Өткен тәулікте Киевте мыңдаған адам шеруге шығып, президент Владимир Зеленскийдің Донбасста жергілікті сайлау өткізу жоспарына наразылық білдірді. Демонстранттардың ойынша, бұл идея Ресейге есе жіберуді, шығыста орыс автономиясын құруды білдіреді.
Украина, Ресей және ресейшіл сепаратистер сейсенбі күні Донецк және Луганск облыстарының көтерілісшілер басып алған жекелеген аудандарында сайлау ұйымдастыру туралы шартты келісімге қол қойды. Сонымен қатар, тараптар бұл территорияларға арнайы мәртебе беріп, украин әскерін майдан шебінен әкетуге уағдаласқан. "Штайнмайер формуласы" деп аталып кеткен даулы пәтуа Франция мен Германияның арағайындығымен жасалды.
Айта кету керек, Донбасста бес жылға созылған соғыста 13 мыңнан астам адам қаза тауып, 1 миллиондай тұрғын үйлерін тастап кетті.
Президент Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, бұл келісім - елдің шығысында бейбітшілік орнату мақсатында Ресей, Франция, Германия басшыларымен саммит өткізуге жол ашатын аралық құжат.
Алайда шерушілердің ойынша, мемлекет басшысының бейбіт жоспары елді Ресейдің алдына тізе бүктірейін деп отыр.
"Жауынгерлеріміз Украинаның тұтастығы үшін жан пида етті. Ресейдің шарттары бойынша ешқандай бейбітшілікті қаламаймыз", – дейді демонстранттардың бірі Андрей Гнапко.
Киевтің басты алаңы – Майданға 15 мыңдай адам шықты. Олардың қатарында шығыста соғысқан ардагерлер де көп болды. Басты ұрандары: "Масқара!", "Капитуляцияға жол жоқ!"
Наразылық акциясына қатысушылардың бір бөлігі парламент ғимараты мен президент сарайына аттанды.
Саясатта ешқандай тәжірибесі жоқ комедия актері Зеленский сәуірде өткен президенттік сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетіп, билікке келді. Сол кезде ол қоғамды дендеген коррупцияға нүкте қойып, елді титықтатқан соғысты тоқтатуға уәде берген еді. Жас президенттің халық алдындағы беделі әлі де жоғары. Бірақ шілденің 25-інде АҚШ президенті Дональд Трамппен болған әңгімеден кейін, оның имиджіне дақ түсіп отыр. Сол тілдесуде Ақ үй басшысы өзінің келесі жылы өтетін президенттік сайлауда басты қарсыласы болуы мүмкін демократ Джон Байден ұлының Украинадағы істерін тергеуді сұраған.
Дегенмен "Киодо" агенттігіне берген сұхбатында Зеленский өзіне Трамптың қысым жасағанын жоққа шығарды. Бұған сенбеген америкалық демократтар Трампты отставкаға жіберу мақсатында оған қарсы импичменттік тергеу процесін бастап отыр.
Зеленский Донбасста бейбітшілік орнату жоспарын мейлінше қорғап бағуда. Оған сенсек, аталған екі облыста жоспарланған сайлау Украина заңына сәйкес өтіп, оған украиналық кандидаттар да қатысады және де жергілікті халық дауыс беруге бармас бұрын, аймақта ымыра жарияланып, Киев пен Мәскеу тұтқын алмасады. Ал, сайлаудан соң, Ресеймен арадағы шекара Украина қауіпсіздік күштерінің бақылауына өтеді.
Украина ұлтшылдарының айтуынша, сепаратистер басып алған аудандарда сайлау өтсе, ресейшілдер жеңіске жетіп, бар мәселені солар шешіп, Донбасс Киевтің заңдарына толық бағынбайтын автономияға айналып кетеді.
Өткен айда Зеленскийдің бастамасымен Украина мен Ресей бір-біріне 35 адамды тапсырды. Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен тұтқын алмасу шарасы. Қазір президент атысты мүлде тоқтату үшін Украина әскері мен көтерілісшілерді майдан шебінен әкетуге күш салып жатыр. Қарулы күштерді көшіру туралы талап 2015 жылы Германия мен Франция арағайындық еткен құжатта көрсетілген. Алайда оны осы күнге дейін екі жақ та орындамады.
Зеленскийдің бейбітшілік жоспары жүзеге асатын болса, Ресей өзіне қарсы Батыс жариялаған санкциялар жеңілдейді деген үмітте. Сондықтан Мәскеу Украина президентінің бастамасына қошемет білдіріп отыр.
2015 жылғы бейбіт келісімге сол кездегі президент Петр Порошенко қол қойды. Оның мақсаты – елдің шығысындағы сепаратистік аймаққа автономия беріп, көтерілісшілерге амнистия жариялау. Пәтуаның осы уақытқа дейін орындалмауына оның шарттарын украиналықтардың көбінің қолдамауы себепші.
Төрт жыл бұрын Беларусь астанасы Минскте қол қойылған бейбіт жоспарға сай, ресейшіл көтерілісшілер кеңейтілген автономия алғаннан кейін, Украина Ресеймен арадағы шекарасын өз бақылауына алып, жергілікті басшылар мен парламентті сайлайды. Ресми Киев пен Батыстың мәлімдеуінше, Мәскеу сол шекара арқылы Донбасстағы орысшыл сепаратистерге қарумен, әскери күшпен көмектесіп келеді. Кремль болса, мұны мойындаған емес.
Порошенко мен оның одақтастары да Зеленскийдің шығыста сайлау өткізу жоспарын Ресейдің ығына жығылу деп қабылдады. Сонымен қатар осы позицияларын жариялау үшін экс-президент сенбі күні жақтастарын көшеге шығарып, екі облыста сайлау өткізуді Путиннің мүддесіне қызмет ету деп атады.
"Біз Путинге қарсы тұруымыз керек", – дейді Порошенко.
Сонымен қатар, бұрынғы президент 2015 жылғы келісімге сәйкес Украина әскерін майдан шебінен әкетуді "шегініс" деп есептейді.
"Зеленскийдің саяси оппоненттері әлсіреді. Сондықтан олар әр нәрсені сылтауратып, президентті сынап, ұпай жинауға көшті. Осы жерде соғыс – керемет сылтау", – дейді Киевтегі "Пента" зерттеу орталығының басшысы Владимир Фесенко "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.
Зеленскийдің "Халық қызметшісі" партиясы парламенттегі орындардың басым көпшілігіне, яғни, 251 мандатқа ие. Ал, Конституцияны өзгертіп, Донбассқа автономия беру үшін 300 дауыс қажет.
Арыс Әділбекұлы