Шығыс Қазақстан облысында 29 414 адам жеке тұрғын үй кезегінде тұр. Әсіресе, жерге деген сұраныс Семей қаласында сұрапыл. Шаһар аумағынан 10 жаңа тұрғын үй ауданы бой көтергеніне қарамастан, кезек сейілер емес. Ал Өскеменде жерге деген сұраныс бұрынғыдан әлдеқайда бәсеңсіген. Мұнда ниеттілердің саны 3 903 адамды құрап отыр. Өзге аудандардың ішінде Зайсан, Ұлан, Аягөз аудандарында және Риддер қаласында кезек бар.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Есенгелдинованың айтуынша, жер үйге салым аударушылардың саны мардымсыз. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында типтік жоба бойынша салынатын жер үйлерді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несиеге алу ұсынылып келеді. Басқарма өкілінің сөзінше, бұл ұсынысқа үн қатқан тұрғындар саны өте аз.
"Семей қаласында жер алуға өтініш бергендердің ішінен 1 171 адамды арнайы тіркеуге алған болатынбыз. Олардың тек 152-сі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашты. Ипотекалық несиеге ниет білдірген 56 адамның тек біреуі ғана төлем қабілетін растады. Ал Өскемен бойынша тек бес адам банк арқылы жер үй алуға өтініш берген. Алайда оның ешқайсысы төлем қабілетін растамаған" – дейді Айгүл Есенгелдинова.
"Нұрлы жер" бағдарламасының негізгі талаптары нақтыланған тұста Өскемен мен Семей қалаларында №28 шағын аудан мен "Ақсай" ауданы пилоттық аудандар ретінде бекітілген болатын. Ілкі жоба аясында бұл екі ауданға инфрақұрылым тарту үшін миллиондап қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде су, электр қуаты, кәріз жүйесі тартылды. Ендігі кезекте жер үй салуға құлықты компаниялар құрылыс бастауы тиіс болған. Алайда, өскемендік құрылыс компаниялары бұл бағдарламаға қатысудан тартынып отырған көрінеді. Мәселен, №28 шағын ауданда 655 жер телімі бос тұр. аталған бос орындар бойынша құрылысқа мемлекеттік конкурс жарияланған болатын. Конкурс бір емес, екі қайтара өткізілсе де, ниет танытқан ешкім болмапты. Ал Семейде жағдай керісінше. "Ақсайда" құрылыс жүргізуге бірден төрт компания талпыныс танытқан.
Облыс әкімі Даниал Ахметов бағдарламаға қаржы бөлген соң нәтижесін қадағалау керектігін ескертті.
"Нұрлы жер" бағдарламасына 3 млрд теңгеге жуық қаражат бөлдік. Ал өскемендік компаниялардың үй салатын түрі көрінбейді. Семейде жағдай сәл басқаша. Демек, қаржыны Семейге бағыттау керек. Өскеменнің жарата алмаған қаржысын сонда аударамыз. Өйткені, онда жұмыс істеуге ниетті компаниялар жеткілікті", – дейді Даниал Ахметов.
Мұндай сәйкессіздіктер келешекте қайталанбауы үшін аудан және қала әкімдері жер кезегінде тұрған азаматтардың төлем қабілетін анықтап, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие алуға ниетті екенін нақтылауы қажет.
"Былтыр маған Өскеменнің іргесіндегі №20 шағын ауданның тұрғындары жүгініп, электр қуатын тартып беруді өтінген болатын. 1 миллард теңгеге жуық қаржы бөліп, өтініштерін орындадық. Қазір сол ауданда құрылыс қызып жатыр деп айта алмайсыз. Сонда санаулы үйдің қалауы үшін мемлекет қаржысын шығындаған болып отырмыз. Осындай қателіктер болмауы керек. Мүмкін халық жер үйді несиеге алғысы келмейтін шығар. Осыны нақтылау үшін әр әкім кезектегілердің төлем қабілетін анықтасын. Егер ел "Нұрлы жер" бойынша үй алғысы келмесе, қаржыны көпқабатты үйлердің құрылысына бағыттаймыз. Оған халықтың сұранысы өте жоғары" – дейді Даниал Ахметов.
Есімжан Нақтыбайұлы