Дихандар мен шаруалар қағазбастылықтан құтылды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13514

Электронды рұқсатнама көктемгі дала жұмысын жандандырады. 

Дихандар мен шаруалар қағазбастылықтан құтылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көктемгі дала жұмыстары кезінде дихандар мен шаруалардың карантин аймағында кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету қажет деген тапсырмасын орындау үшін Qoldau.kz цифрлық платформасы электронды рұқсатнама беретін AgroRuqsat сервисін іске қосты.

21 сәуірдегі дерек бойынша, жоғарыдағы сервис арқылы фермерлер мен агроқұрылым басшыларынан, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін жеткізетін дилерлер мен ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсететін сервистік компания өкілдерінен құралған 9 мыңға жуық азаматқа электронды рұқсатнама берілді. Цифрлы құжат ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін және ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін тұлғалардың көктемгі дала жұмыстары кезінде емін-еркін жүріп тұруын қамтамасыз етеді.

Электронды рұқсатнамаға өтініш берген тұлғаның өзіне, техникасына қатысты мәліметтер мемлекеттік деректер қоры арқылы тексеріледі. Өтініш иесі шынымен ауыл шаруашылығы саласына қатысы болса ғана электронды рұқсатнама алады.

"Электронды рұқсатнамаға ие болу үшін құжат жинаудың, оған қол қойдырып, мөр бастырудың қажеті жоқ. Өтініш электронды түрде қабылданып, рұқсатнама электронды түрде беріледі", – деді Qoldau.kz цифрлық платформасының операторы саналатын ақпараттық есептеу орталығының бас маманы Гүлмира Оңайбек.

Спикердің сөзінше, AgroRuqsat сервисі берген электронды рұқсатнаманы кез келген уақытта тексеруге, жоюға немесе тоқтата тұруға болады.

"Облыста берілген электронды рұқсатнаманың республикалық маңызы бар қалалардың аумағында заңдық күші жоқ. Мысалы электронды рұқсатнамамен Ақмола облысының аумағында орын ауыстыру арқылы Көкшетауға баруға болады. Нұр-Сұлтан қаласына кіру немесе одан шығу үшін басқа электронды рұқсатнама қажет. Бұл үшін AgroRuqsat сервисіне жеке өтінім беру керек", – деді Гүлмира Оңайбек.

Айта кетейік, бұл мәселе бұған дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасында талқыланған. Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев агроөнеркәсіп кешеніндегі дағдарысқа қарсы шаралар аясында көктемгі дала жұмыстарына қатысы бар тұлғалар мен олардың техникасы  "жасыл дәліз" арқылы жүруге тиіс екенін мәлімдеген. Ол агроөнеркәсіп кешені өкілдері ауыл шаруашылығы техникаларына арналған қосалқы бөлшек сатып алу үшін қалаға кіру, шығу кезінде тосқауылға тап болатындарына сонымен қатар бір ауданның аумағынан екінші ауданның аумағына өте алмай жүргендеріне шағымданғанын атап өтті.

"Биылғы көктемгі дала жұмысына жаңа техника сатып алған шаруалар техниканың тілін білетін мамандарды басқа өңірден шақырады. Ал мамандардың карантин кезіндегі қозғалыс алгоритмі айқындалмаған.

Мысалы, Ақмола облысы агроөнеркәсіп кешені субъектілері көрші облыстармен тұқым, тыңайтқыш жеткізу бойынша келісімшарт жасаған. Енді олар не істейді, қарап отыра ма?! Жоқ, бұлай болмайды, мәселені шұғыл шешу керек", – деді Эльдар Жұмағазиев.

"Атамекен" ҰКП төралқасы агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Иван Сауэрдің сөзінше, көктемгі дала жұмыстарына төтенше жағдай кедергі емес.

"Кедергінің барлығын адамдар қолдан жасайды. Бюрократия мен қағазбастылықты қою керек. Бақылау бекеттерінде немесе карантин аймағында қағаз рұқсатнаманы тексеру көп уақыт алатын болса, электронды рұқсатнамаға көшіп, барлық деректер мен мәліметтерді ортақ базаға енгізу қажет", – деді Иван Сауэр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу