Семей полигоны жерлерінің мәртебесі өзгеруі ықтимал

5168

Қазақстан үкіметі Семей ядролық полигоны аумағын толық зарарсыздандырып, ауыл шаруашылығы айналымына қоспайтын болды.

Семей полигоны жерлерінің мәртебесі өзгеруі ықтимал

Бұл сынақ алаңы кеңес заманындағы сол зұлматты барша адамзатқа паш етіп, қазақ жерінде мәңгілікке қалады.

Көптен қоғам және парламенттегі қалаулылар тарапынан айтылып келе жатқан "бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы ластанған жерлерді оңалтуға және алдағы уақытта оларды шаруашылық айналымына енгізуға байланысты түйінді мәселелерге" энергетика министрі Қанат Бозымбаев түпкілікті жауап қайырды.

Ел үкіметі "Бұрынғы Семей сынақ полигонының ластанған жерлерін оңалту туралы" арнаулы кеңеске жиналып, оның түйткілдерін жеке талқыға салып, өзара ақылдасыпты. Жиынға премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин төрағалық еткен.

Кеңес қорытындысы бойынша энергетика министрлігіне, қаржы министрлігіндегі әріптестерімен бірлесіп, қасиетті Семей өлкесінің ядролық сынақтармен ластанған жерлерін оңалтуға бағытталған іс-шараларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мәселелерін пысықтау тапсырылған.

Содан хаттамада бекітілген осы тапсырманы орындау үшін қос министрлік жедел түрде "Атомдық және энергетикалық жобаларды дамыту" республикалық бюджеттік бағдарламасы шеңберінде, бұрынғы полигонның ластанған жерлерін оңалту мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған бюджетке өтінім түзеді. Энергетиктер ведомствосынан жолданған құжаттың ақырғы нұсқасы қолына тие сала, қаржы министрлігі оны "Республикалық бюджеттік комиссияның" отырысында қарауға енгізеді.  

"Алайда республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен бұрынғы Семей сынақ полигонының ластанған жерлерін реабилитациялауға арналған лимиттен асатын жалпы сомасы 2 миллиард 617 миллион 265 мың теңге шығын қолдау тапқан жоқ. Өйткені 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында бұрынғы Семей полигонында радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, соның ішінде ядролық сынақтардың салдарын жоюға, халық пен персоналдың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ полигон аумағына кешенді радиоэкологиялық тексеру жүргізуге арналған шығындар жыл сайын 268 миллион 696 мың теңгеден қарастырылған", – дейді бас энергетик.

Министр осымен "іс бітті" деп санамайтындарын, мәселені жылы жауып қоймайтындарын білдіреді: "қазіргі уақытта энергетика министрлігі тиісті бюджеттік өтінімді қайтадан қалыптастыруда". Ол алда 2018 жылғы республикалық бюджет қайта қаралып, нақтыланған кезде, республикалық бюджеттік комиссияда қаралуы үшін белгіленген тәртіппен қаржы министрлігіне жолданады.

Дегенмен, қаржы министрлігі енді осы аталған жаңа іс-шараларды қаржыландыру мәселесін кейінге қалдыруда, яғни оны тек Семей сынақ алаңының радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ағымдағы іс-шаралар аяқталған соң және олардың нәтижелері бағаланғаннан кейін ғана қарауды ұсынып отырған көрінеді.

Қазіргі уақытта "Атомдық және энергетикалық жобаларды дамыту" республикалық бюджеттік бағдарламасы аясында полигон аумағын кешенді экологиялық тексеру жүргізіліп жатқаны белгілі. Бірақ ол жұмыстарды 2021 жылға қарай аяқтау көзделген.

Кезінде кеңес өкіметі өзінің жаппай қырып-жою қаруларын сынау үшін қазақ жерінің 18 мың шаршы шақырымдық жерін алып, осы полигонды ашқан болатын. Осында 456 ядролық және термоядролық алапат жарылыстар жасады. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық ғалымдар мен мамандар шетелдік әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс жасай жүріп, радиоактивті заттармен былғанған біраз жерді тазартуға және оларды ауыл шаруашылығы айналымына қосуға болатынын дәлелдеді. Содан қоғам арасында "технологиялар мен ғылымның қазіргі жетістіктері арқасында болашақта полигоннан із де қалмайды" деген сенім пайда бола бастады. Алайда бұл мәселеге енді нүкте қойылғанға ұқсайды. Энергетика министрлігі сынақтар жүрген жерлер тұрғындар мен төрт түлік аяқ баспайтындай етіліп, мәңгілікке жабылатынын мәлім етті.

Мұнымен ғалымдар да келіседі, олардың айтуынша, дәл ядролық жарылыстар эпицентріндегі жерлер әлі талай ғасыр пайдалануға жарамсыз болады. 

Сонымен бірге, оған іргелес жатқан, бірақ кезінде уланып, жарамсыз етілген жерлерді тазарту жалғастырылады. Қаржыландыруға ұсынылып отырған жаңа "Бұрынғы Семей сынақ полигонының ластанған жерлерін оңалту" бағдарламасының іс-шаралары полигон жерін толығымен ауыл шаруашылығы айналымына қайтаруды қарастырмайды. Тек, ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтардағы қоршаған табиғи ортаны сауықтыруға бағытталады.

Министрдің түсіндіруінше, оңалту жұмыстары шеңберінде аумақтардың радиоактивті ластанған учаскелерін қайта құнарландыру жұмыстары жүргізетін болады. Ал бүлінген топырақ қабаты көсіп-қазып алынып, "радиоактивті қалдықтар" ретінде арнаулы "Радиоактивті қалдықтарды сақтау пунктінде" орналастырылады.

Сонымен қатар, жаңа бағдарлама шаралары аясында ядролық сынақтар жүргізілген жерлерден радиоактивті ластанудың сыртқа таралуын шектеу үшін "радиациялық қауіпті объектілердің аумақтарына адамдар мен жануарлардың кіруіне" түпкілікті тосқауыл қойылмақ.

Бас энергетик сынақ алаңдары "шаруашылық айналымға берілмейтінін", сондай-ақ солардың аумағында қалған радиациялық қауіпті объектілерге адам мен жануарлардың кіруін шектеу үшін олардың қоршауға алынатынын айтады. Және бұл жай ғана биік дуал болмайды екен, онда "радиациялық қауіпті объектілердің физикалық тосқауылдар жүйесі" құрылады. Астарында құпия деректер жатқандықтан, ол жүйенің егжей-тегжейі хабарланбады. Тек ол жүйені ары қарай "бүтін күйде ұстау қамтамасыз етілетіні" жеткізілді.

"Ұсынылып отырған іс-шараларда полигонның таза аумақтарын шаруашылық айналымға қайтару үшін радиациялық ластанған аумақтарды реабилитациялау шараларын жүргізу бойынша барлық қажетті жұмыстар кешені қарастырылған. Бұл ретте бір нәрсені түсінуіміз қажет: полигон жерлерін толықтай оңалту мүмкін емес. Және оны біз мақсат етіп те отырған жоқпыз. Сынақ алаңдары "босалқы жер" құрамында мәңгілікке қалады және оларға кіруге шектеу қойылады. Бұл аумақтар тұрақты бақыланатын жерге айналады. Онда радиациялық қауіпті объектілерге радиациялық мониторинг жүргізу жүйесі жұмыс жасайды және әртүрлі ғылыми зерттеулер жүргізіледі", – дейді министр Қанат Бозымбаев.

Өз кезегінде Қазақстанның ұлттық ядролық орталығының радиациялық қауіпсіздік және экология институтының мамандары өткен жыл қорытындысы бойынша бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының барлық аумағының 56%-ын немесе 10 мың 410 шаршы шақырымын зерттеп шыққандары туралы хабардар етті. Қалған барлық аумақты тексеруді радиоэкологтар төрт жыл көлемінде аяқтауды жоспарлап отырған көрінеді.

Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков Семей полигонының солтүстігін, батысын және бүкіл оңтүстік-батыс бөлігін кешенді зерттеуге қажетті материалдарға МАГАТЭ жаһандық ұйымы сарапшыларының оң бағасын алғандарын айтады.

"Бірақ бар іс тек кешенді радиоэкологиялық зерттеулермен шектелмей, бірінші кезекте оңалту бағытында бірқатар басқа да жұмыстар жүргізілуге тиіс. Сондықтан оны қарастыратын бағдарламаны біздің мамандар әзірлеп шықты. Оны Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов те қолдады және премьер-министрдің атына бағдарламаны құптауын сұрап, арнайы хат жолдады. Бұл бағдарлама біздің еліміздің экологиясына да, сондай-ақ оның экономикасына да біраз пайда әкеледі", – деген сенімде Ерлан Батырбеков.

Ол аэрофототүсірілімдер жасау барысында полигон аумағында жаңа қауіпті объектілерді анықтағанын жеткізді. Бұдан бөлек, осы аумақтарда "гамма-катораж ұңғылар" қазу, жаяу жүріп, гамма-спектрометрлік түсірілімдер жасау жұмыстары жүргізілуде, ұңғылардан алынған тау жынысы үлгілеріндегі өзгерістер зерделенуде екен.

Орталық мамандарының бағалауынша, полигон жерінің бір бөлігін жарамды жағдайға келтіру үшін шамамен тоғыз миллиард теңгедей қаражат қажет.

Жалпы, мемлекет Семей сынақ алаңының жерлеріне жайдан-жай назар аударып отырған жоқ. Полигон жерлерін шаруашылық қызметке беру мәселесі жер жетіспеушілігі салдарынан туындады. Тапшылық кесірінен, полигон жанында тұрып жатқан адамдар оның шекараларына тақау жерлерде мал жайып, бақша салуға мәжбүр. Олардың өнімін, сәйкесінше, жергілікті тұрғындар мен өзге қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қауіпсіз ету, қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсарту үшін ел үкіметі ол жерлердің ластану деңгейін тексеріп, тазарту жұмыстарын жүргізуде. Ал мүлдем былғанған және адалауға жатпайтын аумақтар әлгінде айтылғандай, жан-жануар өтпестей етіп, қоршалады.    

Бұл ретте тазартылған бірқатар жерлерді тек өнеркәсіп, көлік, байланыс және космонавтика қажеттіліктері үшін ғана пайдалануға ұлықсат етілмек. Және бұл бағытта іс ілгері кетті. Мысалға, полигонның кезінде жер астында ядролық жарылыстар жүргізілген "Балапан" алаңында Қаражыра көмір кен орны игерілуде. Бұл отынды Шығыс Қазақстан облысындағы жылу-электр орталықтарының басым көпшілігі тұтынатыны мәлім.

Бұған қоса, ғалымдар мен мамандар радионуклидтермен ластану деңгейі республикада белгіленген нормадан аспайтын жерлерді де анықтапты. Ауыл шаруашылығы үшін сол жерлерді беру қарастырылуда.

Дегенмен, Семей ядролық полигонының бүкіл аумағы қазіргі кезде "запастағы жерлерге" кіреді. Ал халық пен бизнестің пайдалануына тапсыру үшін таза деп танылған телімдер "кадастрлық категорияға" көшірілуі керек. Яғни, Семей сынақ алаңы жерлерінің мәртебесін өзгерту мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу