Ресейде тағы бір саланың қабырғасы қақырай бастапты. Халықаралық санкциялар және экспорттың құлдырауы бұрын ел қазынасына миллиардтаған доллар табыс әкелген ағаш өнеркәсібінің түбіне жетуі мүмкін.
РФ сарапшылар бұл саланы банкроттық толқыны жапқалы тұрғанына назар аудартты. Өйткені біраз кәсіпорны шетелге өнім шығаруды доғарған. Ең басты валюталық мол табыс та шетелдік нарықтан келетін. Ресейлік "Коммерсантъ" газетінің жазуынша, РФ ағаш өндірушілері өз кәсіпорындарына тоқтау және жаппай жұмыстан босату қаупі төнгенін ашық мәлімдеді.
Өз кезегінде ағаш өндірісіне қатты тәуелді Целлюлоза-қағаз өнеркәсібі ұйымдары мен компанияларының ресейлік қауымдастығы (РАОПЦБП) РФ өнеркәсіп және сауда министрі Антон Алихановқа шұғыл хат жолдады.
Онда олар да төл өндірістерінің толық тоқтағалы тұрғанын ескертті. Сол себепті қауымдастық ахуалды мониторингтеу және сала жағдайын қалыпқа келтіретін қадамдарды әзірлеу жөніндегі жедел штаб құруды өтінді.
Бұдан өзге, сала кәсіпорындары министрлік басшысының төрағалығымен тұрақты кеңестер өткізіп, шұғыл шешімдер іздеуді сұрады. Өнеркәсіп және сауда министрлігі бұл хатқа байланысты журналистерге ешқандай түсініктеме бермепті.
Хатта сондай-ақ бұл саланың Ресей тарихында (статистика мамандарының бақылауындағы барлық кезеңде) бұрын-соңды болмаған ең ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқаны мәлімделді. Бір ғана 2024 жылы ағаш әзірлеу саласы өсу орнына бірден 13%-ға құлады. Салдарынан, 4 жыл бұрынғы көрсеткіштеріне дейін құлдыраған.
Сонымен қатар, кесілген ағаш материалдардың (пиломатериал) өндірісі 11%-ға, фанера өндірісі төрттен бірге түсіп кетті. Бұларда да мұнша құлдырау ешқашан болмапты.
Ресейлік сарапшылардың түсіндіруінше, алғашқы жойқын соққы еуропалық нарықты жоғалтудан басталған. Себебі, кесілген ағашқа деген сұраныс Қытайда әлі де бар, солтүстік көрші соған сатады. Алайда негізгі түсім шикізаттың өзін қымбатқа алатын Еуропалық Одақ елдерінен түсетін еді.
Салдарынан, сала алпауыттары "Segezha Group" пен "УЛК" 2023-2024 жылдардан бастап, кәсіпорындарын оңтайландырып, қарыздарын қайта құрылымдауға, сондай-ақ жаңа жобаларын жаппай тоқтатып, өндірісті азайтуға кірісті.
Енді дағдарыс целлюлоза экспорттаушыларға жетті. Олар өздеріне күшті рубль кезекті соққы бергеніне шағымданады. Мысалы, кеше Ресейде доллар бағасы 78 рубльге дейін арзандады.
Жалпы, тек 2025 жылдың басынан бері ресейлік ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 22%-ға нығайған. Содан шетелге өнім сатып, доллармен табыс табатын экспорттаушылар да осынша көлемде түсімінен қағылды. Өйткені олар салықтарын да, жалақыларды да, басқа шығыстарын да рубльмен төлейді, сондықтан долларын осындай арзан бағаммен айырбастауға мәжбүр.
Дәл осы кезде Ресейде қоймалау, логистика және тасымал қызметтерінің құны күрт өсті. Ол салаларда да бизнес субъектілері санкциялар кесірінен дамыған елдердің озық жабдықтарын ала алмайды. Параллельді, сұр импортпен, өзге елдер арқылы санкцияны айналып жеткізілетін жабдықтар бірнеше есе қымбаттайды. Тиісінше, олар да қызметінің тарифін жоғарылатуға мәжбүр.
Бұған қоса, соғыс қажеттіліктерін өтеу үшін Ресей Үкіметі салықтарды көтерді. Мысалы, табыс салығы (налог на прибыль) бұған дейінгі 20%-дан бірден 25%-ға дейін жоғарылады. Мұндай жағдайда ағаш өнеркәсібі және онымен сабақтас салаларда көптеген кәсіпорынның жұмысы табысты емес, шығынды болуда.
РФ көрші Қытайға үлкен үміт артты. Шың елі бағытында тіпті Қазақстан аумағы арқылы да теміржол құрамдарына толтырыла тиелген ресейлік бөренелер тоқтаусыз кетіп жатыр. Алайда ҚХР көршісінің жоғалтқан табысын өтей алмады, тым арзанға алады.
Оның үстіне Қытайдың құрылыс саласы стагнация жағдайында. Ханзу елінде аспанға мойынсұнған су жаңа заңғар үйлерден тұратын тұтас шағынаудандардың күресінге жіберіліп жатқаны бейнеленген видео дүркін-дүркін тарайды.
Халық сатып алмаған соң қытайлық құрылыс компанияларына салықтан және коммуналдық қызметтен шығынға батқаннан гөрі, бұрын тұрғызылған тұрғын үйлерін сүріп тастаған арзанырақ. Бұған енді АҚШ-пен сауда соғысы аясында іскерлік белсенділіктің шектелуі де ықпал етуде.
Құрылыс саласы Ресейде де күйреу қарсаңында тұрғанын жергілікті ақпарат құралдары айта бастады. Салдарынан, РФ-тің ішкі сұранысы да төмендеуде. Бұл ағаш материалдарын өндірушілерді мүлдем тығырыққа тіреді.
"Бұрын тез өтіп кететін пеллеттер, баланстар, жоңқалар (щепа) сияқты өнімдерге бүгінде сұраныс жоқ. Кесілген ағаш материалдарының бағасы үнемі төмендеуде", – деп қапаланды "УЛК" бас директоры Владимир Буторин.
Segezha Group өкілдері де журналистерге бағаның құлдырауы, тапсырыстар дефициті, тарифтердің өсуі өздерін тұйыққа тірегенін мойындады.
"Барлығы бірдей сәйкес келіп тұр. Бұған күрделі экономикалық ахуал, шетелге экспорттаудағы қиындықтар, құрылыс саласын проблемалардың жайлауы, ішкі және сыртқы сұраныстардың азаюы, активтердің операциялық тиімділігінің төмендеуі, логистикалық тарифтердің өсуі, өндіріс шығыстарының артуы қосылып жатыр", – деп тап болған қиыншылықтарын шетінен санамалады аталған компанияның өкілдері.
Ресейлік экономистер ағаш өнеркәсібі кешені өндірісі мүлдем тоқырап, стагнация құрдымына құлаған ресейлік жеңіл көлік өнеркәсібінің (оның орнын қытайлық автомобильдер басты) және азаматтық авиацияның (бір жылда бірде бір ұшақ жасамаған) күйін кешуі мүмкін екенін жасырмады.
"Күшті рубль экспортты өлтіріп жатыр. Ол ресейлік тауарларды халықаралық нарықта бәсекеге қабілетсіз етті. Ресейлік өнімдерді қымбатқа ешкім алғысы келмейді. Керісінше, рубльдің қымбаттауы импортты ынталандырады, арзан импорт ішкі нарықты толтыруда. Үкімет протекционистік тегеурінді шаралар қабылдамаса, сала кәсіпорындары бірінен соң бірі жабылады", – деді РФ Жүйелі шешімдер орталығының басшысы Денис Кондратьев.