Кім мықты? Путин бе әлде Трамп па?

3618

Кремль Путиннің ядролық қаруы Трамптікінен мықтырақ деп отыр. 

Кім мықты? Путин бе әлде Трамп па?

Ресей жаңа ядролық зымыран жасаудан АҚШ-тан әлдеқайда алда келе жатырмыз дейді. Мәскеу Трамптың Твиттердегі мәлімдемесіне осылай деп жауап берді. Архангельсктегі жарылыстан кейін Трамп Вашингтонның бұл салада ең мықты екенін Твиттерде жазып мақтанған болатын. 

"Владимир Путин бұған дейін талай рет ресейліктердің зымыран саласында басқа елдерден оқ бойы озық тұрғанын айтқан еді",- дейді Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Оның айтуынша, Трамптың әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде ешқандай жаңа ақпарат жоқ,оның үстіне америкалық әскерилер мұндай бағдарламамен жұмыс істеп жатқанын өткен жылы хабарлаған.  

Естеріңізге сала кетейік, 8 тамызда Архангельск облысындағы әскери полигонда жарылыс болып, салдарынан "Росатом" мемлекеттік корпорациясының 5 қызметкері қаза тапты. Тағы 3 адамды күйік шалған болатын. Ресми дерек бойынша, реактивті қозғалтқыш құрылғысын сынақтан өткізу барысында өрт шалып, арты жарылысқа ұласып кеткен. 

Артынан Трамп: "Ресейдегі сәтсіз сынаққа қарап көп нәрсені үйрендік, бізде осыған ұқсас, бірақ бұдан әлдеқайда күшті технология бар",- деп Твиттерде бір бөсіп алған еді. 

Ресейдің метеорологиялық қызметінің дерегінше, жарылыс болғаннан кейін оқиға болған маңда орналасқан Северодвинск қаласындағы радиация деңгейі қалыпты нормадан 16 есе көбейіп кеткен. Бірақ жарты сағаттан кейін ауадағы зиянды заттар көлемі азайып, екі жарым сағат өткен соң радиация деңгейі қалыпты нормаға келе бастады дейді, Росгидромет өкілдері. Северодвинск қаласы жарылыс болған жерден 40 шақырым қашықтықта орналасқан. 

Елдің Қорғаныс министрлігі өкілдері басында екі адамның қаза тапқанын хабарлаған болатын. Олар тек сұйық отынмен ұшатын зымыранның сынақтан өкізілгенін айтты. Бірақ оның құрамында ядролық элементтің бар екені жайлы ақпарат құралдарына тіс жармады. 

Норвегия осы апаттан кейін радиациялық мониторинг жүргізіп, ешқандай ауытқушылық байқамағанын айтты. Финляндияның радиациялық және ядролық қауіпсіздік бойынша басқармасы да радиация деңгейінің өспегенін мәлім етті. 

Әскерилер алдымен жарылыс болған жерге жақын орналасқан Ненонса қаласының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірмекші болған. Бірақ кейін олар эвакуация жүргізілмейтінін айтты. 
Жергілікті белсенді топ өкілдері әлі күнге дейін осы оқиғаға қатысты алаңдаушылығын білдіруде.
 "Билік әзірге радиациядан келген зиян туралы нақты ақпарат бермей отыр. Жергілікті халық апаттың зардабын көрмей тұрып, билік жарылыс туралы деректерді жариялауы тиіс",- дейді "Гринпис" экологиялық ұйымының Ресейдегі өкілі Рашид Алимов. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу