Көршіміз жүздеген мың өзбекті озық елдерде жоғары жалақылы жұмысқа тұрғызуда

4389

Өзбекстанда еңбеккерлерді шетелге ұйымдасқан түрде аттандырумен енді махаллалар да айналысады.

Көршіміз жүздеген мың өзбекті озық елдерде жоғары жалақылы жұмысқа тұрғызуда Фото: rodinananeve.ru

Бұл туралы Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен, еңбек миграциясын тәртіппен ұйымдастыру, махаллаларда (Өзбекстандағы тұрғын үй алаптарындағы қауымдастықтар) жұмыспен қамту мәселелеріне арналған кеңесте жария етілді.

Өзбек көшбасшысының айтуынша, лайықты жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру – мемлекет саясатының басымдықты бағыты. Осы мақсатта республикада көптеген әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар жүзеге асырылуда, жаңа жобалар іске қосылып жатыр. Экономика біршама ырықсыздандырылып, кәсіпкерлікпен айналысуға кең жол ашылды.

Айтпақшы, бұл тұрғыда Қазақстанның оңтүстік көршіден үйренері жетерлік. Мысалы, бізде Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтушылармен ұдайы күресіп, бұл санатты жоюға тырысады. Өзбекстанда керісінше, азаматтардың өзін өзі еңбекпен қамтуына, сөйтіп, мемлекетке алақан жаймай, өз нәпақасын өзі табуына мол мүмкіндіктер берілген. Ондай адамдардан салық та алынбайды.

Кеңесте Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен, Сайхунабад ауданының (Sayxunobod tumani) игілікті тәжірибесін барлық өңірлерге ендіру ісінің қалай ілгерілеп жатқаны талданды. Жауапты тұлғалардың өз облыстарындағы аудандар мен махаллаларда нақты қандай жұмыстар жасалғаны туралы есебі тыңдалды.

Белгілі болғанындай, әрбір махалладағы экономикалық іс-шаралар кешенін ұйымдастыруға басымен жауапты басшылар бекітілген. Олар солардағы аз қамтылған отбасылармен, тұрғындармен қоян-қолтық араласып, жеке жұмыс істейді, олардың табыстарын заңды жолмен арттырудың тәсілдерін қарастырып, әл-ауқат жиюына септеседі.

Бұл істе оларға арзан кредиттер, субсидиялар, жеңілдіктер көмекке келеді. Жауапты тұлғалар агроөнеркәсіп кешені мамандарын, агрономдарды, сауданың ебін білетін кәсіпкерлерді ертіп барып, әрбір махалладағы кедей отбасыларға үйі жанындағы телімінде, бақшасында не бос жатқан жерде табысты дақылдарды өсіріп, оны өңдеп, дайын өнімдерін сатуды үйретеді екен.  

Ел президенті бұл жұмыс барлық өңірде бірдей талап етілетін деңгейде жүргізіліп жатпағанын сынап, әкімқараларды бір сілкіп алды. Содан кейін қазіргі күрделі заманда халықты жұмыспен және табыс көзімен қамту үшін "ішкі мүмкіндіктердің толық мобилизациясын" жариялады.

Бірақ мемлекет мұнымен шектелмейді. Өзбекстан – алыс-жақын шет елдерге барып, табыс тапқысы келетін азаматтарының легін тәртіпке, ретке келтірген, соған жан-жақты көмек көрсететін әлемдегі бір де бірегей ел. Мемлекет пен қоғамдық ұйымдар оларды осыған қал-қадари даярлайды, тіпті оқытады. Өзге елдердің заңдарын білуге және сыйлауға үйретуге күш салады.

Соның арқасында өзбекстандық еңбек мигранттары дамыған елдерде де сұранысқа ие. Олардың ішінде табысқа жеткендері, еңсе тіктеп, туған еліне көмек көрсетіп, ақша аударып жатқаны жетерлік. Мысалы, Америкаға 2003 жылы жұмыс іздеп аттанған Сардор Умрдинов сонда әлеуетін толыққанды жүзеге асырды. Бүгінде ол капитализациясы жүз миллион долларға жуықтайтын, on-demand үй сервисін ұсыну нарығындағы алғашқы үштікке кіретін Home Alliance компаниясының негізін қалап, дамытуда.

Америкада тұратын өзбек кәсіпкері Бөбір (Bobir) Ақылханов IT-консалтингпен айналысады. Төл әзірлеуші айтишілер командасы, түрлі саладағы клиенттер, серіктестер мен қосалқы мердігерлер тобы бар. Блокчейнмен және генетикалық модификацияланған өнімдермен айналысуға да ниетті.

Ақылханов Еуропа мен АҚШ-қа келетін өзбекстандықтар үшін басты кедергі – тілді білмеуі екенін ескертті. Сондай-ақ оларға баспана табу қиын. Америкада пәтерді жалға алу қымбат тұрады және кредиттік тарихпен байланыстырылған. Мигранттарда ол жоқ. Сондықтан бұл жағдайда Батыстағы өзбек қауымдастықтары көмекке келеді.

Соның арқасында, Құрама Штаттарда Өзбекстан тумалары көп, әрі біршама бай тұрады. АҚШ қалаларында бұрынғы Кеңес одағынан көшкен орыстардың "Пельменная", "Дом быта" сияқты дәмхана, сервис орталықтарын өзбек асханасы, шеберханасы және басқасы ығыстыруда.

Ақылханов банкир, заңгер, дәрігер, бизнесмен, таксист өзбектер көп екенін айтады. Бүгінде тіпті әлемдік қаржы астанасы Нью-Йоркте өзбектер ұстайтын ұлттық дүкендер, мейрамханалар, қымбат тігін салондары және басқасы жетерлік. Әлемге мәшһүр Манхэттенде ығай мен сығай шаш бастыратын беделді шаштараз да – өзбек.

Бөбір Ақылханов Президент Шавкат Мирзиёевтің қуатты қолдауының арқасында алдағы 10-15 жылда Америкадағы өзбектер саны бірнеше есе өсетінін болжады. Аға ұрпақ өкілдерінің балалары Америкада туып-жетілуде, олар нағыз америкалыққа айналады, бірақ Отанын да ұмыт қалдырмайды. Әлемдік держава – АҚШ-та өзбек лоббиін жүргізетін мықты диаспора қалыптасуда.

Сарапшылар әрі кетсе, 20 жылдан кейін АҚШ-та тұңғыш өзбек миллиардері пайда болатыны туралы болжам айтады.

Ең бастысы, әрбір шет мемлекеттегі өзбектер бірінің жеңінен бірі ұстап, бір біріне қолдау көрсетеді. Оларды біріктіретін қауымдастықтар, орталықтар, өзбек бизнес-клубы жұмыс істейді. Gap-тар – отандастардың бейресми кездесулері ұйымдастырылып, онда таныстық-білістік жолға қойылып, бекиді, ортақ проблемалар талқыланып, шешімі ізделеді, ілкімді жобасы барлар сенімді іскерлік серіктес, қалталы инвестор іздейді.

Өзбектер түп-төркінін ұмытпауы үшін түрлі фестивальдер, концерттер, өзге де іс-шаралар өткізіледі. Өзбекстаннан танымал әнші-актерлер, жұлдыздар жиі шақырылады.  

Өзбек еңбеккерлерінің шетелден еліне аударатын валюталар тасқыны да Өзбекстан экономикасының көтерілуіне сүбелі үлес қосады. ӨР Ұлттық банкінің дерегінше, бір ғана 2022 жылы шетелде еңбек ететін өзбектер Өзбекстанға 16,9 миллиард доллардан астам табысын жолдаған. Бұл алдыңғы жылғыдан 2,1 есе көп. Бұл – Қазақстанның ұлттық заңнамасын бейімдеп, бар жағдайын жасап, әзер деп жүріп тартатын бүкіл шетелдік тікелей инвестицияларына жетеқабыл.

"Көксарай" резиденциясындағы кеңеске қайта оралсақ, онда Мемлекет басшысы Мирзиёев еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелге өзбекстандықтарды ұйымдасқан және қауіпсіз түрде аттандыру – мемлекеттің маңызды бір міндеті екенін қайталады. Сондай-ақ мемлекет Отанына оралғандарды еңбекпен қамту бағдарламаларын іске асыруда.

Осыған байланысты Еңбек министрлігі жанындағы Сыртқы еңбек миграциясы агенттігінің қызметі реформалануда.

Барлық өңірлерде "шетелдегі жұмыс – махалладан басталады" қағидаты ендіріледі. Оның аясында әрбір махалла-қауымдастық жат жерде жүрген отандастарымен байланыс ұстап, хал-жағдайын біліп тұрады, көмек қажет бола қалғанда, құзырлы билік органдарына жүгініп, шұғыл түрде жәрдемдесуге тырысады.

Дамыған елдерде қызмет атқарып, өз әлеуетін, дарынын ашқысы келетін, бірақ сол үшін жеткілікті біліктілігі жоқ азаматтар қосымша оқыту курстарынан өтеді.

"Олар шетелдік жұмыс берушілері қойып отырған талаптарға сәйкес, мақсатты, нысаналы түрде даярланатын болады. Осы арқылы табыс деңгейі жоғары, ауқатты мемлекеттерге Өзбекстанның 150 мың азаматын аттандыру жоспарланып отыр", – деп хабарлады Президент әкімшілігі (O‘zbekiston Respublikasi Prezidenti Administratsiyasi), Президенттің ресми сайтында.

Бізде ше? Үкімет өкілдерінің сыртқы миграцияға мән бермеуі салдарынан шетелге өз бетінше жұмыс іздеп аттанған қазақстандықтар мемлекеттен еш көмек алмай, не алаяқтарға жем болады, не барлық қиындықпен жалғыз қалады.

Дәл осы кезде Өзбекстан билігі 2024 жылдың 3 айында ғана 23,5 мыңнан астам өзбекстандықтың алыс шетелде – ауқатты елдерде жоғары табысты жұмысқа орналасуына жәрдемдескен.

Өзбектер Ұлыбританияда, Германияда, Жапонияда, Біріккен араб әмірліктерінде, Түркияда, Оңтүстік Кореяда, Литвада, Латвияда, Польшада және басқа елдерде жұмыс орнын тапты.

Мысалы, ӨР Сыртқы еңбек миграциясы агенттігінің мәліметінше, таяуда 56 өзбектен тұратын алғашқы топ ұйымдасқан түрде Ұлыбританияға жеткізілді. Контракт шарты бойынша олар ағылшын елінде ауыл шаруашылығы фермаларында жұмыс істейді және еңбегі үшін ай сайын шамамен 2 мың фунтке жуық (1 миллион теңгеге дейін) жалақы алып тұрады. Олардың еңбекақысын уақытылы алуын Өзбекстанның дипломатиялық өкілдігінің қызметкерлері қадағалайды.

Агенттік мамыр айында Ұлыбританияға жалпы саны 600-ден астам өзбек жеткізіліп, жұмысқа орналастырылатынын мәлім етті.

Сонымен бірге, мысалы, Оңтүстік Корея Өзбекстаннан 3 мыңдай жұмысшы тартуға уағдаласты. Олар қазақтар сияқты қара жұмыс істеп, ауыр жұмыстан зорығып өлмейді. Мыңдаған өзбектерге "Таң самал елі" автосервистерде жұмыс орындарын ұсынды.  

ӨР Жұмыспен қамту және кедейшілікті қысқарту министрі Бехзода Мусаева мен Корея Республикасының Автомобиль өнеркәсібі қауымдастығының төрағасы Квак Ён Чхол осындай келісімге келді.

Чхолдің айтуынша, Кореяда автомобиль өндірісі саласында 3,8 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Оларда 48 мың жұмысшы еңбек етуде. Бірақ 3 мың жұмыс орны бос тұр. Осы орындарға Өзбекстан азаматтары шақырылды. Кездесу қорытындысында қос тарап кадрмен қамту бойынша арнайы жобаны жүзеге асыруға мәмілелесті.

Кеңесте айтылғандай, еңбек миграциясынан елге оралған азаматтарға да ерекше көңіл бөлінеді. Сайхунабад тәжірибесі негізінде оларға бизнесін ашуға, немесе өзіне тиесілі жерде бақша салуға мемлекет тарапынан ұйымдастырушылық және қаржылай көмек беріледі.

Бұл тұрғыда азаматтарға сапалы қызмет көрсету, жұмыспен қамтуды арттыру бойынша қосымша тапсырмалар берген Өзбекстан Президенті Миграция бойынша бірыңғай ақпараттық платформаны "Махалла жетілігі" жүйесімен (Mahalla yettiligi tizimi) интеграциялауды жүктеді. Сонда шетте жүрген өзбектерге күрделі жағдайға тап болғанда көмек беру оңайлатылады.

2022 жылғы 16 маусымда өткен I ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде жұмыс іздеуден қазақстандықтар да арланбауға тиістігін білдірді.

"Біздің бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар. Олар Ресейге барып, қара жұмыс істеуге мәжбүр, біз, қазақтар, ондай жұмысты істемейміз, бақытты халықпыз деп айтқан. "Естімеген елде көп", әрине. Бірақ бұдан өткен сорақылықты ойлап табудың өзі қиын! Еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып, мақтанбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек. Еңбек дегеніміз – бұл қасиетті ұғым. Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Мұндай теріс пікірлер жастарды адастырады, олардың дүниетанымына жағымсыз әсер етеді", – деді Президент.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу