Коммерциялық банктер борышкерлерге арналған терминалдарды іске қосуы мүмкін

3157

Әділет министрлігі алдағы уақытта шекара асуға тыйым салынған қазақстандықтардың қарызын банктер арқылы өтеуге мүмкіндік туғызбақшы.

Коммерциялық банктер борышкерлерге арналған терминалдарды іске қосуы мүмкін

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдың маусымында қабылданған "Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңға енгізілген өзгерістер көптеген қазақтандықтың, атап айтқанда мойнында айыппұл, алимент, салық және тағы да басқа  қарызы бар жандардың ел шекарасынан  шығуына тыйым салып тастаған болатын. Дей тұрғанмен, сол борышкерлердің өздері де  мойнында қарызы барын шекаралық бақылаудан өтетін кезде бір-ақ біліп жатады. Осындай адамдардың  қарызды жедел түрде  өтеуі үшін еліміздің бес әуежайында (Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтау) Қазпоштаның арнайы терминалдары орнатылды.

Әділет министрлігінің мәліметіне қарар болсақ,  30-40 минут ішінде өндірістік істі тоқтатып, төлем жасалған соң  шекара асуға тыйымды алуға мүмкіндік беретін аталған терминалдардың көмегіне соңғы айдың өзінде 150 қазақстандық жүгінген.  Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетовтың айтуынша,  мұндай терминалдардың санын ұлғайту ойда бар көрінеді.

Сондай-ақ оның айтуынша, дәл осындай берешектерді  еліміздегі Қазпошта бөлімшелерінің кассалары және  мобильдік қосымшалар арқылы төлеуге мүмкіндік бар.

"Банктік карточкалары бар адамдар тиісті қосымшаны жүктеп, смартфон арқылы төлеуіне болады", – деп атап өтті Жанат Ешмағамбетов.

Десек те мұның барлығы әзірге тек жалғыз оператор болып табылатын Қазпошта арқылы ғана жүзеге асырылып отыр. Әділет министрлігі мұны "Ақпараттық қауіпсіздік туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне барып қосылатын барлық жүйелер ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келіп, тиісті біліктіліктен өтуге тиісті екендігімен түсіндіреді. Қазпоштада дәл осындай мүмкіндік бар, ал коммерциялық банктер әзірге оған қол жеткізген жоқ.

"Қазіргі таңда Центркредит банкімен тәжірибені сынақтан өткізіп жатырмыз. Нәтижесі жаман емес. Бәрі ойдағыдай аяқталған жағдайда еліміздегі екінші деңгейлі өзге де банктерді де жүйеге қосатын боламыз.

Айт кетейік, мұндай бірлесе жұмыс істеудің борышкерлер үшін қос бірдей тиімділігі бар. біріншісі –  олар өздері жүгінетін банктердің банкоматтары арқылы онлайн төлем жасауға мүмкін алса, екіншісі –  сот орындаушылары екінші деңгейлі банктерден  борышкерлердің банктік есеп-шоттары туралы жедел ақпарат алып, қарыз жинақталған жағдайда аталған шоттардан тез арада ақшаны шығарып тастай алады.

Әйгерім Сүлейменова, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу