Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елдегі көктемгі егіс науқанының орындалу барысы жайлы айта отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер карантиндік жағдайға қарамастан көктемгі дала жұмыстарының мерзімін сақтап отырғанын айтты.
"Егіс науқаны бүгінгі күні 7 өңірде жүргізілуде. Еліміздің оңтүстігінде жаздық егіс алқабы 16%-дан 80%-ға дейін құрайды. Олардың 80%-на дейін егін егілген. Батыс Қазақстан, Атырау және Павлодар облысында егін егу жұмысы басталды, ал өзге өңірлерде бүгінгі күні егіс алды жұмыстары жүргізілуде. Өңірлер арзандатылған жанар-жағар май, тұқымдар және тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді, техникалар дайын", – дей отырып, вице-министр шаруалар наразылығын тудырған блок-бекеттерден өту мәселесіне тоқталды.
Карантин аймақтарына кіре берісте қойылған блок-бекеттерден өту кезіндегі қиындықтарға қатысты фермерлерден, салалық қоғамдастықтардан министрлікке шағымдар келіп түскен. Сол себепті, ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың жүріп-тұруының бірыңғай алгоритмін әзірледі.
"Блок-бекеттерде қағаз құжаттар да, электрондық рұқсаттар да ескерілуі тиіс деген шешім қабылданды. Ішкі істер министрлігі көктемгі дала жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын барлық жергілікті полиция құрамдарына жеткізді. Қазір ең бастысы, жергілікті әкімдер шұғыл штабпен байланыста болулары қажет. Өйткені әкімдік өкілдері күнделікті блок-бекеттерде жұмыс істеуде. Қандай да бір қиыншылық туындаса, өте алмай тұрған фермердің мәселесін штаб арқылы сол жерде шешуге болады. Әрине блок-бекеттерде түсінбеушілік жағдай болуы мүмкін. Олар бойынша жедел түрде жұмыс жасаймыз, көмектесеміз. Шаруалар үшін блок-бекеттердегі бүкіл мәселе шешілді. Қағаз немесе электрондық рұқсаттар арқылы өтуге болады", – деп баса айтты Айдарбек Сапаров.
Вице-министрдің сөзінше, елдегі көктемгі егіс науқанын қаржыландырудың үш тетігі қарастырылған.
"Қаржыландыру – көктемгі егіс жұмыстарының басты мәселесінің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы бағытқа қосымша 100 млрд теңге бөлінді. Фермерлердің қаражатқа қол жетімділігін арттыру үшін арзандатылған сыйақы мөлшерлемесімен қаржыландыру және олардың өнімдерін форвардтық сатып алу тәрізді құралдар қарастырылды", – деп Айдарбек Сапаров қаржыландыру тетіктерін сөз етті.
"Бірінші, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға арналған бюджет қаражатының көлемі 10 млрд теңгеге ұлғайды. Былтыр 60 млрд болған, биыл жалпы қаражат 70 млрд теңге. Несие бойынша пайыздық мөлшері 7%-дан 5%-ға төмендетілді. Бір шаруаға бөлінген орташа чек 30 миллион теңгеге жуық. Несие алу үшін құжаттар тізбесі заңды тұлғалар үшін 27-ден 13-ке дейін, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге16-дан 12-ге дейін қысқартылды. Ал, "Кең дала" несиелендіру бағдарламасы бойынша, жеңілдетілген несиені 2346 өнеркәсіп субъектісіне берілді. Қолдау көрсетілген алқап 3 миллионнан астам гектарды құрады. Бұл жерде жұмыс жүріп жатыр", – дей отырып, қаржыландырудың екінші тетігі жайлы айтты.
"Екінші, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінді. Несие алушылр үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-дан аспайды. Қаражат 12 ай кезеңіне беріледі. Мысалы, несиені осы сәуір айында алса, келесі жылы сәуір айында қайтара алады. Бұрын жылдың аяғында желтоқсан айына дейін қайтару қажет болатын. Бағдарлама қаражатын "Аграрлық несие корпорациясы" және несие серіктестері арқылы, сонымен бірге банктің кепілдігіне алуға болады", – деп түсіндірді вице-министр.
"Үшінші, Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында форвардтық сатып алу механизмі мақұлданды. Оған бюджеттен бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 24,5 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру алдын ала төлем арқылы жүзеге асырылатын болады. Мысалы, 1 тонна бидай үшін 50 мың теңге алдын ала төленеді, содан кейін күзге қарай нарыққа байланысты бағамен төлем есептелетін болады", – деп отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетілетінін атап айтты Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі бидай мен ұн экспортына квота қалай бөлінетініне тоқталып, алдағы уақытта бидай мен ұн экспортына квота алынып тасталуы мүмкін екенін мәлім етті.
"Маусым айында бидай мен ұн экспортына квотаны алып тастайтын шығармыз. Қазір мәселе шешіліп жатыр. "Қазақстанның астық одағы" заңды тұлғалар бірлестігі мен ұн өндірушілер қоғамдастығы қазір талдау жасап, шешім шығарады. Біз тек мақұлдаймыз. Барлық экспорттаушыларға қолдау көрсетіледі. Квотаны Қазақстанның астық одағы мен астық өңдеу одағы бөледі. Оларға өтініш түскен кезде, комиссия шешім қабылдайды", – деп түсіндірді вице-министр.
Нұржан Көшкін