Хамастың 7 қазандағы шабуылдарынан кейін Израиль Газа секторын бомбалау мен онда құрлықтық операцияларды күшейтіп жатқанда, кейбір жаһандық лидерлер ондаған жылдар бұрын тоқтап қалған дипломатиялық күш-жігерге қайта оралып, екі мемлекеттік шешім формуласын күн тәртібіне қайта шығарды.
Израильмен көршілес Палестина мемлекетін құру мәселесіне Президент Байден 25 қазанда Ақ үйде сөйлеген сөзінде арнайы тоқталды
"Таяу Шығыстағы дағдарыс аяқталғанда, одан кейінгі келешекті болжауға тиіспіз. Біздің ойымызша, бұл – екі мемлекеттік шешім болуы керек", – деді ол.
Ұлыбритания Премьер-Министрі Риши Сунак та өткен аптада Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяхумен сөйлескенде, "екі мемлекеттік шешімнің ұзақ мерзімдік мақсатын" талқылады. Ал қазан айында Еуропалық Кеңес "екі мемлекеттік шешімге негізделген ұзақ және тұрақты бейбітшілікке" адалдығын растады.
reuters.com
Рим Папасы Франциск болса, Италия ақпарат құралдарына берген сұхбатында "екі мемлекет – дана шешім" деп мәлімдеді.
blagovest-info.ru
Қоғамдық қолдауға қарамастан, кейбір ғалымдар бұл шешім барған сайын жүзеге асуы екіталай перспективаға айналып барады деп есептейді.
Екі мемлекеттік шешім дегеніміз не?
Екі мемлекеттік шешім территориялық жағынан бір-бірінен ерекшеленетін екі ел құруды көздейді. Ол жерлердің бірі израильдіктерге, екіншісі палестиналықтар тиесілі болуы керек. Бұл тұжырымдама 1948 жылы Палестинада Британия мандаты аяқталып, Израильдің құрыларда пайда болды. Бірақ ондаған жылдарға созылған зорлық-зомбылық пен соғыстар аймақтағы прогресске тосқауыл қойды.
rasprostranite.ru
1993 жылы АҚШ-тың делдалдығымен жасалған Осло келісімдерінде Израиль Палестинаны азат ету ұйымын палестиналықтардың өкілдігі ретінде қабылдады. Ал палестиналық ұйым сол кезде Израильдің бейбіт өмір сүру құқығын мойындады және де тараптар Палестина билігінің Батыс жағалау мен Газа секторын басқару жауапкершілігін өз мойнына алуына уағдаласып, екі мемлекеттік шешімге апаратын "жол картасын" жасауға үміт білдірді.
Дегенмен, 2000 жылы Президент Билл Клинтонның Кэмп-Дэвидте Израиль Премьер-Министрі Эхуд Баракпен және Палестина басшысы Ясир Арафатпен келісім жасау әрекеті сәтсіз аяқталды.
en.majalla.com
Бірнеше айдан кейін израильдік саясаткер еврейлер де, мұсылмандар да құрметтейтін Иерусалимдегі қасиетті жерге барғаннан кейін қақтығыстар басталды. Бұл оқиға интифадаға, яғни, палестиналықтардың ұлт-азаттық көтерілісне ұласты.
"Содан бері ешқандай қадам жасалмай, жағдай тек нашарлады", – дейді Лондондағы SOAS университетінің даму мен және халықаралық қатынастарды зерттеу профессоры Гилберт Ачкар.
Қандай проблемалар бар?
Палестина мемлекеті Газа мен Батыс жағалаудың көп бөлігін қамтып, кейбір аудандарда жер айырбастау арқылы құрылуы керек.
Халықаралық қауымдастықта екі мемлекеттік шешімді қолдаушылардың көпшілігі Израильдің 1967 жылғы соғысқа дейінгі шекараларға оралғанын қалап отыр.
www.dailysabah.com
Алайда айтарлықтай проблемалар бар. Палестиналықтар мен израильдіктер қазір даулы жерлерде (бір-бірінің аумақтарында) өмір сүріп жатыр және де көптеген палестиналық отбасылар 1948 жылғы соғыс кезінде айрылып қалған территорияларға оралғысы келеді. Дегенмен, ол жерлердің кейбірі – Израильдің қарамағында.
Тағы бір үлкен мәселе – Иерусалим. Палестиналықтар Израиль аннексиялап алған Шығыс Иерусалимді өздерінің болашақ мемлекетінің астанасы ретінде көреді. Израиль болса, көне шаһардың бөлшектенгенін қаламай отыр. Оның үстіне, Президент Дональд Трамптың 2017 жылы Иерусалимді Израильдің астанасы деп тану екі мемлекеттік шешімді жүзеге асыру проблемасын тіпті күрделендіріп отыр.
Лидерлер не дейді?
Иордан өзенінің батыс жағалауындағы палестиналықтар бақылауындағы аумақтарды басқаратын Палестина Президенті Махмуд Аббас Израильді "екі мемлекеттік шешімді жүйелі түрде жойып жатыр" деп айыптады.
"Кімде-кім Палестина халқы өзінің толық және заңды ұлттық құқықтарын пайдаланбай, Таяу Шығыста бейбітшілік орнайды деп ойласа, мұны адасушылық деп қабылдау керек", – деді Аббас қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында жасаған мәлімдемесінде.
Батыс жақтайтын Аббас 2005 жылдан бері қызмет етіп келеді, бірақ көптеген палестиналықтардың арасында ол үлкен қолдауға ие емес.
Нетаньяху болса, 2015 жылғы сайлау науқаны кезінде өзі билік етіп тұрғанда тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылмайтынын ескертті. Дегенмен, содан бері Израильдің премьер-министрі бұл позициясын біршама жұмсартып, осы жылдың басында CNN-ге берген сұхбатында "мен олардың өздерін басқаруға қажетті барлық өкілеттіктерге ие болғанын қалаймын, бірақ бізге қауіп төндіретін күштердің ешқайсысына жол берілмейді" деп мәлімдеді.
Израиль тарихындағы ең оңшыл Нетаньяху кабинеті өткен жылы қайтадан қызметке кірісті.
nytimes.com
Газа секторын бақылайтын және АҚШ пен басқалар террористік ұйымдар тізіміне қосқан Хамас тобы 2017 жылы 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін мойындауға дайын екенін мәлімдеді. Алайда осы қозғалыстың сол кездегі жетекшісі Халед Машааль Хамастың Израильдің мемлекеттігін танымайтынын және оған ешқандай құқықтар бермейтінін ескерткен.
Екі мемлекеттік шешім жүзегем асуы мүмкін бе?
Соңғы соғысқа дейін Израильдің Батыс жағалауда еврейлерге арнап қоныстар салуы – палестиналықтар үшін бейбітшілік жолындағы ең өзекті кедергілердің бірі болды.
Еврей қоныстанушыларының зорлық-зомбылығы күшейген сайын, Батыс жағалаудағы палестиналықтар қайтадан жер аударылудан қауіптеніп отыр.
SOAS профессоры Ачкардың айтуынша, Осло келісімдерінде соңғы онжылдықтарда қарқын алған құрылысты тоқтату туралы ереже жоқ. "Палестиналықтар екі мемлекеттік шешімді қабылдауы үшін бұл елді мекендер (еврейлерге арналған) толығымен жойылуы керек", – дейді Ачкар.
Ал Лондонда орналасқан Chatham House талдау орталығының ғылыми қызметкері Йосси Мекелбергтің сөзінше, Израильдің 2005 жылы Газадан 8 мың еврей қоныстанушысын шығаруы "Израиль қоғамын жарған" және де содан бері 20 жылға жуық уақыт өтсе де, көптеген израильдіктер Газадан Израильдің кетуін үлкен қателік деп санайды.
Калифорния университетінің Жаһандық Таяу Шығыс зерттеулері бағдарламасының төрағасы және тарих профессоры Марк ЛеВайн "екі мемлекеттік шешімді енді жүзеге асыру мүмкін емес" деген пікірде.
"Картаға қараңызшы. Батыс жағалауда жүздеген израильдік қонысты көресіз", – дейді ол "The Washington Post" газетіне берген сұхбатында.
ЛеВайнның ойынша, Таяу Шығыс "гибридтік немесе параллелдік" екі мемлекет пайда болуы керек. Бұл концепцияға сәйкес, онда егемендік пен жер басты рөл ойнамай, "Израиль еврей мемлекеті, ал Палестина Палестина мемлекеті болып қала береді. Бірақ сол аралас мемлекетте еврейлер мен палестиналықтарға қалаған жерінде өмір сүруге мүмкіндік берілуі керек".