Коронавирустық пневмонияны әдеттегі пневмониямен шатастырып алмау керек

Дәрігерлердің айтуынша коронавирус 3 кезеңнен тұрады.  

Коронавирустық пневмонияны әдеттегі пневмониямен шатастырып алмау керек

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жоғары санатты пульмонолог, "Астана медицина университеті" ҰАК жанұялық медицина кафедрасының меңгерушісі Наталья Латыпова пневмонияны алдын алу және емдеу бойынша кеңестерімен бөлісті. Бұл ретте дәрігер коронавирустық инфекция нәтижесінде пайда болатын өкпенің қабынуы әдеттегі пневмониядан өзгеше екенін жеткізді.

"Коронавирустық пневмонияны әдеттегі певмония терминімен атау дұрыс емес. Неге? Өйткені төменгі тыныс алу жолдарының коронавирустық зақымдануы біз бұрыннан таныс әдеттегі бактериалды пневмониядан өзгеше. Біз оның негізгі агенті бактериалар екенін білеміз. Ал коронавирус

жоғарғы тыныс алу жолдары арқылы төменгі тыныс алу жолдарын зақымдайды", – деді медицина ғылымдарының докторы.

Медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрила Малтабарова коронавирус індеті 3 кезеңнен тұратынын айтады.

"Бірінші кезең – интоксикациялық кезең. Науқастың дене қызуы 38 градустан 40-қа дейін көтерілуі мүмкін. Әлсіздік пен терлеу басталады. Бұл кезең бір аптаға созылады. Осы кезде ешқандай дәрі-дәрмек ішпеген абзал. Дене қызуы 38 градустан жоғарыласа ғана, оны төмендететін дәрі қолданылады. Басқа ешбір дәрі ішудің қажеті жоқ. Екінші кезең 3-4 аптаға созылады. Бұл респираторлық синдром деп аталады. Дене қызуы көтерілген соң, құрғақ жөтел пайда болып, ентікпе басталып, буындар сырқырай бастайды. Осы кезде аурудың ағымына, талдаулардың нәтижесі бойынша дәрігер антибактериялық дәрі-дәрмек тағайындауы мүмкін. Басқа ешбір дәрі қолданылмайды. Үшінші кезеңде, яғни оңалу кезінде организмді қалпына келтіру жаттығуларын жасауға болады", – деді ол.

Наталья Латыпова қазақстандықтарға өз бетінен тыныс алу жаттығуларын жасау қауіпті екенін айтты. Әсіресе, індет асқынып, науқастың орнынан тұруға шамасы жетпей тұрғанда.

"Желіде тыныс алу гимнастикасының сан түрлі тәсілі бар видеолар тарауда. Оларды дәрігердің кеңесімен ғана жасау керек. Науқастың індеті асқынып, жаттығу жасау емес орнынан тұруға шамасы жетпей, әлсіреп тұрған кезде сақ болу керек", – деді маман.

Сонымен қатар медицина ғылымдарының докторы бетперде тағу аурудың асқынуына алып келуі мүмкін бе деген сауалға жауап берді.

"Әрине, масканың жарамдылық мерзімі болады және бактериялар матаның өзінде жиналып қалуы мүмкін болғандықтан оны ауыстырып отыру ұсынылады. Әр масканы 2 сағаттан бір тәулікке дейін тағуға болады. Оның қандай материалдан жасалғанына байланысты. Бірақ маска пневманияны өршітіп жіберуі мүмкін деп айту қиын, тіпті мүмкін емес деп ойлаймын. Маска тағу коронавирустың өршуіне себепші болатын жетекші әрі басты себеп болуы мүмкін емес", – деді Наталья Латыпова.

Сондай-ақ дәрігер пневмонияның алғашқы белгілері туралы айтты. Наталья Латыпованың айтуынша, пневмония бірден сезілмейді. 5-7 күндік респираторлық кезең өткеннен кейін ғана біліне бастайды.

"Алғашқы белгісі жөтел, ентігу, өзіңді ыңғайыз сезіну, баяу демалу, кеуде тұсында ауырсыну болуы мүмкін. Төменгі тыныс алу жолдарының бұзылуына осы белгілердің асқынуы себеп болады", – дейді дәрігер.

Ол егер бұл белгілер өршімесе, қызудың көтерілуі 7 күннен аспаса алаңдамауды сұрайды.

"Антибиотик қабылдап, компьютерлік томография жасауға негіз жоқ. Егер 2-3 күні ішінде аталған белгілердің асқынуы байқалса, дірілдеудің екінші кезеңі басталса, қызу көтерілсе, бұл өкпедегі жағдайдың нашарлауының белгісі. Мұндай жағдайда тексеріліп, емдеу жолдарын қайта қарау керек", – дейді Наталья Латыпова.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу