Семей тері-былғары комбинаты банкрот болды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
18186

Комбинаттың дүние-мүлкі Қазақстан инвестициялық қорының иелігіне өтеді.  

Семей тері-былғары комбинаты банкрот болды

Шығыс Қазақстан облыстық ма­мандандырылған ауданаралық экономикалық соты Семей тері-былғары комбинатын банкрот деп жариялады.

10 жыл бұрын комбинат шикізат тапшылығының салдарынан тығырыққа тірелді. Ал 2008 жылы үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы кәсіпорынның тамырына қан жүгіртіп, екінші тынысын ашты.

Комбинатты қайта іске қосу үшін Қазақстан Даму бан­­кі қарыз берді. Осы қарыз комбинатты қазіргі күйге душар қылды.

Ком­би­нат­тың бас директоры Жұмағазы Ра­хым­­ғалиев кәсіпорынның банкротқа ұшырауына қаржы ұйымы кінәлі деп отыр.

"Осыдан 11 жыл бұрын Қазақстан Даму банкінен комбинаттың жұмысын жандандыру үшін 3,3 млрд теңге қарыз ал­дық. Келісім бойынша алдағы 12 жылда қарыздан құтылуға тиіс болдық. Қаржы ұйымы алғашқы жылы қаржыны дер кезінде аударып тұрды. Ал екінші жылы қаржы бөлуді тоқтатты. Біз 1,4 млрд теңгені уақытында ала алмағандықтан, жұмысты бастай алмадық. Жұмыс жүрмегендіктен са­­лық төлей алмадық. Ақырында  есеп­шотымыз бұғатталды", – деді ол.

Жұмағазы Ра­хым­­ғалиевтің сөзінше, 2010 жылы Қазақстан Даму банкі

ком­бинатты Қазақстан инвестициялық қо­­рына проблемалық несиесі бар кәсіпорын деп көрсеткен. Осыған қарамастан комбинат жұмысын жалғастыра берген.

"Біз аяқкиім шығаратын фабрикаларға тері өткізіп, жұмысшылардың айлық жалақысын беріп отырдық. Ал салық төлеуге жағдайымыз жетпеді. Семей мемлекеттік кі­ріс­тер басқармасы 65 млн теңге қарызды төлету үшін комбинатты сотқа берді. Біз салық төлеуден жалтарып отырған жоқпыз. Өндірістік қуатымыз айына 120 млн теңге салық тө­леуге жетеді. Бірақ бізді жан-жақтан қысып жатыр. Комбинатты сақтап қалу үшін өз қал­­тамнан қыруар қаражат жұмсадым. Әйелімнің атындағы барлық мү­лікті банкке

кепілдікке қойдым. Қазір екінші деңгейлі банктен несие алып, мәселені шешетін мүмкіндігім жоқ", – деді бас директор.

Семей тері-былғары комбинатының қызметі тоқтаса, еліміздегі аяқкиім

фаб­­­рикаларының шаруасы шатқаяқтайды екен. Бұл туралы

жеңiл өнеркәсiп кәсiпо­рын­дары қауымдастығының президенті Любовь Худова: "Біз қыркүйек айында дабыл қағып, премьер-министр Асқар Маминге Семей тері-былғары зауытының мәселесін шешу туралы хат жолдадық. Италияндық тех­но­­логиямен тері өңдеп отырған комбинат еліміздегі аяқкиім фабрикаларын шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. Оның жұмысы тоқтаса, еліміздегі 9 аяқ­киім фабрикасының кәсібіне қауіп төнеді. Қазақстан Даму бан­­кі міндеттемесін тиісінше орындамай отырғанына қарамастан, Семей тері-былғары комбинатына кепілге қойылған мүлікті көбейту туралы талап қояды. Сот банктің сөзін сөйлейді. Неге?", – деді қауымдастық президенті.

Любовь Худованың айтуынша, Семей тері-былғары комбинаты 130 жылдық тарихы бар кәсіпорын. Оны банкрот деп жариялау дұрыс шешім емес.

Белгілі болғандай, Семей тері-былғары комбинатының дүние-мүлкі Қазақстан инвестициялық қорының иелігіне өтеді.

"Комбинат  банкрот деп танылғанмен біржола жабылмайды. Алдағы уақытта

комбинаттың жұмысын жалғастыру үшін инвестор іздестіріледі. Инвестор табылғанша, комбинат жалға берілуі, ал сатылса, құнын бөліп төлеу әдісі қолданылуы мүмкін. Қор комбинаттың барлық дүние-мүлкін басқаруына алады. Жұмыс орындары толық сақталады. Ешкім далада қалмайды", – деді Қазақстан инвестициялық қорының активтерді басқару департаменті директорының орынбасары Светлана Неустроева.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу