Қой шаруашылығын құлдыратып алдық – сарапшы

4985

Қазір халқымыз қойды еті үшін ғана өсіреді. 

Қой шаруашылығын құлдыратып алдық – сарапшы

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, сарапшы Аманқұл Нысанбаевтың айтуынша, Үкімет қой шаруашылығын дұрыс дамыта алмай отыр. Қойдың жүні мен терісі қоқысқа тасталып, халқымыз Шопан ата тұқымын еті үшін ғана өсіретін болды.

"Ауыл шаруашылығы саласында шешімін таппаған түйіткілді мәселе көп. Әсіресе, мал шаруашылығындағы мәселе шаш-етектен. Кеңес одағы тарағаннан кейін ауыл адамдары бұрыннан өсіріп келе жатқан қой тұқымдарынан бас тартып, тек қазақы Еділбай тұқымдарын өсіруге көшті. Біздің қателескен жеріміз осы болды. Кеңестік кезеңде жер жағдайына байланысты шаруашылықтар биязы жүнді меринос, арқар-меринос, қаракөл, жартылай қылшық жүнді кроссбред тәріздес будан қойларды өсіретін еді. Бұлардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондықтан оларды бір-біріне қоспай бөлек ұстайды, бөлек жаяды. Мәселен, қазіргі қой тұқымдары табиғаты қаталдау таулы, қыратты, суық жерлерде өсіріледі. Бұлардың еті болмаса, жүні мен терісі жарамсыз. Сондықтан оны ешбір жер қабылдамайтындықтан, ауыл адамдары өртеп жібереді. Демек, біз қойды еті үшін ғана өсіріп отырмыз", – дейді Аманқұл Нысанбаев.

Оның пікірінше, мұндай етті басқа да қой тұқымдарынан алуға болады және жүні мен терісін де кәдеге жаратуға мүмкіндік бар. Жүннен сапасына қарай әртүрлі кездеме маталар мен жылы киімдер тоқуға, теріден әртүрлі күздік киімдер мен жылы тондар тігуге болады. Мұндай бағалы шикізатты бекерге өртеп жібергенше, оны ақшаға айналдырып, сол түліктің өзіне қажетті жем-шөпті әзірлеу пайдаланған дұрыс деп есептейді сарапшы.

"Ауыл адамдары да қой басын өсіруге бейілді емес. Бейілді болғанда басқаша әрекет етер еді. Мысалы, табиғи жаратылысына байланысты қазіргі қазақы қойлардың әрбір 100 саулығынан 70-75 қозы алынады. Ал жоғарыда аталған қой тұқымдарының әрбір 100 саулығынан 120-125 қозы алуға мүмкіндік бар. Демек, қазір біздің шаруалар әрбір 100 саулықтан 50 қозы жоғалтып отыр", – дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері.

Аманқұл Нысанбаев мал сүйегін төрт түлікті семіртуге таптырмас шикізат екенін де жеткізді.

"Жыл сайын әр шаңырақ соғымның етін жеп, сүйегін қоқысқа тастайды. Осы сүйектің өзін кәдеге жаратуға болады. Өйткені, сүйек майы – емдік қасиеті бар ең таза май. Оны қоқысқа тастағанша, қайнатып майын алып, сүйекті диірменге тартып сүйек ұнын алу керек. Сүйек ұнын жемге қосып берсе, мал тез семіреді. Мұның бәрі ауыл экономикасын көтеретін қосымша табыс. Жұмыссыз жүрген ауылдықтардың осындай жұмыстармен айналысуына болады. Елдің экономикасын, халықтың тұрмысын көтереміз десек, алдымен осындай қарапайым ғана дүниелерге де мән беруге тиіспіз. Сондықтан қой өсіретін шаруа қожалықтарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Қой тұқымдарын қазірден алмастырсақ, алдағы екі-үш жылда саладағы кемшіліктерді жоюға болады", – дейді А.Нысанбаев.

Оның айтуынша, әлемдегі ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті жоғары ел ретінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдеріне, оның ішінде мал өнімдеріне деген сұраныс ешқашан жойылмайды. Сондықтан өз байлығымызды қорғау үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің мемлекеттік өлшемдерін және өнімнің сапасына байланысты бүгінгі күннің талабына сәйкес тұрақты бағасын бекітіп алу маңызды.

"Бұл қадам өнім бағасын тұрақтандыруға және ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатын көтеруге септігін тигізеді. Сонда мемлекет те субсидия төлеудің машақатынан құтылады. Жасыратыны жоқ, қазір елдегі азық-түлік бағасы қымбат. Халық тарапынан бұған қатысты шағым да жиі айтылады. Десе де, өзімізде өндіріліп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы әлдеқайда арзан екенін естен шығаруға болмайды. Бұл жерде бағаны көтеріп отырған – ортадағы делдалдар. Мәселен, ауылдан келген арзан етті базар алдындағы делдалдар есікке жеткізбей-ақ қағып әкетеді. Сосын ішек-қарнын, қазы-қартасын, бас-сирағын еттен бөлектеп сөреге шығарып, әрқайсысына қосымша үстеме ақы қосып сатады. Сөйтіп ауылдан жеткізілген арзан ет әп сәтте жасанды түрде қымбаттап шыға келеді. Өкінішке қарай мұны ешкім қадағаламайды. Мұндай ала-құла сауданы тыйып, базар бағасына шектеу қойылуы керек", – дейді еңбек ардагері.

Аманқұл Нысанбаевтың пікірінше, түптеп келгенде саладағы проблеманың дені мемлекеттік органдардың енжарлығынан туындап отыр. Жоғары жаққа дұрыс ақпарат берілмейді. Қағаз жүзіндегі ақпарат шынайы жағдаймен сәйкес келмейді.

 

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу