Кооператив – миллиондаған табыс көзі

3446

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік саласын дамытуға арналған 10 қадамның ішінде ауыл шаруашылығы кооперацияларын өркендетуге ерекше көңіл болып отыр. Елбасының да осы мәселені таяуда Үкіметке айрықша тапсырғаны белгілі.

Кооператив – миллиондаған табыс көзі

Осы орайда, мәліметке жүгінсек, 2015 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының "Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы" Заңы қабылданды. Сондай-ақ 10 пилоттық кооператив құру бойынша ҰКП мен Ауыл шаруашылық министрлігінің (АШМ) бірлескен жоспары жүзеге асырылып жатыр.

Осымен бірге, Ұлттық палатада "200 ауыл шаруашылығы кооперативі" атты бағдарлама жасалып жатқанын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда 7 мыңға жуық шаруа/фермерлік қожалық пен жеке қосалқы шаруашылықты біріктіретін 283-тен астам ауыл шаруашылығы кооперативіне қолдау білдірілді.

Оған қоса, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер кооперативке біріккеннен кейін "арзан" ақшаға қолы жетпей қалуы ықтимал. Мұндай мәселе де ұшырасады.

Қаржыға қол жеткізу мәселесін шешу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мыналар ұсынылады:

- халықтың кооперативтерге біріккен жеке қосалқы шаруашылықтарының микронесиелеу басымдықтарын айқындау;

- "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ институттары арқылы жеңілдікпен несиелеудің жаңа тәсілін енгізу.

Ал өнімнің белгіленген бағасын анықтау сараптамасы мен тікелей сату  жүйесінің жоқтығынан баға 20-40%-ға қымбаттап жатқынын көрсетіп отыр.

Сол себепті, сауда желілері мен ауыл шаруашылық кооперативтері арасында  сауданы дамыту мақсатында үш сатылы  тәсілді пайдалану ұсынылады:

өндірістің мамандануын және желілермен тікелеу сауданы дамыта отырып, фермерлердің кооперативке бірігуі;

фитосанитарлық және ветеринарлық бақылауға жататын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, орау, сақтау, тасымалдау және сату үшін пилоттық Көтерме-тарату орталығының тұжырымдамасын жүзеге асыру;

өнімдерді ел өңірлері арасында бөлу мен сыртқы нарыққа экспорттау үшін, көрші мемлекеттердің ұқсас желілерімен ықпалдаса отырып, Көтерме-тарату орталығының тиімді желісін қалыптастыру.

Бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды ескере келе, ауыл шаруашылығы кооперацияларын қолдау жүйесі төмендегіше түзілмек:

- жергілікті жерлерде ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

- халықты бизнестің негіздеріне, бизнес-жоспар жасауға үйрету;

- микронесиелеу арқылы қаржыландыру немесе "ҚазАгро" ҰБХ арқылы жеңілдікпен қаржыландыру;

- ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуды/қайта өңдеуді ұйымдастыру.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Мәселен, Үкімет отырысында "Атамекен" ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев: "Атамекенде" кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге отандық өнімге деген ҚХР мен Ресейдің макросұранысын зерттеу нәтижесін белсенді түрде ұсынып отырады", – деп мәлімдеп, нәтижесінің де көп күттірмейтінін айтты.

Бір ғана Шығыс Қазақстан облысында "Атамекен" Өңірлік палатасы 1500-ге тарта шағын бал өндіруші фермерді біріктіргенінің жемісі сол: "Біз оларды бір кооперативке біріктірген кезде, жылына 7 мың тонна бал өндіретін нарық құрылды. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Қытайдан шақыртылған инспекция өнімнің сапасын тексерді. Енді ШҚО омарташылары үшін өнімін өткізетін жаңа нарық ашылды. Балдың алғашқы легі Қытайға жөнелтіліп те қойды", - деп Нұржан Әлтаев нақты мысал да келтірді.

Кооперативтің миллиондаған табыс әкеле алатынын ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов та растады. Бұл ретте Қазақстанның әрбір облысында пилоттық режимде ауылшаруашылық кооперативтерін құратын аудандар іріктеліп алынбақшы. Қ. Айтуғанов Үкіметтегі кеңесте Қазақстанда жыл соңына дейін сүт қабылдайтын 100 бекет пен 2200-ден астам мал бордақылайтын алаңды біріктіретін 150 құрылымның іргетасын қалау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, бірінші вице-министрдің айтуынша, 2016 жылдың 15 қазанына дейін сүт қабылдайтын 28 бекет пен 3,3 мың отбасылық мал бордақылайтын алаң құрылған. Есеп бойынша, олар жеке қосалқы 15 мың шаруашылықты тартуға мүмкіндік береді. "Бүгін "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары Қарағанды облысы Нұра ауданындағы пилоттық жоба бойынша оқытуды бастайды. "Атамекеннің" жанынан фермерлерді оқытатын Агробіліктілік орталығы құрылды", – деп атап өтті Қ. Айтуғанов.

Бұдан бөлек, ауылшаруашылық кооперацияларын қарқынды дамыту үшін жаңа ынталандыру тетіктері қарастырылған, яғни "Ынтымақ" кооперативтерін қосымша несиелендіруге, сүт қабылдайтын "Бірлік" бекеттерін және "Береке" мал бордақылау алаңдарын іске қосуға жаңа несиелік өнімдер әзірленіп, бекітілді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 31,8 млрд теңге қарастырылған.

"Шағын несие алуды жеңілдету мақсатында Үкіметтің қаулысына несие көлемін 16 млн теңгеге дейін және оны өтеу мерзімін 7 жылға дейін ұзартуды қарастыратын толықтырулар енгізіледі", – деді Қайрат Айтуғанов.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылтайшыларына арналған ережелер де сөз болды. Осыны қозғай келе, Қайрат Айтуғанов, сүт қабылдайтын бекеттердегі жүктемені қамтамасыз ету үшін кооперативке қатысушы саны 20-дан кем болмауы керек екенін атап өтті. "Бұрын ауылшаруашылық кооперативтері тұтынушы ретінде құрылып, одан пайда көре алмайтын. Бүгінгі таңда заң жобасында ауылшаруашылық кооперативтері пайда табуға құқылы екендігі айқын жазылған", – деді Қ. Айтуғанов.

Елдегі ауылшаруашылық кооперацияларының ұзақ мерзімге негізделген қызметіне баға бере отырып, ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары одан пайда түсетіні анық дейді. "Көптеген ауыл тұрғыны қалаға кетіп жатады, дегенмен, қалалы жерге қарағанда ауылда көбірек ақша табуға болады. Мен бірқатар облысты мысалға келтіре аламын. Мәселен, Қарағанды облысы. Онда жас фермерлер кооперативке біріккен және үш жылдан бері Ресейге қаздың етін экспорттап, миллиондаған теңге және тіпті доллар алып отыр", – деп  түйіндеді Қайрат Айтуғанов.

Тәңірберген АРҒЫН

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу