Қиярдың қарбыздан несі кем

2819

Павлодарское ауылының әкімі тұтынушыларды алыпсатарлардан құтқармақшы.

Қиярдың қарбыздан несі кем

"Біздегі статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауыл тұрғындары бір маусымда 300 тоннаға дейін қияр сатады. Оның барлығын мейрамханалар мен жергілікті базарлардың алыпсатарлары бірінші болып сатып алады, осыдан соң өнім Павлодардың сауда нүктелеріне, Ресейге жөнелтіледі. Алыпсатарлар қияр бағасының үстіне 100% үстемебаға қосады", – деп abctv.kz-ке жағдайдың мән-жайын жайып салды Павлодарское ауылының әкімі Аждар Жүсіпов.

Павлодар қаласының маңындағы елдімекен ертеден қиярымен әйгілі, бұл кәсіппен мұнда бірнеше ұрпақ айналысып келеді. Тіпті әр ауладан жылыжай, дәлірек айтсақ, көшет өсіретін орындарды көруге болады, онда қиярдың 15 түріне дейін өсіріледі. 1700 ауласы бар ауылда шамамен 600-ге жуық жылыжай бар.

"Бізге бұл істі ата-анамыз, ал оларға кезінде ата-әжеміз үйретті, қазір біз өз балаларымызды қияр өсіруге баулып жатырмыз. Алғашқы қиярды сәуір айында еге бастаймыз. Биыл біз қиярдың "линара" деп аталатын жаңа сұрыпын ектік, бұрындары "маша", "герман" қиярын өсіретін едік. Бірақ сатып алушылар Павлодар жылыжайында өсірілген қиярдың барлығын "миринда" деп атайды, себебі олар дәмді", – деді abctv.kz  порталына кәсіпкер Оксана Воронина.

Науқан кезінде ол екі күнде 250 келіден жарты тоннаға дейін өнім өткізеді. Өткізілген өнімнің мөлшері көп болған сайын, бағасы арзандай береді, мұндай шартты, әдетте алып-сатарлар қояды. Сондықтан жергілікті әкім бұл жағдайды өзгертуге бел буды. Бірінші қадам ретінде ол ауылда базар ашты, сөйтіп қала тұрғындарына осы жерден жылыжай қиярын сатып алуға мүмкіндік туғызды.

Оның жоспары бойынша келесі кезең – ауылда логистикалық орталық ашу.

"Бүгінде оңтүстіктегілер, ресейліктер біздің қиярымызды жүк көліктеріне тиеп әкетіп жатыр, бірақ "Рахмет" нарығындағы алып-сатарлардан алады, яғни бастапқы бағамен емес, үстеме бағамен сатып алады. Сондықтан қиярды тікелей өндірушіден алғаны дұрыс болар еді. Меніңше, біздің нарықта мұндай мүмкіндік бар", – дейді ауыл әкімі.

Сонымен бірге ол жергілікті жердің өнімінен "ЭКСПО" қонақтары да дәм татады деген үмітте: "Біздің қияр осы көрмеге жол тартуға лайық деп ойлаймын. Қиярымыз бренд атанса екен дейміз. Біз қарбызымен әйгілі Лебяжі тұрғындарынан қай жеріміз кем?"

Павлодар облысында екі ірі жылыжай бар, оның көлемі бес гектар. Сонымен бірге көлемі бір гектардан аспайтын тоғыз шағын жылыжай бар. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Қасеновтың айтуынша, жыл соңына дейін облыста тағы екі жылыжай ашылады, онда қызанақ өсіріледі.

"Голландиялық жабдықты сатып алуға және 3,5 гектар жерде инфрақұрылымды дамыту үшін жергілікті және Өзбекстан инвесторлары бір млрд теңгедей қаражат салды. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жылыжайға жылу тиімді тарифпен Ақсу электр стансасынан тартылатын болады. Бұл жердегі жылыжай Екібастұздағы роза өсіретін Greenhouse KZ ЖШС жылыжай шаруашылығы сияқты болады. Қорыта айтқанда, инвестор жыл соңына дейін бес гектар қызанақ өсіруді қолға алып, оны бірте-бірте 30 гектарға дейін арттырмақ".

Спикердің айтуынша, былтырғы жылы қызанақ өсірумен айналысқан ірі павлодарлық жылыжай биыл қияр өсірумен айналысқан.

"Бұл жерде экономикалық мүдде басым болды. Қызанақтың өзіндік құны қиярмен салыстырғанда жоғары. Көктемде қиярдың  алғашқы өнімін жинап алдық,  тіпті Ресейдің жақын өңірлеріне шығардық. Биылғы жылы қыста өз қиярымызды жеу үшін  100% қуаттылыққа шығамыз деп жоспарлап отыр. Бірақ инвесторлар кейін қайта қызанақ өсіретін болады. Статистика бойынша, өліарада 2,8 мың тоннаға дейін қызанақ өсірілуі керек, ал қазіргі таңда сұраныстың тек 30%-ын ғана қамтамасыз етіп отырмыз", – деді Бауыржан Қасенов.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу