев кенішінде Pitram инновациялық жобасын іске қосты. Аталмыш жобаға өндіріс қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтіп, жер астында болуы ықтимал оқыс оқиғалардың алдын алу міндеті жүктелді. 

"Кеншілердің жер астындағы тыныс-тіршілігі онлайн-режимде бақыланады. Олардың каскаларындағы жарықтың қуат көзіне сым жалғанады. Сол сым радиотолқын арқылы жердің үстіне кеншінің қай жерде жүргені жайлы мәлімет жеткізіп тұрады. Осылайша біз кеншілермен үнемі байланыста боламыз. Қандай да бір оқыс оқиға орын алатынын алдын ала білсек, бірден кеншілерге белгі береміз", – деді "Қазмырыш" компаниясының бас директоры Юрий Гусев.

Оның айтуынша, жеті инновациялық жобаға компания 112 млрд теңгеден астам қаржы жұмсайды.

"Pitram жүйесі мен SIC тұжырымдамасын өндіріске енгізу арқылы кеніштің барлық жұмысын автоматтандырамыз. Нәтижесінде кеніште көптармақты ақпараттық жүйе қалыптасады. Ол кенішті басқару жүйесін оңтайландырып, кеншілердің кауіпсіз жағдайда жұмыс істеуіне кепіл болады. Бұдан кейін 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен тағы 5 инновациялық жобаны қолға аламыз", – деді бас директор.

Кәсіпорынның өндірістік басқару жүйесіне жылына 940 млрд жазба келіп түседі екен. Бұл туралы компанияның бизнес-трансформация жөніндегі менеджері Максим Гайфуллин баяндады.

"Бізге сағатына 3,5 млн, жылына 940 млрд жазба жолданады. Мұның барлығын қолмен өңдеу мүмкін емес. Сондықтан цифрлы жүйеге көшіп жатырмыз. Бүгінде компанияның бөлімшелерінде 30 онлайн-анализатор жұмыс істейді. Олар күніне 1,2 млн зертханалық сынаманы тексереді. Бұдан бөлек 21 мың технологиялық жабдық, 60 мың бақылау датчигі, 50 басқару жүйесі компанияның серверіне тиісті ақпараттарды жіберіп тұрады", – деді ол.

Менеджердің мәлімдеуінше, 7 инновациялық жобаның қатарына Жәйрем ауылында салынатын жаңа тау-кен байыту комбинатының құрылысы енген.

"Құны 424 млн АҚШ долларын құрайтын жобаның "Қазмырыш" компаниясы үшін маңызы зор. Жаңа комбинат жылына 5 млн тонна полиметалл кенін қайта өңдейтін қуатқа ие болады", – деді Максим Гайфуллин.

Оның сөзінше, таяу болашақта "Қазмырыш" жасанды зердеге жүгінеді. 

"Біз барлық жүйені цифрландырып, өндіріске адамның араласуын азайтамыз. Жаңа цифрлық жүйе заманауи технологияның жасанды зердесіне сүйеніп, бізге қажетті ақпаратты қолма-қол тауып беретін және қажет кезде шұғыл шешім қабылдайтын болады. Бүгінгі таңда оператор немесе технолог іс барысында өндірістің 300 параметрін жүзеге асырады. Бұл оңай шаруа емес. Кейде бір секундтта шешім қабылдау керек болады. Мұндай кезде жасанды зерденің көмегі қажет. Бұл ұзақмерзімді жоба. Қазір біз дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жоба қолданысқа 2021-2025 жылдар аралығында енеді", – деді "Қазмырыш" компаниясының қызметкері.

 Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу