"Қоғамдық пікірдің индикаторы саналатын қазақтілді БАҚ әдебиет, мәдениет тақырыптарын тренд көреді"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4196

БАҚ өкілдері әншілердің күнделікті тұрмысын тізуді қойып, IT саласына бет бұрса, биліктің де назары технократтарға ауар еді.  

"Қоғамдық пікірдің индикаторы саналатын қазақтілді БАҚ әдебиет, мәдениет тақырыптарын тренд көреді"

Тоғжан Қожалиеваның есімі бизнес-элитаның ортасында жақсы таныс. Ол осыған дейін  "KazEnergy" қауымдастығының атқарушы директоры қызметінде болды. Түрлі саяси, экономикалық мемлекеттік құрылымдарда шыңдалды. Сарапшы ретінде Астана экономикалық форумына қатысты.  Қазір Қазақ-Британ техникалық университетінде еңбек етіп жүрген экономист abctv.kz-ке эксклюзивті сұхбат берді.

–  Тоғжан, өткен  айдың аяғында  Қазақ-Британ техникалық университеті мен Қаныш Сәтпаев атындағы  Қазақ ұлттық техникалық  университеті бір-бірінен бөлінді.  Екі жоғарғы оқу орны қосылған кезде "Бір салада маман дайындайды" деп түсіндірілген еді. Қазіргі жағдайды қалай түсіндіресіз?

–  2015 жылдың 25 қазанында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы техникалық білім беретін екі жоғары оқу орнын біріктіру процесін бастау туралы тапсырма берді.  2017 жылдың бірінші қазанында жоғарыдағы білім ордалары бір-бірінен қайта бөлінді. Қазақ ұлттық техникалық универсиетінің ректоры ҚБТУ-дың акцияларын сатып алуға университеттің қаржысы жетпейтінін айтты. Бөлінуге осы жайт бірден бір себеп болды.

– Құпия болмаса айтыңызшы, ҚБТУ-дың активтері қанша теңгеге бағаланып отыр?

ҚБТУ активтері  3 еншілес компаниясын қоса есептегенде шамамен 16 млрд  теңге. Мұндай сомадағы активті сатып алу кез келген жоғары оқу орны үшін оңай шаруа емес. Себебі отандық жоғары оқу орындарына түсуге талаптанған түлектер қатары жыл сайын азайып барады. Ал шығын көп. Демеушілер беретін көмек мөлшері де жылдағыдай емес. Себебі қазба байлықтың құны құлдырап жатыр.

– Екі оқу орны біріккеннен кейін әлеуеті артып, шығынның бір бөлігін болса да жабуға қауқарлы болған шығар.

Әрине, оқу орындарының қосылуы аясында біріккен ғылыми кеңес құрылды. IT, мұнай-химия салаларында ортақ жұмыс атқарылды.

Бұған дейінгі біріккен жобалар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

Себебі техникалық университет экономиканың өндірістік саласына бағытталған, ал ҚБТУ hi-tech бағытын бетке алған.

– Бірігіп жұмыс істей беруге не кедергі болды?

– ҚБТУ соңғы жылдарда мұнай-газ саласында маман  дайындаудың көшбасшысына айналды. Екі ЖОО-ның бірігуіне байланысты мұнай-химия, геология, мұнай-газ факультеттерінің жабылу қаупі туды. Мұнай-газ саласына аса қажетті мамандар осы факультетте дайындалды. Бұл фактор да университеттің қаржылық жағдайына әсер етті.

Қазір еліміздегі барлық жоғары оқу орындарына құжат тапсырған түлектер саны 30%-ға кеміп кетті. Қазақстанда оқу ақысы ҚХР немесе Ресейдегі жоғары оқу орындарымен салыстырғанда қымбат. Бұл – бір. Екіншіден, біздің елдегі оқу орындарының дипломы барлық жерде жұмысқа тұруға кепілдік бере алмайды.

Таяуда "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы елдегі жоғары оқу орындары түлектері мен өндіріс арасындағы байланысқа, өндірістің жоғарғы оқу орындарының түлектеріне деген сұранысына және жас мамандардың айлық жалақысына мониторнинг жүргізді. Қорытынды еліміздің батыс өңірлеріндегі жоғарғы оқу орындарының түлектері оңтүстік өңірлермен салыстырғанда жұмысқа кедергісіз тұратынын көрсетті.

Алматыда ҚБТУ, ҚазҰУ, КиМэп, Нархоз түлектеріне сұраныс жоғары. Демек отандық жоғары оқу орындарына өзгеріс қажет. Өйткені жоғары оқу орнына түлектердің қолына диплом берумен айналысатын мекеме деп қарау өткеннің еншісінде қалды.

Елдегі ең мықты екі жоғары оқу орындарының екі жыл бірігіп атқарған жұмысынан қандай сабақ алдыңызда?

– Біз қателіктен де, жетістіктен де сабақ алдық. Қазір ҚБТУ-ды дамытудың жаңа стратегиясын дайындап жатырмыз.

Сонда елбасының: "Бірігіңдер, интеллектуалдық мүмкіндіктеріңді қосыңдар" деген концепциясы өзін-өзі ақтамады ма?

– Концепция дұрыс, мәселе оның орындалу менеджментінен туып тұр.

Сіз осыған дейін "KazEnergy" қауымдастығында жұмыс істедіңіз. Жеке секторда жүрген жас буын көз алдыңызда қалыптасты. ҰБТ жүйесі жастардың ойлау жүйесіне қалай әсер етті?  

– Оқушы 10-11 сыныпта ҰБТ-ның шеңберінен асып ойламайды. Басқа тақырыптардан шектеледі. Нәтижесінде мамандықты оқушы емес, ҰБТ нәтижесі таңдайды. Сол себепті мамандардың өз саласында еңбек етуімен етпеуі күн тәртібінде қала береді. Жоғары оқу орнының жұмыс нәтижесі осыған қарап бағалар болса, талай ректор қаржы мәселесіне емес, маман даярлаудың сапасына ерекше назар аударар еді.

Жастардың бойында ұлттық рухты көтеру бүгінгі күннің тренді. БАҚ бетінде жарияланған мақалалар да осы тақырыпты айналып өтпейді. "Ұлттық код деген не?" деген сұраққа берілген жауаптың да жүз түрі бар. Бұған не дейсіз?

Ұлттық рухтың коды  ұлттық болмыстың жиынтық нәтижесі. Жалтақ, тәуелді және жігері жасып қалған ұлтта ұлттық рух болмайды. Ұлттық рухты  жекелеген батырлардың жауынгерлік рухынан көреміз. Мүмкін ол қазір батырлар жырында ғана болар. Бірақ оның бәрі біздің тарихымызға және біздің ұлтымыздың тарихына қатысты.

Мен мемлекеттік мүдде және ұлттық мүдде деп бір-бірінен бөлуді қабылдай алмаймын. Олар біртұтас әлем. Біртұтас ұғым. Ұлттық идея біздің қанымызда бұғып жатқан рух жасушаларын  түртіп оятатындай күшке ие болуы керек. Қазақтың қанында  рухқа дем беретін  жасуша болса, оның иммундық қабілеті сыртқы күштерге дес бермейді. Себебі біз қазақтар "мың өліп, мың тірілген халықпыз". Ұлты жойып жіберуге бағытталған қатерге деген қарсылықты уақыттың өзі қалыптастырды.

Тарихта қазақты ұлт ретінде мақсатты түрде жойып жіберуге талпынған талай әрекет болды. ХХ ғасыр басындағы қанды қырғын ашаршылық пен қуғын-сүргінде қазақтың зиялылары атылды, түрмеге қамалды. Бірақ бойымызда ұшқын, қанымызда рухтың көзін ашатын жасуша  жойылмады. 

– Біз рухтың  көзін тұмшалап тұрған кедергіні жоюға кірістік. Нәтижесін қашан көреміз?

– Жапонияны қараңызшы, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі  қиранды экономикадан соң алып державаға айналды. Себебі Жапонияның реформаторлары жапон  ұлтының қанындағы жасушаларға жан бітірді. Жапондарды ұйқыдан оятқан күш  "қуып жетеміз" немесе "басып озамыз" деген ұран емес. Сондықтан олардың экономикадағы феномені бізге жұмбақ. Нақты нәтижеге жету үшін уақыт керек. Қандай да бір істі бүгін бастап, іле-шала жемісін жеуге ұмтылу қате түсінік.

Біреуді қуып жету мен басып озу КСРО идеологиясының сарқыншағы. Әлемдік технология, бейнелеп айтқанда ғарыштық деңгейде. Біз жердеміз.

– Бізге әлемдік технологиялар нарығында бір тетікті болса да ойлап тауып, әлемдік тізбекке қосылу маңызды. Мен үшін біреуді қуып жету емес, көштен қалмау маңызды. Бала күнімде әжем мен атамның: "біреудің алдына түсіп кетсең жон арқаңнан пышақ салатындар табылады, артында қалсаң, солардың шаңын жұтып, рухың жасиды. Қатарыңнан қалмасаң несібең сені өзі іздеп табады" деген сөздері жатталып қалыпты. Рух эволюциясы қолдан басқарылмайды. Оған уақыт керек.

–​ Уақыт керек, бірақ уақыт бізбен санаспайды.  Жастар,  мамандар елден  кетіп жатыр.  Оның ішінде IT мамандары. Егер осы үрдіс жалғаса берсе, біз әнші мен бишінің, сосын әлеуметтік желілердің бетін  бермейтін блогер-популистердің, тренингшілердің отанына айналып, қазақ даласын ән-күй мен блогерлер арасындағы таусылмайтын пікір ордасына айналдырамыз ба?

–  Иә, кетіп жатыр. Себебін өзімізден іздесек, ол біздің сұхбатымыздың форматына сыймайды. Біздің экономика технологиялық дамудың ағынына ілесе алмай отыр. Технология  тілін меңгерген жастар аз.

Біз дарынды жастарды елде қалдырудың тетігін ойластыра алдық па?

– Дамыған елдерде экономикалық емес, демографиялық дағдарыстың сипаты басым. Әлем халқы қартая бастады. Жапония да, ҚХР-да, тіпті Ресейде оның экономикаға әсері сезіле бастады. Әлем ақылды адамдарды қолына шырақ алып іздеп жүр. Шекаралардың ашықтығы  бұл үдерісті тездетіп отыр.    
Жапония, ҚХР, Ресей сырттан маман тартумен бірге өздерінің ерекше қабілетті адамдарын сақтап қалу үшін жанталасып жатыр. Ал Қазақстан мамандарын сыртқа экспорттайтын елдердің қатарына жақындай бастады.

 Біздің IT мамандарымыздың деңгейі қандай?

– Өте мықты. Мысалы қазақстандық Данияр Ахметовтың осы сала бойынша Жапонияда бірнеше компаниясы бар. 19 жыл бұрын біздің политехты бітіріп, Мәскеуге кеткен. Мәскеуден Жапонияға барған. Ресейдің Яндекс компаниясының иесі - Аркадий Волож біздің физика-математика мектебінің түлегі. Жақында елге келіп, өзі оқыған мектептен яндекс мектебін ашты. Аркадий Атыраудың жігіті, жоғарғы сыныпта физика -математика мектебіне қабылданды. Мектептен соң Ресейге кетті.

ҚБТУ-дың түлектеріне, оның ішінде IT магистранттарына Ресейдің "Газпром", "Атомпром" компаниялары үнемі "құда түседі". "Газпромның" ақшасы дүниежүзіндегі ең мықты  IT мамандарын сатып алуға жетеді. Олар соңғы 5 жылда тек Қазақстанның жас мамандарымен жұмыс істеп жатыр.

Олардың шаруаларын 22-23 жастағы  магистранттарымыз оп-оңай тындырып жүр.

– Талантты жастарды біз неге танымаймыз?

–  Олар өздерін жарнамаламайды. Бұған қоса қоғамдық пікірдің индикаторы саналатын қазақтілді БАҚ әдебиет, мәдениет тақырыптарын тренд санайды. БАҚ өкілдері әншілердің күнделікті тұрмысын тізуді қойып, IT саласына бет бұрса, биліктің де назары технократтарға ауар еді. 

Қазір бізге бір зертханада үлкен жобалармен жұмыс істеп жатқан жас маман емес, сыртта шетелдік компанияларда жауапты қызметте жүрген қазақ маманы маңызды. Барымызды бағаласақ, қолдау болса, қабілетін қажетсінетін орта табылса,  елден ешкім кетпейді.

Белорустар IT мамандарының хабын ашты. Мемлекет соған жағдай жасады. Қазір ол ел ТМД елдеріндегі IT мамандарының орталығына айналып отыр.

 Біздегі жағдай қандай?

– Біздегі жағдай талқылау деңгейінен асқан жоқ. Технопарктерге қараңызшы, жұмсалған қаржыны ойласаң, ішің ашып, жылап жібересің.   Елбасының идеялары мықты. Бірақ нәтиже жоқ. Себебі бюджет, менежджмент... Айта берсең көп.

–  Жақында қырғыз елінде  жоғарғы кеңеш "елге келген  инвестицияның қажет жерге жұмсалуын қадағалайтын орган керек, ол тек президентке ғана бағынсын, келген қаржы оффшор арқылы сыртқа кетпесін" деген ұсыныс айтты. Ал қазақ жеріне келген инвестиция қажетті жерге жұмсалып жатыр ма?

– Инвестиция барлық елге керек, ол бізге де қажет. Бір ҚХР-дан келісімшарт бойынша 2 млрд АҚШ долларын қарызға алдық. Ол қаржының қайда жұмсалатыны ресми түрде хабарланды.  Бірақ ҚХР-дан алған қарызымыз қанша, Қазақстандағы қытай бизнесінің жылдық айналымы қандай, инвестиция бізге қандай шартпен берілді деген сұрақтардың жауабын жұмбақ күйінде қалды. Мен тек Қытайды ғана айтып тұрмын. Біз Қытайдан басқа мемлекеттерден де қаржы тартып отырмыз.

 ҚБТУ мұнай-газ компанияларына тиесілі деген сөз бар.  Бірақ қалталы компаниялардың ықыласы тек ҚБТУ-мен шектеліп қалған. Бір жылда отандық жоғары оқу орындары 500-ден астам сыртқы саясат саласының маманын дайындайды. Ал сыртқы істер министрлігінің қажеттілігі  5-6 маманды ғана құрайды. Сонда өзгелерінің сұрауын кімнен іздейміз?

–  Ресейде мұндай тәжірибе бар. Олардың бізден айырмашылығы ғылым академиясы мемлекеттің балансында.  Сондықтан мұнда маман даярлау ісі жүйелі жүргізіледі. Ресейде білім мен ғылым ондаған бағдарламаның сынақ жасайтын алаңына айналмаған.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы осы бағытта біраз ұсыныс айтты. Қазір тиісті заңның жобасы талқыланып жатыр. Егер ол қабылданатын болса, білім грантының саны жоғары оқу орындарының рейтингі және жұмыс берушілердің сұранысына қарап белгіленетін болады.

Таяуда бас прокуратураның өкілі Бағдат Мусин Алматыда Айфон-7 телефонын жасап шығарған жастарға араша түсті. "Оларға технопарктерден орын берейік, қаржыландырайық", деді. Елге келіп жатқан технологияның бәрі 100% бренд компанияларға тиесілі емес екенін білеміз. Сырттан сапасыз тауар әкеліп, 18 миллион тұтынушысы бар нарықты таңдау қабілеті төмен  нарыққа айналдыру кімге тиімді?

Алдағы онжылдықта әлемді мықты технологиямызбен өзімізге қаратып алатынымызға өз басым  сенбеймін. "Басып озамыз, "мықты технология шығарамыз" немесе "әлемде баламасы жоқ технология бізде шығарылды" деу утопия. Сондықтан БАҚ өкілдері жаңа ашылған өндіріс орындарынан репортаж жасағанда осы тіркестерді ойланып айтсаңыздар жөн болады. Тамыр-танысын пайдаланып, фальш-жобасына миллиондаған мемлекеттің қаржысын алып,  Қытайдан арзан технологияны вагонмен тасып, "Қазақстанда жасалған" деген белгі қоятындар өз-өздерін алдап жүргендер.

Сондықтан мен бұған телнұсқа тауар демей, трансферт технология деген атау беріп, оны шығарумен айналысқандарға еркіндік беруді ұсынамын.

Қателігіне  түсіністікпен қарайық. Олардың өнімі бренд болмай-ақ қойсын, бастысы олар өздері жасаған өнімдерін қолтаңбаларын қалдырады.

Мысалы күні кеше ҚХР әлемдегі ең атақты компанияның 51% акциясын сатып алды. Бұл сол компанияның өнімі ҚХР-ға тиесілі деген сөз. 1990 жылдардың бас кезіндегі оқиғаларды еске түсіріңізші. Бізге сол кезде ҚХР-дан қандай өнімдер келді. Қазір қандай? Қытай ширек ғасыр ішінде трансферт тауарлардың көмегімен әлемді жаулап алды.

Мүмкін алдағы 20-30 жылда "Apple" корпарациясы акциясының 51%-ын Алматыда айфонның трансферін жасап жүрген балалар сатып алатын шығар. "Қазақтар өзін-өзі таныған күні әлемді жаулап алады" дегенді біз айтқан жоқпыз. Ресей патшаларының бірі айтты. Елбасы "Рухани жаңғыру"  бағдарламасы арқылы қазаққа тамырына қайта оралуға мүмкіндік беріп жатыр. Қазақ өзін-өзі тани бастады. Оған дәлел  әлемнің ең алпауыт компаниялардындағы жауапты қызметте қазақ балалары жүр. Олардың  қаржы жинап, Қазақстанға үлкен капиталмен қайтып келетініне сенемін.

Әзірге өзімізге қажетті технологияның трансфертін өзімізде шығарып алудан өзге жол жоқ тәрізді ме, қалай?  

– Бізге ішкі нарықты өз  күшімізбен толтырып алу қажет. Тері илеу технологиясын түлетсек, қанеки?!  Кезінде АҚШ технология жағынан Жапонияға, тері өнімдерін өңдеу мен туризм индустриясын дамыту бойынша Түркияға көмектесті. Екі елдің де көтерілуіне тек рухы емес, АҚШ-тың қаржысы әсер етті. Ұлттық капитал оны іліп алып кетті. Сондықтан инвестициялық климатты тек шетелдіктерге емес, өзімізге де қалыптастыру керек. Шетелдіктер бүгін келеді, ертең кетеді. Біз олардың бастаған ісіне ие болып қалуымыз керек.

Сырттан келген қаржының бәрін жұта беретін кезден өттік. Күні кеше сыртқы істер министрі Қазақстанның көмекке мұқтаж елден донор елге айналғанын айтты.   

– Бізге халықаралық аренада беделі жақсы, елге озық технология алып келетін елдерге басымдық берген дұрыс. Шеттен келген инвесторлар әлеуметтік урбанизациялық климатты жақсартуға ықпал етіп отыр ма? Осыған да назар аударып қойған дұрыс. Атыраудағы  "Шеврон" жұмысшыларына қандай әлеуметтік пакет ұсынып отыр? Ол әлеуметтік пакетке басымдық беріп келеді. Ал Ақтөбедегі ҚХР компаниялары жұмысшыларына қандай әлеуметтік жағдай жасап отыр? Үндемейсіз, себебі бұларды бір-бірімен салыстыра алмаймыз.

Бізге экономикалық жағдайымызды ғана емес, халқымыздың әлеуметтік жағдайын көтеретін инвесторлар керек. Біз сондай елдерге ашық инвестициялық саясат орнатуымыз керек.

Жалпы, ТМД -да  инвесторларды таңдап, көңілге қонғандарына ғана  елге келуге рұқсат беретін елдер бар ма?

– Бар, мысалы Грузия. Бұл ел инвесторлар арқылы елдің экономикасын ғана емес, әлеуметтік жағдайын да көтеріп отыр. Грузия инвесторлардың көмегімен халқының 100%-ын әлеуметтік пакетпен қамтамасыз еткен ел.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу