Кэмп-Дэвидте АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония Қытайды айыптап, әскери байланыстарды тереңдетуге келісті

2750

Америка мен оның Азиядағы басты одақтастарын Қытайдың көтерілуі мен Солтүстік Кореяның ядролық қаруы алаңдатып отыр.

Кэмп-Дэвидте АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония Қытайды айыптап, әскери байланыстарды тереңдетуге келісті Фото: reuters.com

АҚШ Президенті Джо Байден, Оңтүстік Корея мен Жапония лидерлері жұма күні Кэмп-Дэвидте әскери және экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге келісті. Олар Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі "қауіпті және агрессивті мінез-құлқын" қатаң айыптады.

Байден әкімшілігі Қытайдың өсіп келе жатқан қуаты мен Солтүстік Кореядан төнген ядролық қауіпке қарсы тұру үшін АҚШ-тың Азиядағы негізгі одақтастарының жетекшілері Оңтүстік Корея Президенті Юн Сук Ёл және Жапония Премьер-Министрі Фумио Кисидамен саммит өткізді.

Саммит мәлімдемесінде үш ел дағдарыстар кезінде бір-бірімен жедел кеңесіп, ортақ мүдделерді қозғайтын аймақтық сын-қатерлерге, арандатушылықтар мен қауіптерге берілетін жауаптарды үйлестіруге міндеттенді.

Сонымен қатар бұл "үштік" жыл сайын бірлесіп әскери оқу-жаттығулар өткізуге, 2023 жылдың соңына дейін Солтүстік Кореяның зымыран ұшыруы туралы нақты уақыттағы ақпаратпен алмасуға уағдаласты. Бұған қоса, тараптар жыл сайын үшжақты саммиттер өткізіп тұруға уәде берді.

Бұл саяси міндеттемелер Токио мен Сеул жасаған батыл қадам ретінде бағаланып отыр. Өйткені Жапония 1910-1945 жылдары Кореяда қатал отаршылдық билік жүргізгендіктен, екі ел арасындағы өзара келіспеушіліктердің ұзақ тарихы бар.

Президенттің Мэриленд штатындағы резиденциясында өткен саммит – АҚШ пен Жапония және Оңтүстік Корея арасындағы алғашқы дербес кездесу. Бұл одақтастықтың нығаюына Юнның Жапонмен жақындасуға ынтасы, Қытай мен Солтүстік Кореядан төнген қауіп, сондай-ақ Ресейдің Украинаға басып кіруін Вашингтонның, Токионың, Сеулдің бірдей қабылдауы себеп болып отыр.

Лидерлердің Қытайға қатысты мәлімдемелері қатаңырақ болды. Оларға Оңтүстік Корея мен Жапонияның маңызды сауда серіктесі саналатын Бейжіңнің жауабы да қаталдау болды.

"Жақында біз Қытай Халық Республикасының Оңтүстік Қытай теңізіндегі қауіпті және агрессивті мінез-құлқына куә болдық. Осындай жайттар мен Үнді-Тынық мұхит суларындағы статус-квоны өзгертуге бағытталған кез келген біржақты әрекеттерге үзілді-кесілді қарсымыз", – деп жазылған саммит мәлімдемесінде.

Қытайдың Вашингтондағы елшілігінің баспасөз хатшысы Лю Пэнгю болса, халықаралық қауымдастық шиеленісті кім күшейтіп жатқанын өзі бағалай алады деген пікірде.

"Әртүрлі эксклюзивті топтардың қарсыластық пен әскери блоктарды Азия-Тынық мұхит аймағына әкелуі қолдау таппайды және ондай әрекеттер аймақ елдерінің қырағылығы мен қарсылығына тап болады", – дейді ол.

"ТАҢҚАЛАРЛЫҚ ДИПЛОМАТИЯ"

Байден азиялық мәртебелі меймандарды одақтастық жолындағы саяси батылдығы үшін жоғары бағалады.

"Маңыздысы сол – өзімізге төнген қауіптер бойынша бір-бірімізбен жылдам кеңесуге міндеттендік. Бұл аймағымызда дағдарыс бола қалған жағдайда жауаптарымызды үйлестіру үшін сенім телефоны жұмыс істейді дегенді білдіреді және де біз бірлесіп халықаралық құқықты жақтап, мәжбүрлеу әрекеттеріне қарсы тұрамыз", – дейді Байден.

Қытайдың атын атамастан Кисида "Шығыс және Оңтүстік Қытай теңіздерінде статус-квоны күшпен өзгертуге бағытталған біржақты әрекеттер жалғасып жатыр" деп мәлімдеді. Оның сөзінше. Солтүстік Кореядан төнген ядролық және зымырандық қауіп "барған сайын ұлғая түсуде".

Америкалық әкімшілік өкілдерінің айтуынша, Вашингтонның осы саммитте Сеулмен, Токиомен үш жақты қорғаныс келісімін жасамауына тарихи жүктің сақталуы (Жапония мен Оңтүстік Корея арасындағы кейбір келіспеушіліктер) себепші екен.

Дегенмен Байденнің Үнді-Тынық мұхит істері бойынша үйлестірушісі Курт Кэмпбеллдің мәлімдеуінше, бұл саммит "кейде өз кеңесшілері мен қызметкерлерінің ақылына құлақ аспаған" Юн мен Кисида бастаған "таңқаларлық дипломатияның" арқасында өтіп отыр.

ТЫНЫҚ МҰХИТТА ТАҒЫ БІР НАТО ҚҰРЫЛМАЙДЫ

Бейжің бұған дейін АҚШ-тың Оңтүстік Кореямен, Жапониямен қарым-қатынасты нығайту әрекеттері "аймақтағы шиеленіс пен қақтығысты күшейтуі мүмкін" екенін ескертті.

Оңтүстік Корея, Жапония және АҚШ Бейжіңді арандатудан аулақ болғысы келсе де, Қытай бәрібір өзін Вашингтон дипломатиялық тұрғыдан оқшаулап, әскери қоршауға алуға тырысып жатыр деп санайды.

Қытай тарапынан тағылған айыптар туралы сұраққа Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан былай жауап берді: "Бұл саммиттің көздегені – Тынық мұхитта НАТО құру емес және жиында үшжақты одақ жасақтау – нақты мақсат ретінде белгіленбеді".

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу