Көршіміз Илон Масктың кеңесімен "Байқоңырды" жауып тастауы мүмкіндігін айтуда

4646

Өз кезегінде Қазақстан биыл ескі ғарыш айлағын алмастыратын "Бәйтеректі" жүзеге асырудың белсенді фазасына кіріспек. 

Көршіміз Илон Масктың кеңесімен "Байқоңырды" жауып тастауы мүмкіндігін айтуда Фото: wylsa.com

Ресейлік "Новые Известия" газеті Қазақстанның бюджеттік шығыстарын қысқартудың жолдарын іздестіріп жатқанына назар аудартты.

Бұл ретте қазіргі кезде АҚШ Президенті Трамптың әкімшілігіндегі №1 тұлғаға айналған және Американың бюджеттік шығыстарын аяусыз секвестрлеп, қысқартып жатқан Маск екі елге көмекке келуі ықтимал.

"Илон Маск Қазақстанға және Ресейге мемлекеттік шығыстарын қысқартуға көмек көрсетуге дайын. Бюджеттік "оңтайландыруға" Байқоңыр космодромы ілігуі мүмкін. Үкіметте тиісті талқылаулар басталып та кетті. Таяудағы брифингте ҚР вице-премьері – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Илон Масктың мемлекеттік шығыстарды қысқарту мәселесін бірге пысықтауды ұсынғанын мәлімдеді. Бұл істе АҚШ үлгі бола алады. Өйткені SpaceX басшысы дәл қазір арнайы құрылған және өзі басшылық ететін DOGE ұйымы аясында америкалық үкіметтің тиімділігін арттыруда", – деп жазды ресейлік журналист Мария Соколова.

Үкімет басшысының орынбасары Жұманғарин Қазақстанның әлеуметтік бағдарланған мемлекет екенін, тиісінше, халықты қолдауға арналған шығыстарға тиісуге болмайтынын нықтады.

Ресейлік сарапшылар Қазақстан-Ресей бірлескен жобасы саналатын "Бәйтерек" ғарыш айлағы әлеуметтік жоба еместігін, әрі қазіргі жағдайда оның тиімділігі үлкен сұрақ тудыратынын еске салды.

"Жасырмаймын, маған Илон Маск мырза бүгінде Трамп әкімшілігінде жүргізіп жатқан батыл қысқарту жұмысын бізде де жүргізу идеясымен шықты. Оның оңтайландыру департаменті бар. Ол бізге өз қызметін ұсынды, идеялары барын айтты. Мен оны шақырдым: "Кел, бірге отырып жұмыс істейік, жұмыс тобын құрамыз. Егер еш алаңсыз қысқарта салуға болатын қандай да бір заттарды көрсең, айт!" дедім", – деген еліміздің вице-премьері Серік Жұманғариннің видеосын жариялады ақпарат құралдары.

Артынша Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі ҚазТАГ-қа жауабында миллиардер Масктың қазақстандық вице-премьерге өзі хабарласқанын растамады және мұны "түсінбестік" деп бағалады.

"Кеше бюджеттік шығыстарды қысқарту туралы сұраққа жауап беру кезінде вице-премьер Илон Масктың идеясы туралы айтты, шынында оны вице-премьерге басқа адам ұсынған. Брифинг кезіндегі ауызекі тілде айтылған сөз болғандықтан түсінбестік туындады", – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бірақ бюджеттің қажетсіз шығыстарын қысқарту мәселесі өзекті болып қалуда. Президенттің өзі тиісті тапсырма жүктеді. Осы орайда "Новые Известия" кеңес кезінен бері әбден көнерген "Байқоңыр" космодромынан түпкілікті бас тартып, жауып тастау Қазақстанға да, Ресейге де тиімді болатынын дәйектеді.

"Бұдан елдер де ұтады, Байқоңырға бәсекелес саналатын SpaceX компаниясының басшысы Илон Масктың өзі де "екі жеп биге шығады". Оның барлық іс-қимылы әзірге төл бизнес жобаларын дамытуға және өрістетуге серпін беруде. Жағдайды пайдаланып, ол жаһандық бір бақталасынан түбегейлі құтыла алады. Мұндай пысықтығы болмағанда ол әлемдегі ең бай адамның біріне айналмас еді. Қазақстандағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын жауып тыну Маскке қолайлы. Бәсекелес азырақ болса, SpaceX компаниясының Falcon 9 зымырандарына тапсырыс көбірек болады", – деген пікірде ресейлік басылым.

Ресейлік ақпарат құралдары "Роскосмостағы" дереккөзіне сілтеме жасап, "Байқоңыр" жобасын мәңгілікке жабу туралы шешімді Қазақстан жалғыз қабылдай алмайтынын түсіндірді. Өйткені бұл космодром РФ-қа ғасыр ортасына – 2050 жылға дейін ұзақмерзімді арендаға берілген.

Мәскеу Байқоңыр қаласын, ғарыштық ұшырылымдар объектілерін және жерлерді жалдау ақысы ретінде жыл сайын 115 миллион доллар төлейді. Қазіргі кезде бұл қаражат рубльмен аударылады. Аренда сомасы 1994 жылдан бері қайта қаралмаған екен.

Ресейлік сарапшылар өз аумағында жаңа "Восточный" космодромын салғалы РФ-тің өзі "Байқоңырдан" бірте-бірте бас тартып жатқанына, мысалы, Байқоңыр қаласының жанындағы жерлерді Қазақстанға табыстағанына назар аудартты.

2016 жылы РФ Қазақстанға қала маңындағы 11,6 мың гектар территорияны кері қайтарды. Екі жыл бұрын ғарыш айлағының бос жатқан және бұзылып жатқан 234 объектісін Қазақстанға оралту туралы келіссөздер басталды.

Inbusiness.kz биыл Үкіметтің Байқоңыр түбіндегі аэродромды Қазақстан меншігіне алудан бас тартқанын жазған болатын.  

Сарапшылардың айтуынша, ең бастысы – 2018 жылы "Зенит-М" зымырандарын ұшыруға арналған старттық алаң Ресейдің арендасынан шығарылды. Енді бұл – "Бәйтерек" бірлескен қазақстандық-ресейлік зымыран ұшыру кешені деп аталады.

Оның құрылысына Қазақстан өз бюджетінен жыл сайын орта есеппен 14,7 миллиард теңге шығындап келген. "Kursiv.media" дерегінше, 2025-2027 жылдары "Бәйтерекке" тағы 63 миллиард теңге жұмсалады. Тиісті шығын бюджетте қарастырылыпты.

Сарапшылар егер кеңес айтса, Илон Маск ел Үкіметіне осы қаражатты да "кесіп" тастауды ұсынуы мүмкін деп топшылар отыр. Өйткені 2025 жылы республикалық бюджеттің дефициті 4,1 триллион теңге көлемінде болады деп жоспарланған.

Кеңес кезінде украиналық "Зенит" зымырантасығыштарын ғарышқа аттандырып келген старт алаңында салынып жатқан "Бәйтерек" енді ортанқол "Союз" зымырантасығыштарын ұшыруға маманданбақ. Ал, "Байқоңыр" ғарыш айлағы ауыр әрі бортына ғарышкерлерді ала алатын "Протон" зымырантасығыштарын көк сеңгіріне жолдайды.

"Егер Илон Масктың кеңесімен Қазақстан мен Ресей Байқоңыр космодромынан және "Бәйтерек" жобасынан бас тартса, онда "Роскосмосқа" "Союз-5" орта сыныптағы зымырантасығышын жасауға жұмсаған барлық шығыстарын шығынға жатқызып, есептен шығарып тастауға тура келеді. Өйткені оны техникалық тұрғыдан тек Байқоңырдан ғана ұшыруға болады. "Союз-5" алғаш рет 2026 жылы ұшырылады деп жоспарланған еді. Алайда ол жоспарды жоя салуға әзір уақыт бар", – деп жазды ресейлік "НИ" басылымы.

Ол қазіргі кезде "Байқоңырдан" "Протон-М" зымырантасығышы (ЗТ) ұшырылатынын еске салды. Бұл ЗТ-ны енді Ресей жасамайды. Мәскеу қаржылық және адами ресурстарын жаңа "Ангара" зымырантасығышын жасау өндірісіне жұмылдыру үшін сондай шешім қабылдаған көрінеді.

Дегенмен, улы гептилмен ұшатын 10 бірлік ескі "Протон-М" қалды. Ол бірнеше жылға жетуі мүмкін. Себебі, тапсырыстар болмағандықтан Роскомос 2024 жылы "Байқоңырдан" бірде бір "Протон" ұшпағанын хабарлады. Сондықтан Илон Маск табандаса, Мәскеу де еш қиналмай, табыс әкелмейтін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан бас тарта салуы мүмкін.

РФ-тің "Байқоңырдан" түбегейлі бас тартуы мүмкін екенін дәлелдейтін тағы бір дерек келтірілді. Бұған дейін Халықаралық ғарыш станциясына (МКС) ресейлік ғарышкерлерді Байқоңырдан аттанатын "Союз" пилотты кемелері мен "Прогресс" зымырантасығыштары жеткізетін.

Алайда ресейлік команда – 2028 жылы, америкалық және еуропалық құрам – 2030 жылға дейін Халықаралық ғарыш станциясын тастап шығады. Содан кейін 2030 жылы Илон Масктың SpaceX компаниясы станцияны Жерге, мұхитқа құлатады. NASA-ның ХҒС-ты орбитадан төмен түсіруге арналған аппарат жасау жобасын және оған арналған 843 миллион доллар бюджетті де Масктың SpaceX компаниясы жеңіп алды.

Оған дейін Роскосмос бірлі-жарым ресейлік ғарышкерді Байқоңырдан емес, РФ жерінен ұшыру мүмкіндігін қарастыруда. РФ мемлекеттік ғарыш корпорациясы Ресейдегі "Восточный" космодромынан пилотты ғарыш кемесін ұшыру мүмкін екенін растады. Зымыран бөлшектері құлайтын арнайы аудандарды да бөліп қойды.

"Восточныйдан" ресейлік ғарышкерлердің орбитаға "Ангара-А5" жаңа зымырантасығыштары алып ұшатын жаңа "Орел" ғарыш кемелерімен аттанатыны айтылды. "Орелдің" бірінші ұшырылымы 2027 жылға жоспарланған. Онда "Байқоңырды" РФ те қажетсінбейді.

Қалай болғанда, әзірге Қазақстан мен Ресей "Бәйтерек" жобасын жалғастыруда. Бұл туралы РФ елшісі Алексей Бородавкин хабарлады.

"Бұл жоба белсенді фазасына шықты деуге келеді. Мұны мына жайт куәландырса керек: біздің бірлескен кәсіпорын болашақ коммерциялық ұшырылымдары үшін тапсырыстар портфелін қалыптастыру жұмысын жүргізіп жатыр", – деді Бородавкин.

Ал, ғарыш саласының ресейлік сарапшысы Виталий Егоров әлі күнге құрылысы бітпеген "Бәйтерек" түгіл, бұрыннан дайын "Байқоңырға" да тапсырыс жоқтығын хабарлады.

"Роскосмос Батыс елдерінің немесе озық дамыған мемлекеттердің қымбат тапсырыстарынан табыс табатын. Бұлар – Еуропа, Америка, Таяу Шығыс, Жапония мен Корея. 2022 жылдан кейін бұрынғы тапсырыс берушілерден ешкім қалмады. Мысалы, 2021 жылы британдық және кореялық компаниялар "Байқоңыр" арқылы 9 ұшырылымға тапсырыс берді. 2022 жылы шетелдік жалғыз ғана тапсырыс беруші болды, бұл – африкалық Ангола. 2023 және 2024 жылдары бірде бір шетелдік тапсырыс беруші болған жоқ", – деді Егоров.

Оның дерегінше, "Бәйтеректің" жобалық қуаттылығы – жылына 8 ұшырылым. Ендеше әрбір ұшырылымы тапсырыс берушілерге аса қымбатқа түседі. Салыстырғанда, Масктың SpaceX-інің қазіргі қуаттылығының өзі бұдан 20 (!) есе көп.

Оның үстіне көрші Қытайдың зымырантасығыштары да арзан сегментке дейін жете алды. Виталий Егоров "Бәйтеректің" іске қосылмай жатып ескіріп қалғанын айтады. Сондықтан сарапшылардың байламынша, бұл удай қымбат ғарыш жобасын доғару қисынға келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу