Қасірет алаңын қасиет алаңына айналдырған тұлға

4951

Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу арқылы әлем бойынша ядролық сынақ жүргізуге мораторий жариялауға ықпал етті.

Қасірет алаңын қасиет алаңына айналдырған тұлға

Осыдан 28 жыл бұрын ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған алмағайып заманда тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешім қабылдап, "Семей полигонын жабу туралы" жарлыққа қол қойды. Жаһан жұрты сонда ғана атомды жаппай қырып-жоюға емес, бейбіт мақсатқа қолдануға болатынын түсінді.

Біреу білер, біреу білмес, дәл сол кезде Елбасы жардың шетінде, желдің өтінде тұрды. Себебі оның шешіміне Мәскеу қырын қарады. Алайда халқының бағына біткен басшы алған бетінен таймады. Ол топырағын тозудан, ұрпағын азудан аман алып қалу үшін басын бәйгеге тікті. Президент Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды тұлғалар дүниеге келген жердің халқын зар жылатып қоя алмады. Ол қасірет алаңын қасиет алаңына айналдыру үшін барын салып, жарылыстан 40 жыл көз ашпаған халықты қынадай қырылудан сақтап қалуға тырысты.

Семей жерінде радиациялық сәулелердің кесірінен гендік мутацияға ұшыраған сәбилердің шырқыраған дауысы аналардың жанын жегідей жеп жатты. Қарапайым халықтың өлім-жітімі көбейді. Осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың санасына салмақ салды. Ол туған халқын ажал аранынан арашалап қалу үшін жанұшырды.  

Айта кетейік, дәл осы уақытта АҚШ-тың Невада штатында да ядролық сынақтар үздіксіз жүргізіліп жатты. Алайда штат губернаторы Невада полигонын жабу туралы бастама көтерген жоқ. Ал Елбасы нартәуекелге барды.

Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылдың 28 ақпанында пайда болған "Невада-Семей" қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменовке жан-жақты қолдау көрсетті. Елбасыға арқа сүйеген ақын Олжас Сүлейменов Қазақстан халқының атынан сөйлеген сөзінде ащы шындықты жеріне жеткізіп айтты.

Осының ізінше "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысының наразылық акциялары ұйымдастырылды. Өткен шақты еске алған Олжас Сүлейменов: "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысы 1989 жылы сәуір айында Әділет министрлігінде Қазақстандағы ең алғашқы үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелді. Нұрсұлтан Назарбаев қозғалысқа басынан бастап қолдау көрсетті, осы үшін біз оған алғыс айтамыз. Ол сөйлеген сөздерінде бірнеше мәрте: "Мен Кеңес одағының әскери-өнеркәсіптік кешені мен басшылықтың қысымына қарамастан, Қазақстан халқының арқасында ядролық полигонды жаптым!" деп кесімді пікір білдірді", – деді.

Ақын өзінің естелігінде антиядролық қозғалыс атынан Мәскеудегі КОКП Орталық комитетіне, КСРО Жоғарғы кеңесіне және КСРО министрлер кабинетіне хат жолданғанын баяндайды.

"Билік басындағылар соңғы хатқа жауап беріп, арнайы комиссия жіберді. Олар ешнәрсе шеше алмайтындарын бірден байқатты. Компартия Орталық комитетіне Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі жағдайды күрт өзгертті. Ол 1989 жылғы 27 маусымда зиялы қауыммен кездесуінде: "Бұл –  толғақты мәселе. Қазақстандағы экологиялық жағдай мен Семей полигоны күн тәртібінде тұр. Біз "Невада-Семей" қозғалысын қолдаймыз, әрі оның мақсаты ізгі деп есептейміз",- деді.  

Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде КОКП Орталық комитетінің пленумында да батыл сөйледі. Бұл туралы Олжас Сүлейменов: "Қазақстанда тек әскери ведомстволардың өзі ғана миллиондаған гектарды шаруашылық айналымнан шығарды. Біздің аумақта 40 жыл бойы ядролық қаруды кең ауқымда сынау жүріп жатыр. Халықтың оны жабу туралы талабы еленбей келеді", - деді. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарыдағыдай мәлімдемелері Мәскеудегі шенділердің шымбайына батты. Алайда қылар қайрандары болмады. Олар Нұрсұлтан Назарбаевтың соңында тұтас халық бар екенін, Елбасы жалқының емес, жалпының сөзін сөйлеп тұрғанын бірден түсінді. Сөйтті де амалсыздан тізгіндерін тартты. Нәтижесінде Семей сынақ алаңындағы ядролық жарылыстардың үні өшті.

Іс мұнымен тынған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ, Ресей, Франция елдерінің басшыларымен келіссөз жүргізіп, 1995 жылы ядролық қаруды Қазақстан аумағынан біржола аластатты. Ал ядролық державалар Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы күш көрсетпеу жауапкершілігін мойындарына алып, экономикалық қысым жасамауға уәде берді. Осылайша Елбасы Қазақстанды адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде тарихқа енгізді.

Әлем елдері қарусыздана бастады
Нұрсұлтан Назарбаевтың жаппай қырып-жою қаруынан біржола бас тарту туралы шешімі әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің дүниежүзіндегі төртінші ядролық ірі арсеналдан, мықты әскери-өнеркәсіптік кешеннен ерікті түрде құтылуын әлем халқы бейбіт өмір сүруге жасалған маңызды қадам деп қабылдады. Ядролық, бактериологиялық, химиялық сынақтарды болдырмауға бел буған елдер бейбітшілікке қарай бет бұрды. Нәтижесінде  Ресейде "Жаңа жер", Америкада "Невада", Францияда "Морурора", Қытайда "Лобнор" сынды сынақ алаңдары жабылды.

Ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту жөніндегі саяси шешім Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық көрегендігінің, сондай-ақ саяси ерік-жігерінің айқын дәлелі болды. Бұл ретте Қазақстан халқы ғана емес, барша адамзат баласы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарыздар. Себебі Елбасының табандылығының арқасында жер бетінде бірінші рет ядролық қарудан біржола, өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде қазақ елі күллі дүниежүзіне үлгі болып отыр.

1991 жылдың желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен ТМД-ның құрылуына ғана емес, бұрынғы Кеңестік кеңістіктегі ядролық қару-жарақтарға ортақ бақылау жасау тетіктерінің пайда болуына мұрындық болған Алма­ты декларациясына қол қойылды. Осы декларациямен бірге ядролық қарусыз ел атануға ұмтылған тәуелсіз мемлекеттерге құрметпен қарау жөнінде мәлімдеме жасалды.

Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет атануына жол салған тағы бір маңызды қадам Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау тура­лы келісімшартқа қосылуға дайын екенін мәлімдеуі болды. Ол осынау тарихи мәлімдемесін 1992 жылғы 18-23 мамырда Вашингтонға жасаған алғашқы ресми сапары барысын­да жасады. Мәлімдеме ая­сында Қазақстанның аумағындағы барлық ядролық оқтұмсықтарды залалсыздандырудың нақты тетігі жасалды.

Көп ұзамай Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қосылды. Кейін тек өз аумағында ғана емес, жалпы Орталық Азия аумағында ядролық қарусыз кеңістік құру бастамасын көтеріп, оны табысты жүзеге асырды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамын күллі әлем елдерінің көшбасшылары айрықша жоғары бағалады. Осылай тәуелсіз қазақ елі өзінің әрбір әрекетімен, әрбір қадамымен кең-байтақ қазақ елінің бейбіт мақсатын әлемге әйгілеп, барлық көршілерімен және алыстағы стратегиялық әріптестерімен тату қарым-қатынас құрды.  

Қазақстан Республикасы мен оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев ядролық қарусыз әлем құру жо­лында тұрақты және сатылы түрде бір ғана саясатты ұстанып келеді.

БҰҰ Бас Ассамблеясы бекітті
Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ға Семей ядролық полигоны жабылған тарихи күнді, яғни 29 тамызды халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама 2009 жылы бірден бекітілді. Содан бері осы дата халықаралық қауымдастықты қарусыздануға үндейтін күн ретінде аталып жүр. Дәл осы күні әлем елдері жыл сайын ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет Қазақстан екенін естеріне түсіреді және Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемді үнемі бейбітшілікке үндейтініне сүйсінеді.

Айта кетейік, бірде-бір жаһандық ядролық саммит Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткен емес. Себебі ха­лы­қаралық қауымдастық Қазақстанның Тұңғыш Президентінен батыл байлам, тың бастама күтеді. Айтпақшы Семейге БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мунның арнайы сапармен келуінде де тарихи-саяси мән бар.

2010 жылы бас хатшы Семей ядролық полигоны аумағында болғанда: "Мен өзімнің Семейге сапарымды еш уақытта ұмытпаймын. Қазақ басшысының батыл шешімінің арқасында Семейде бейбітшіліктің лебі есіп тұр. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналдырды", – деді.

"Атом" жобасы және "Әлем. ХХІ ғасыр" манифесі
2012 жылғы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудың сынақтарын біржола тоқтатуға және ядролық қаруды түбегейлі жоюға ғаламдық қолдау көрсету мақсатында "АТОМ" жобасын ұсынды.  

Елбасы жоба аясында әлем көшбасшыларын ядролық қару сынақтарын мүлде тыйым салуға шақыра отырып, адамзатты ядролық қарусыз әлем құруға үндеді. Ал Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммитте Нұрсұлтан Назарбаев "Әлем. ХХІ ғасыр" манифесін жариялады.

Ол адамзатқа "XXI ғасыр: соғыссыз әлем" атты атты кең ауқымды бағдарлама қажет екенін атап өтті.

"Ядролық және басқа да жаппай-қырып жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгерілеу. Бұл бағыттағы маңызды қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Қазақстан 25 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын біржолата жапты. Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға. Жас мемлекет содан соң КСРО ыдырағаннан кейін мұраға қалған атом қаруының әлемдегі төртінші әлеуетіне және оны жеткізу құралдарына иелік етуден өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жетекші ядролық державаларды ядролық сынаққа мораторий жариялауға қозғау салды. 20 жыл бұрын БҰҰ аясында ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жасалды және қол қою үшін ашық деп жарияланды, бірақ ол осы күнге дейін күшіне енбей келеді. Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы астында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Манифестің тарихи маңызы күн өткен сайын артып келеді. Қазірдің өзінде оның әлем қауымдастығына ұзақ уақыт темірқазық болатыны белгілі болып тұр.

Уран банкі қоғамға қауіп төндірмейді
Үлбі металлургия зауытының жанынан төмен байытылған уран банкі пайда болғанда  Қазақстанға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Юкия Амано келді. Елбасы мәртебелі мейманмен төмен байытылған уран банкінің ашылуына қатысып, оған банктің символдық кілтін табыс етті.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемнің ядролық қаруы бар төртінші елінен оны таратпау жағынан жаһандық көшбасшы мемлекетке айналғанға дейінгі қарқынды даму жолынан өткенін айтты.

"Осы күні, 1991 жылғы 29 тамызда менің жарлығыммен әлемдегі ірі полигон – Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бүгінде бүкіл әлем 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтеді. Қазақстанда қуатты ядролық қарудың болуы тағы бір мәселе болды. Қазақстан іс-әрекеті арқылы ядролық арсенал проблемасымен бетпе-бет келген басқа да елдерге жол көрсетті", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Айта кетейік, ядролық отынның халықаралық банкін құру бастамасы осыдан 10 жыл бұрын көтерілді. 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ел аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру мүмкіндігін қарастыра алатынын мәлімдеді. Арада 2 жыл өткен соң Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) уран банкі орналасатын мемлекетке қойылатын негізгі талаптарды бекітті. Оны ұйымға мүше мемлекеттерге жолдады. Дәл осы жылы уран банкі орналасатын мемлекетті анықтау үшін тендер жарияланды. Қазақстан жеңімпаз боп шықты. Таңдаудың біздің елге түсуіне ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздандыру бағытындағы белсенділігі ықпал еткені айтпаса да түсінікті.

Біріншіден, Қазақстан - алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тартқан ел. Екіншіден, ядролық отынды өндіріп, сақтауда біздің елдің тәжірибесі айтарлықтай мол. Үшіншіден, Қазақстаннан өзге мемлекеттер өз территориясына уран банкін орналастыруға өтініш білдірген жоқ. Қазақстан халықаралық ұйым назарына уран банкін орналастыруға болатын екі алаңды ұсынды. Біріншісі – Үлбі металлургия зауыты, екіншісі – бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағы. АЭХА мамандары саралай келіп, Үлбі металлургия зауытын таңдады. Осыдан тура екі жыл бұрын Астанада ел үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік ядролық отын банкін құру туралы келісімге қол қойды. Ал оған дейін 25 мәрте келіссөз жүргізілген. Қазынаға салмақ түскен жоқ жаңа банктің құрылысы ел қазынасына салмақ салды дегендер қатты қателеседі. Себебі бұл жоба ерікті жарналар есебінен жүзеге асты.

Айтпақшы, төмен байытылған уран банкі ашылғаннан кейін ел арасында түрлі әңгіме өрбіді. Уран банкінен қауіптенгендер "бұл жерде атом бомбасы дайындалуы мүмкін" деген сөзге ерік берді. Бұл ақылға сыймайтын сөз.

Біріншіден, ядролық қарудан бас тартып отырған ел қалай атом бомбасын жасауы мүмкін?! Екіншіден, төмен байытылған ураннан атом бомбасы жасалмайды. Себебі Қазақстанда сақталатын ядролық отын уранмен 4,95%-ға ғана байытылған. Бұл көрсеткіш атом бомбасын жасау түгілі электр энергиясын өндіруге де жетпейді. Жаппай қырып-жою қаруын жасау үшін уранды 18-20%-ға байыту керек. Біздің елде мұны жүзеге асыратын технология да жоқ. Қазақстандағы уран банкі атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) меншігі. Сондықтан ол өз меншігіне өзі би, өзі қожа болады. 

Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жауып, тәуелсіз Қазақстанды ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан елдердің көшбасшысы атандыруы және жаһан жұртының санасына бейбітшіліктің ұрығын себуі адамзат баласы мойындап отырған ұлы ерлік. Мұндай ерлік бір ғасырда бір-ақ рет жасалады және оны кемеңгер тұлға ғана жүзеге асырады.    

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу