Түркияда да ядролық қару бар

5896

Президент Реджеп Тайып Ердоған өз елінің өзге ядролық державалар тәрізді атомдық арсенал ұстағанын қалайды. 

Түркияда да ядролық қару бар

Мұнай мәлімдемені Ақ сарайдың қожайыны жақында елдің орталығында орналасқан Сивас провинциясында өткен Анадолы Экономикалық форумында жасады. Сол жиында Ердоған Түркияның әскери өнеркәсібінің кеңеюін жоғары бағалап, бұл сала бойынша АҚШ-пен, Ресеймен ғана емес, Қытаймен де келіссөз жүргізуге қарсы еместігін аңғартты. Тағы бір сөзінде Түрік Республикасының басшысы "кейбір елдер неліктен ядролық оқтұмсық тасымалдайтын зымырандар иеленіп отыр және де олардың саны біреу емес, екеу емес" деп таңданысын білдірді.

"Бірақ, мен ядролық ракета иелене алмаймын ба? Мұндай жағдайды қабылдай алмаймын. Дәл қазір дамыған әлемдегі елдердің түлге жуығында атомдық зымыран бар", ­­­­­­­­­­­­­­– дейді Тайып Ердоған.

Биыл белгілі болғандай, НАТО-ның батыстық әскери-одақтық ядролық доктринасына сәйкес, Америка Құрама Штаттары Түркия жеріне 50 шақты атомдық оқтұмсық орналастырған. Бельгияның De Morgen газетінің хабарлауынша, Солтүстікатлантикалық альянс бұл туралы мәліметті шілде айындағы баяндамасында абайсызда жариялап жіберген. Жаппай қырып-жоятын арсенал Инджирлик базасында Американың бақылауына алынып отыр. Алайда кейбір сарапшылар аймақтағы тұрақсыздық пен саяси алауыздық сол қарудың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деген пікірде.

1980 жылы Түркия Ресей, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Қытай тәрізді "мойындалған державалардан" басқа елдердің атомдық арсенал иеленуіне наразылық ретінде Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылды. Дегенмен қазір Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея және Израиль жаппай қырып-жоятын қаруды дамытып, оларды иеленіп отыр деген болжам бар.

1952 жылы НАТО-ға кірген Түркия "қырғи-қабақ" соғыс кезіндегі әскери одақтастарымен қатынасын шиленістіріп, бүгінде Ресеймен байланысын нығайтып отыр. Анкара таяуда Вашингтонның қарсылығына қарамастан, Мәскеуден жер-әуе сыныбындағы С-400 зымыран кешенін сатып алды. Түркия қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, сол ракеталық жүйемен жұмыс істеу үшін түрік мамандары Ресейдің Гатчина қаласында трейнингтен өте бастаған.

Бұған қарсылық ретінде президент Дональд Трамп шілдеде Түркияны F-35 әскери ұшақтарының бесінші толқынын жасау бағдарламасынан шеттетті. Ал, оның ресейлік әріптесі Владимир Путин өткен айдың соңында Мәскеу түбіндегі Жуковск Халықаралық әуежайында өткен Авиациялық және ғарыш көрмесінде Ердоғанға Су-57 әскери ұшағының бесінші толқыны мен Су-35 ұшақтарын көрсетті.

Осы ұшақтардың біріншісін тамшалап болғаннан кейін Ердоған мұны сатасыздар ма деп Путинге сауал тастады. Сол сәтте Кремль басшысы "йә, оны сіздер сатып ала аласыздар" деп жауап берді.

Кімде қанша атом бомбасы бар

Америка ғалымдары федерациясының 2017 жылғы мәліметіне қарағанда, әлемде шамамен 14 жарым мыңнан астам ядролық оқтұмсық бар.

Дегенмен Түркияның Америка қаруына қызығушылығы әзірге жоғалған жоқ. Осы айдың басында Ердоған мәлімдегендей, ол АҚШ-тан Patriot зымыран кешенін сатып алу мәселесін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының таяуда басталатын сессиясында талқылауға әзір. Бұл құрлық-әуе ракеталық кешені ұшақтарды емес, баллистикалық зымырандарды ғана құлатуға арналған. Ал, С-400  екеуіне де жарамды. Бірақ, Ердоғанның сөзінше, Құрама Штаттар бұл қаруды Түркияға Ресейдікіндей шарттпен ұсынуы керек.

Анкара Сирияда Вашингтонмен де, Мәскеумен де бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Алайда, үш елдің араб республикасындағы мүдделері әртүрлі. Түркия бір кездері АҚШ-тың қолдауымен президент Башар Асад үкіметін құлатуға күш салған сириялық көтерілісшілер үшін - соңғы демеуші. Сөйте тұра Ердоған үкіметі Асадтың одақтастары – Иран мен Ресейге қосылып, ұшжақты бейбіт процестерге үлес қосып жатыр.

Тағы бір айта кететін жайт, жақында Түркия Сирияның солтүстігіне әскер кіргізіп, сол ауданда құрылған "қауіпсіздік аймағында" Америка жауынгерлерімен бірге патруль жүргізе бастады. Және де бұл ауданнан АҚШ-қа арқа сүйеген, бірақ, Түркия террористік ұйымдар тізіміне енгізген күрд отрядтары әкетіліп, олардан босаған территорияларға түрік жеріне өтіп кеткен 3,6 миллион сириялық босқынның 1 миллионы шоғырланады деген болжам бар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу