Қазнеттегі домендік адрестер ".kz"-тан ".qz"-қа өзгеруі ықтимал

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2183

Бұл жайында "Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы" парламенттік тыңдауда жария етілді.

Қазнеттегі домендік адрестер ".kz"-тан ".qz"-қа өзгеруі ықтимал

Бұлар сыртында, латинница негізіндегі жаңа әліпбиімізге қазақ тіліне орыс тілінен енген кейбір әріптер көшпей қалатын болды.

Парламенттік тыңдауға мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев, сондай-ақ сенат және мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Талқылауға бұларға қоса, әліпби жобасын әзірлеуші А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының және Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, оның ішінде шетелдіктер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Жалпы, қазақ тілін – Қазақстанның мемлекеттік тілін латын қарпіне көшіру бойынша елбасының бастама көтеріп, өзі ілгерілетуде.

Негізі, "латыншаға" көшетін қазақтілділер (орыстілділерге бұл бетбұрыстың қатысы жоқтығы белгілі, олар ары қарай да ескі кириллицасында қалады) арасындағы ендігі пікірталас жаңа әліпби нұсқасына, яғни қазақ әріптерінің жаңа графикада қалай таңбаланатыны айналасында өрбісе керек. Және бұл айтыс бас көтеруде. Бұл ретте кейбір әріп таңбаларына қатысты тіпті ғалымдар түгіл, жаңа әліпбиді жасаған жұмыс тобының өкілдері арасында да бір келісім жоқтығы аңғарылып қалды.

Мәселен, бүгін парламенттік тыңдауда жұртшылық алдында тұсауы кесілген жаңа әліпби жобасында "Ғ" әрпі латынша "G" әрпімен берілген екен.

Бұған "Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жөніндегі жұмыс тобының" мүшесі, филология ғылымдарының докторы Таңат Аяпова қарсы:

"Біз латын алфавитін біріншіден, қазақ тілінің ерекшеліктерін дәл беретіндей етіп жасауымыз керек. Екіншіден, оқушыларға, студенттерге, басқа да адамдарға жазуға қолайлы, ешқандай қиындық тумайтын таңбаларды таңдамауымыз, жасауымыз керек. Ал Ербол Тілешов  мырзаның (Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры) ұсынуы бойынша "G"-ні қазақ тілінде "Ғ" деп беру ағылшынтілділер түгіл, өзіміздің адамдарды шатастырады. Ертең ағылшынша оқитын мектеп балалары оны үнемі шатастыратын болады. Бұл оқылмайды!" деді Таңат Аяпова.

"Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жұмыс тобының" жетекшісі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек онымен келіспеді: "Бұл – ол ғалымның жеке өз пікірі. Таңат Аяпова сырттың ғалымы емес, жұмыс тобының мүшесі. Яғни, оның пікірін жұмыс тобында қарауға болады. Бірақ соған бола өзгермеуі де мүмкін. Қайталап айтамын, бұл оның өз пікірі", – деді ол журналистерге сұхбатында.

Топ жетекшісі жаңа әліпби нұсқасы ертең ресми басылымдарда жарияланатынын мәлім етті. Сонымен бірге, мұның ақырғы нұсқа емес, жоба ғана екендігіне сендіріп бақты. Бірақ оған көп өзгеріс енгізілмейтінге ұқсайды.

"Талқылауға шығарылғанымен, бұл жерде халыққа ұнайды-ұнамайды деген сөз болмауы керек. Бұл жерде ұнату мәселесі тұрған жоқ. Егер қандай да бір адам қандай да бір әріпке қарсы болса, ол ұсынысын ғылыми түрде дәлелдей алса, фонетикалық-лингвистикалық принциптерге сүйенсе, егер онысы дұрыс болса, қабылдауға болады",- деді ол. 

Сонымен, депутаттар және басқа да қатысушыларға ұсынылған жаңа әліпби жобасында 25 таңба бар. Ал 8 әріп диграфпен берілген: мысалы, Ж – ZH, Ч – CH, Ш – SH. Сонда жалпы алғанда, латын тіліндегі қазақ тілінің дыбыс саны – 33-ті құрайды деп күтілуде.

"Бұлар қазақ тілінің бүкіл дыбыстық гаммасын толықтай береді",- деп сендірді Ерден Қажыбек.

"Ағылшын алфавитінде 26 әріп бар емес пе, сонда оның қайсысынан бас тартып отырсыздар?" деп сұрады журналистер.

Жұмыс тобының басшысы "Х" (икс) әрпінен бас тартылғанын жеткізді: "Өйткені кириллицадағы х әрпі бізге орыс тілінен кірген. Қазақтарда "һ" әрпі мен дыбысы бар, соның өзі жеткілікті. Ал латын графикасында "H" (аш) әрпі бар. Сондықтан орысша және ағылшынша "х"-дан бас тарттық",- деді Ерден Қажыбек.

Жұмыс тобының мүшесі жаңа әліпби ендірілуі үшін қанша уақыт қажеттігін айта алмады:

"Белгілі бір мерзімдер туралы айту әзірге қиын. Әліпби қабылданған соң, жұмыс жоспары да жасалады. Сонда ғана нақтылап айту қиын. Қалай болғанда, 2025 жылы толық көшуге дайын боламыз", – деді Ерден Қажыбек.

Парламенттік тыңдау барысында еуропалық құқық пен адам құқығы институтының директоры, сарапшы Марат Башимов латын графикасы енгізілген соң, бірінші кезекте  "Қазақстан" деген атаудың ағылшынша жазылу нұсқасы да өзгеріп, "Qazaqstan" болатынын ескертті.

"Осы орайда мені заңгер ретінде мына мәселе қызықтырады: мемлекеттің жазылу нұсқасы өзгергеннен кейін тиісінше, жеке басты куәландыратын құжаттар – куәлік, төлқұжат және басқасы өзгеруге тиіс. Сондай-ақ интернеттегі домендік мекенжай-адрес те ".kz-тан ".qz"-қа ауысуы керек. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жүреді. Біз бірден көшеміз бе, әлде бірте-бірте көшеміз бе?" – деп сұрады сарапшы.

Бұл сұраққа үкімет басшысының жаңа орынбасары Ерболат Досаев жауап берді.

"Үкімет бұл бағыттағы өзінің ұзақмерзімді іс-қимыл жоспарына тек жаңа әліпби бойынша бірыңғай стандарт бекітілген соң ғана кіріседі. Ендеше паспортты, жеке куәлікті ауыстыру секілді елімізде тұрып жатқан әрбір азаматқа қатысты мәселелер бірізді сипатта болады және кезең-кезеңмен жүреді. Қолымызда бар барлық құжаттар оларда көрсетілген мерзімдері өткенше, күшінде болады.       

Оның айтуынша, домендік мекен-жайды өзгерту халықаралық талаптар бойынша жүзеге асырылады.

"Өйткені қазіргі ".kz" доменіндегі ресурстар белгілі бір уақыт бойы жұмыс жасай береді. Бірақ берілген өтінімдер мен қайта тіркеу үдерістері аясында, өзгеретін заңнама бойынша жүреді. Біз мұны жүзеге асыруға тиіспіз",  – деді вице-премьер.

Ерболат Досаев үкіметтің ұзақмерзімді іс-қимыл жоспары қолданыстағы заңнаманы түзетуді, ұйымдастырушылық және институционалдық өзгерістерді қарастыратынын хабарлады.

Бақыт Көмекбайұлы      

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу