Коронавирус шыққан үйлер қоршаулы қамалға айналады

2560

Полиция елордада үйлерді қоршауға кіріседі. 

Коронавирус шыққан үйлер қоршаулы қамалға айналады

Бұл шара бизнеске де қиын тигелі тұр. Мысалы, "Электронды үкімет" порталында және басқа ресурстарда коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар картасы жарияланғаны мәлім. Сонда белгі соғылған ғимараттардағы бизнес нысандары "үрейлі орынға" айналыпты. Кәсіпкерлер мұндай "үрейлі таңбалар" кесірінен серіктестер тегіс теріс айнала ма деп алаңдайды.

Елордадағы "Магнум" сауда желісі жанындағы қонақүй осындай қысастыққа жолыққанға ұқсайды. Кәсіпкер Светлана Марголина COVID-19 картасында Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай, 63 мекенжайында орналасқан "Тараз" тұрғын үй кешеніне осындай таңба соғылғанына назар аудартады.  

"Тұрғын үйде қауіпті індет жұқтырған жанмен бірге болған адам тіркеліпті. Алайда неге екені белгісіз, "контактный" деген белгі "G Empire" қонақүйінің дәл табалдырығына қойылған. Бұл қонақүйдің беделіне нұқсан келтірді. Бізге тоқтап, карантин жағдайында оқшаулануға ұмтылған қонақтар қатары күрт кеміді. ТЖ және шектеу шаралары кесірінен бизнес онсыз да қиындық көруде, ауыр қаржылық жағдайға тап болды. Мына жағдай ахуалды одан сайын ауырлатуда", – дейді Светлана Марголина.

Ұқсас жағдайға өзге нысандар да кезіккен. Осыған орай бизнесмендер Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен пандемия картасындағы таңбаны қонақүй, компания табалдырығынан немесе төбесінен алып тастауды немесе ең құрығанда әрірек, тұрғындар тұратын кіреберістерге қарай жылжытуды сұрайды.

Кәсіпкерлердің бір бөлігі осындай сұраумен Egov порталына, Бірыңғай байланыс орталығына және басқа органдарға жүгініпті. Бірақ картада еш өзгеріс жасалмайды. Ешқандай жауап қайтарылмайды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев бағдарламашылар картаға өз бетінше түзету жасай алмайтынын, барлық ұсыныс өзге органдардан түсетінін айтады.

"Әңгіме болып отырған интерактивті картадағы барлық мәлімет бізге шынайы уақыт режимінде Денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасынан түседі. Бұл керек, өйткені ол халықтың сақ болуын арттыруға, гигиена шараларын күшейтуге бағытталған. Әрі карантин тәртібінің сақталуына ықпал етеді", – дейді министр.

Ендеше бизнесмендерге ТЖ мерзімі біткенше шыдауға, тек дағдарыстан кейінгі заманда кәсібін және бедел-имиджін қайта қалпына келтіруге күш салуға тура келетінге ұқсайды.

Әсіресе, вирус ошағы ретінде карантинге жабылған ғимарат ішінде қалатын кәсіпкерлерге ауыр соқпақ.

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Сәуле Қисықова коронавирус жұқтырған және олармен байланыста болғандар тұрып жатқан тұрғын үй подъездері жабылатынын жеткізді. Оларға кіруге де, одан шығуға да тыйым салынады. Алапат деңгейге жеткен пандемияны тоқтату үшін қалада шектеудің қосымша әрі төтенше шаралары қабылдануда.

"Індетке шалдыққандардың анықталуының жаңа оқиғалары азаяр емес. Тиісінше, Нұр-Сұлтанда коронавирустық инфекциямен ауырғандардың да, сондай-ақ олармен байланыста болғандардың да саны артып барады. Сондықтан індеттің таралуына тосқауыл құру үшін астаналықтардан толық оқшаулануды қатаң сақтауды талап етеміз! Тек осылай ғана ауруды жұқтырудың өсуін тоқтата аламыз", – дейді Сәуле Қисықова.

Елде ахуалдың күрделенуіне байланысты "Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" бас санитардың жаңа қаулысы қабылданды.

Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан бас санитарлық дәрігерінің де жаңа қаулысы күшіне енді. Құжат қала аумақтарында қосымша шектеу шараларын енгізеді.

"Денсаулық сақтау басқармасы Covid-19 науқастарымен жақын араласқан, бірақ ауырудың клиникалық белгілері жоқ тұлғалар үстінен бақылау ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ үй ішінде, жұмыс орнында дерт ошағы болған, үйінде карантинде отырған адамдар да бақылауға алынады. Олар өз үйінде карантинде отыруы үшін бөлек бөлмеде тұру мүмкіндігі, санитарлық-гигиеналық шарт сақталуы қажет. Бұл ретте үй карантині талаптарын міндетті түрде сақтайтыны туралы отбасының кәмелетке толмаған барлық мүшесі де қолхат жазып тапсыруы керек", – дейді басқарма басшысы.

Нұр-Сұлтан аудандарының әкімдеріне індет жұқтырған адамдар анықталған тұрғын үйлердің подъездерін карантинге жауып тастауды қамтамасыз ету жүктелді. Ондағы тұрғындарға сыртқа шығуға тыйым салынады. Талапты сақтамағандар айыппұлмен жазаланады.

Полиция департаментіне карантиндік подъездерді тәулік бойы үздіксіз күзету туралы тапсырма берілді. Тәртіп сақшылары карантин біткенше онда тұрып жатқан тұрғындардың далаға шығуына және ол кіреберіске бөгде тұлғалардың жасырын кіруіне қатаң тосқауыл қояды.

Тұрғын үй подъезін карантинге жабу туралы шешімді кім қабылдайтыны да анықталды. Ол шешім Желтоқсан көшесі, 46 үй мекенжайында орналасқан ғимараттан, яғни Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен таралатын болады.  

Ал үйі карантинге жабылып қалғанын тұрғындар қалай біледі? Ондай ақпарат осы департаменттен түседі. Бірақ тұрғындар басқа жаққа тайып тұрмауы үшін алдын ала ескерту жасалмауы ықтимал. Сондықтан қалалықтардың күнібұрын жеткілікті көлемде азық-түлік сатып алғаны жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу