Кәріпбек Күйіков: ядролық қарудан екі ел зардап шекті

4244

Ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастық нығаюда.   

Кәріпбек Күйіков: ядролық қарудан екі ел зардап шекті

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Сыртқы істер министрлігі БҰҰ қарусыздану мәселелері жөніндегі бақармасымен (UNODA) бірлесіп, барлық Ядролық қарудан азат аймақтар (ЯҚАА), халықаралық және өңірлік ұйымдар, бақылаушы мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен ЯҚАА арасында ынтымақтастықты нығайтуға арналған семинар өтуде.

Шара аясында суретші, халықаралық антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіковтің жеке көрмесі ашылды. Кәріпбек Күйіков Семей полигонының зардабын сөз етті.

"Біздің жоба ядролық қаруды толықтай жоюды мақсат етеді. Ядролық қару қолдану туралы айтқанда әлемдік қауымдастық Хиросима мен Нагасакиді еске алады. Ядролық қарудан тек Жапония ғана зардап шекті деген түсінік қалыптасқан. Қазақстан қырық жыл ішінде бес жүзден астам ядролық сынақтарды бастан өткергенін айтқанымызда, ядролық қарудан екі ел – Жапония мен Қазақстан зардап шеккенін түсіне бастады. Мен ядролық қару қолданудан бас тартпаған елдер басшылығына ядролық қарудан бас тартуды сұраймын. Бұл туралы суреттрім мен жұмыстарымда, барған елдерімде айтып жүремін",-деді антиядролық қозғалыс белсендісі.

Кәріпбек Күйіков өзінің алғашқы шығармашылық жұмысы мен өмірінің кейбір сәттерін есіне алды.

"Менің алғашқы жұмысым "Алғашқы жарылыс" деп аталады. Суретте өзім сезінген, көрген қорқынышты жеткізуге тырыстым. Туған ауылым полигоннан небәрі жүз шақырым жердегі Егіндібұлақ. Жарылыс болған кезде бірінші толқын біздің ауылды соғып өтетін. Үй дірілдеп, ыдыс-аяқ салдырлайтын. Көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген әкеме ілесіп ауыл-аймақты көп араладым. Полигон аумағына да кіріп көрдім. Балалары  науқас болып туған отбасыларды көп кездестірдім. Бұл зұлмат біздің отбасымызға да қатты әсер етті, анам 10 жыл бұрын қатерлі ісіктен қайтты",– деп күрсінді Кәріпбек Күйіков.

"Ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы консультациялық тетіктерді дамыту және нығайту" тақырыбын талқылауға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғарғы өкілінің орынбасары Томас Маркрам, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков, аймақтардың өкілдері, сондай-ақ бірегей ядросыз мәртебесі бар ел ретінде Моңғолия, мүдделі халықаралық ұйымдар, соның ішінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) пен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы өкілдері (ЯСЖТШҰ) қатысып жатыр.

Семинар Семей ядролық сынақ алаңының жабылуының тарихи күні – 29 тамызда, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күнінмен ұштасып отыр. Семинар қатысушылары бұрынғы және жаңадан пайда болатын аймақтар арасындағы ұзақ мерзімді саяси ынтымақтастықтың нақты механизмдерін қалыптастыру мақсатында ядролық қарудан азат аймақтардың институционализациясы бірлескен жоспарларын талқылайды.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу