Кибершайқастар солдаттар мен қан майданды ауыстыра алмады

2297

Сарапшылар болашақта әлемде әскери іс-қимылдар театрында жауынгерлер бәрібір шешуші рөл атқаратын алға тартып отыр. Ал кибероперациялар тек көмекші рөлдерде қалады. 

Кибершайқастар солдаттар мен қан майданды ауыстыра алмады Фото: focus.ua

Украинадағы соғыс басталғанда сарапшылар қос тараптан хакерлердің кибершайқасы өрістейтінін болжаған. Бұл ретте Anonymous хактивистер мен белсенділердің халықаралық желісі Украина жағында күресетінін жариялады. Ал Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің қолдауымен қимылдайтын "орыс хакерлерінің" даңқы бұрыннан жер-жаһанға таралған болатын.

Тіпті НАТО зерттеушілері өз тұжырымдамаларында: "Украинаның басқару, бақылау, логистика жөніндегі үкіметтік және әскери орталықтарында, шұғыл көмек қызметтерінде ресейлік кибершабуылдар серпінді түрде хаос, дүрбелең, абыржу, дағдарыс туғызып, Ресейге аса қымбатқа түсетін, әрі ұзаққа созылатын соғыстан құтылуына мүмкіндік береді", – деп әлем жұртшылығының үрейін ұшырды.

Фото: sonar2050.org

Ақыры "тау толғатып, тышқан тудының" кері келді. Олардың бар бітіргені – біздегі "Сергек" сияқты Ресейдің және Украинаның жол қозғалысының интеллектуалдық жүйесіне заңсыз еніп, соның камералары арқылы әскери техниканың қозғалысын қадағалаған.

Украинаны жақтаған хакерлердің қолынан келгені: Gosuslugi.ru РФ мемлекеттік қызметтер порталын, басқа да мемлекеттік сайттарды, соның ішінде Кремльдің интернет ресурсын шамалы уақытқа істен шығарды. Ресейлік телерадио хабарларын тарату жүйесіне арагідік бұзып кіріп, ресейлік әскердің қанқұйлы қарекеттері бейнеленген шағын роликтерді жариялады, В.Зеленскийдің ресейліктерге үндеуін ресейлік аудиторияға таратты.

Орыс хакерлерінің де қамал қиратып, тау қопарып тастағаны шамалы. Украина Мемлекеттік арнайы байланыс (Госспецсвязи) мекемесінің таяудағы дерегінше, 2023 жылы да ресейлік хакерлер Украинаның меморгандарының сайттарын және өмірлік маңызды инфрақұрылымдарын белсенді шабуылдап жатыр.

"2023 жыл басталғалы Украинаның ақпараттық инфрақұрылымына шабуылдардың қарқыны тұрақты деңгейде қалды. Тек қаңтар ғана ерекшеленді: бұл айда кибершабуылдар санының төмендеуі дәстүр болып табылады. Себебі, орыс хакерлері де жаңажылдық ұзын демалыстарға кетеді. Тұтастай алғанда, көрші ел өзін киберкеңістікте лаңкес ретінде ұстайды. Украинаға қарсы ресейлік кибершабуылдар көбіне азаматтық инфрақұрылымға жерден және әуеден жасалатын соққымен үйлестіріледі. Сондақ-ақ РФ ақпараттық психологиялық арнайы операцияларын (ИПСО) жүзеге асыруға өз хакерлерін белсенді тартады", – деп хабарлады "Госспецсвязи" баспасөз қызметі.

"Госспецсвязи" баспасөз қызметі мәлімдеуінше, "Мәскеудің киберкеңістіктегі басқыншылығы 2022 жылғы 14 қаңтарда басталды". Сонда олар Украинаның меморгандарының сайттарын жаппай бұзуға талаптанған. Жау осы арқылы әп дегеннен қарсыласының ақпараттық инфрақұрылымын тып-типыл, жермен-жексен етпек болыпты. Дегеніне жете алмады, барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Бастапқыда кибершабуылдардың басты нысанасы телевизия мен медиа болған. Кейіннен, қысқа қарай орыс хакерлері қарсыласының энергетикалық секторына ден қойды.

Әрине, бәрі өздігінен бола қойған жоқ: Украина батыстық серіктестері мен төл креативті тәсілдері арқасында жаудың кибершабуылдарына мықты тойтарыс берді. Мысалы, РФ хакерлері Украинадағы Data Center, деректерді өңдеу орталықтарын анықтап, соларға қанатты зымырандарды дәл бағыттап отырды. Егер олардың бәрі жойылғанда, онда республика орта ғасыр құрдымына құлайтын еді. Ал Қарулы күштері орталықтан басқарыла алмай, тоз-тоз болуы мүмкін еді.

Әйтсе де, Украина өзінің бүкіл цифрлық инфрақұрылымын бұлтты технологияларға көшіріп, дұшпанның қысымынан аман сақтап қалды.

2022 жылдың соңында Украина вице-премьері, цифрлық трансформация министрі Михаил Федоров Amazon Web Services (AWS) компаниясына алғыс айтты.

Фото: rbc.ua

Оның түсіндіруінше, соғыстың ең ауыр кезеңінде, мемлекет тағдыры қыл үстінде тұрғанда Украинадағы биліктің тұтастығы мен сабақтастығын ұстап тұруда америкалық осы компания үлкен рөл атқарды. Соғыстың бастапқы кезеңінде, яғни жау Киевтің іргесіне дейін жеткенде AWS бұл елге чемодан көлеміндегі компьютерлік дискілерді жолдаған. Сөйтіп, Украинаға маңызды деректердің резервтік көшірмесін түзуге көмектесті. Киев құлағанда, бұлар Украинаның заңды Үкіметіне шетелден жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беретін еді.  

Ресей армиясы Украинаға баса-көктей енгенде, ең алдымен ұялы байланыс мұнараларын жарып, жаппай құлатты. Осы кезде Украина халқына және әскеріне Илон Масктың SpaceX компаниясы көмекке келді.

Фото: ixbt.com

Оның Starlink спутниктік байланыс терминалдары бейбіт тұрғындарға да, Қарулы күштерге де тіршілігі мен іс-қимылын ары қарай өрістетуіне жол ашты. И.Маск мәлімдегендей, осыған өшіккен Мәскеу компанияның Starlink желісіне қуатты кибершабуылдардың бірнеше толқынын ұйымдастырған. Жалғастыруда. Биылғы жыл басындағы дерек бойынша Украинада шамамен 30 мың Starlink терминалы жұмыс істейді, олардың қолданылу шығынын ішінара Батыс елдері және SpaceX компаниясының өзі өтеді. 

Қалай болғанда, халықаралық сарапшылар болашақта да әскери іс-қимылдар театрында басты рөл армияда қалатынына сенімді. Кибероперациялар тек көмекші қызметін атқарады. Киноәлем түзген "болашақ соғыстар адам немесе жасанды зерде қашықтан басқаратын роботтар мен дрондар арқылы жүргізіледі" деген болжам да қиял болып қалды. Роботтардың, беспилотниктердің қуаты мен батареясы қарқынды әрі ұзақ соғыс жүргізуге жарамайтыны, демек қай тарап окоптарды мейлінше солдаттармен толтыра алса, территорияларды басып алудағы басымдық бәрібір соның жағында болатыны белгілі болып отыр.    

"Ұлы державалар ары қарай да кибермүмкіндіктерді кеңейтуге инвестиция сала береді. Алайда Украинадағы кең ауқымды соғыс мұндай инвестициялардың қайтарымы шектеулі болатынын әшкереледі. Киберқұралдар негізінен, барлауда және дезинформацияда ғана үлкен пайда әкеледі. Ал шабуылда, территорияны ұстап қалуда алдағы онжылдықтарда да авиация, артиллерия және танктер басымдық иеленеді. Соғыс сол бұрынғыдай, саясаттың жалғасы болып қалады. Ұрысқа киліккен әскерилер бірінші кезекте нысанаға дөп тиетін зымырандарға арқа сүйейді. Себебі, кибероперациялар саяси соғыстың құралы және олар көбіне құпия қимылдарда, барлау мен пропагандада жарамды", – деген ойда Армиялық киберинституттың (Army Cyber Institute) ғылыми қызметкері Грейс Б.Мюллер (Grace B. Mueller).

Сонымен бірге ол кибероперациялардың маңызын елемеуге, бағаламауға болмайтынын ескертті. Мысалы, РФ оппозициясы мен украиналық орыстілді киберкеңістік соғыс басталғалы Ресей жұртшылығының үлкен бөлігіне өз уағызын тарата алған. Нәтижесінде былтырғы 21 қыркүйекте Мәскеу мобилизация жариялағанда, репрессия атаулыдан зәрезап болған РФ халқы пропаганда болжағандай, "өз еркімен Отан қорғауға сұранып", военкоматтарда ұзын кезек түзген жоқ. Керісінше, бас сауғалап, виза сұрамайтын барлық елге қашты. Босып кетпегендері тұрғылықты орнын тастап, өзге өңірдегі туысқандарына тығылды. 

"Екінші жыл қатарынан Ресей Украинада бұрынғы заманның соғысын жүргізуде. Созылмалы сипат алған қарулы қақтығыста Ресей қаһарлы, бірақ қарапайым қару-жарақ түрлерін, зымырандық соққыларды, балаларды күштеп көшіру мен ұрлауды, тұрғындарды зорлап, азаптауды, сондай-ақ ядролық қару қолдануға доқ көрсетуді және басқа ескі тәсілдерін қолдануда. Ресей Украинаға немесе оны қолдаушы Батысқа қарсы бұрыннан уәде еткен жойқын әрі жаппай киберсоғысын жүзеге асыра алмады. Содан амалсыз, бұл ресурсын ақпараттық-психологиялық операцияларға, дезинформацияға, Киевті қолдаушылардың сеніміне селкеу түсіруге бағыттап жатыр. Ресейдің "тұтас мемлекеттерді күйретіп, бағдарын өзгертіп, революцияларды бастауға ықпал ете алады" деген кибермүмкіндіктері майдан даласындағы ұрыс барысына айтарлықтай әсер ете алмады", – деген тұжырым жасады Future War, Gaming and Strategy, and International Security Program бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Бенджамин Дженсен (Benjamin Jensen).   

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы (CSIS) ресейлік киберагрессияның салмақты 47 инцидентін талдай келе, тосын бір жайтқа назар аудартты. Кибершабуылдарының басым бөлігі, 59,6%-ы – украиналық жеке, мемлекеттік емес нысандарға бағытталыпты. 31,9% жағдайда мемлекеттік және жергілікті органдарды нысанаға алған. Небары 4 жағдайда немесе 8,5 пайызында ғана орыс хакерлері мемлекеттік әскери объектілерге кибершабуыл жасады. Сонда соғыс кезінде басты нысана да әскери нысандар болуға тиіс емес пе еді?

Осыған қарап, Теңіз жаяу әскері университетінің Крулак атындағы Инновация орталығының аға ғылыми қызметкері Брэндон Валериано (Brandon Valeriano) Ресейдің өз киберэффектілерін дәстүрлі әскери қимылдарына табысты интеграциялай алғанына күмәнданады. РФ қоғамы слэнг тілінде "сапог" деп келекелейтін армиядағы орыс генералдары өз арасында жоғары технология мамандарының үстем болып, өздеріне билік жүргізгенін, басты рөл ойнағанын қаламайтын болса керек. Сондықтан хакерлер орыс армиясында қолбасшы емес, "барып кел, шауып кел" жандайшап рөлін атқаруда.

Ғалымдардың пікірінше, РФ-та кибероперациялар мен дәстүрлі қарулы күштер арасындағы үйлесім-координация айтарлықтай ақсап тұр. Алайда болашақта бәрі өзгеруі мүмкін. Ресей әскері асықпай, соғыс өнерін меңгере бастады. Сол арқылы жасампаз деген украиналық армияны контршабуылда тырп еткізбей тастады. Украиналық сарапшылардың болжамынша, қазіргі қарқынмен оккупациядағы барлық территорияны азат ету үшін Украинаға тағы екі-үш жыл қажет болуы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу