Елорда маңындағы Қосшы кентінің тұрғындары билік еш санкцияламаған қарсылық шараларына шығуда. "Алтын орда", "Diamond-Park", "Шоколад" және басқа да тұрғын үй алаптарының тұрғындары астанаға апарар үлкен жолға шығып, қозғалысты тоқтатып тастады. Олар: "Низкий тариф!" деп айғайлап, талабын жеткізді.
Жалпы, қосшылықтар биылғы көктемде заңсыз митинг ұйымдастырған болатын. Жергілікті жұртшылықты электр қуаты қиналтуда екен. Сондай-ақ проблемалар қатарында таза судың жоқтығы, кәріз жүйелерінің түсетін жүктемені еңсере алмай, асып-тасып, айналаны жыл он екі ай күлімсі иіс басып кететіні мәлімделді. Бүгінде, жұмыс пен оқу қашықтан жүзеге асатын пандемия жағдайында талаптарға интернеттің шабандығы, оптикалық-талшықты желінің тартылмағаны қосылды.
Кезінде бұл тұрғын үйлер арзан бағаға өткізілген. Адамдар "кейін бұл аумақты астанаға қосылады" деген үмітпен сатып алған. Алайда бұл жаққа мегаполис өркен жаймады. Қосшы Ақмола облысының орталығынан да алыс. Осылайша, өркениеттен тыс қалған жағдайы бар.
Сайлаудан әркім ұпай жиюда
Тұрғындардың төзімін тауысқан бір жағдай бар.Олар электр қуатының тарифі 1 кВт/сағат үшін 27 теңгеге дейін тағы қымбаттағанына қарсы. Шағын бір пәтер тек энегрия үшін 5–10 мың теңге төлеуге мәжбүр және соның өзін тұрақты бермейтін көрінеді.
"Бұл тауқымет талай жылдан бері жалғасып келеді. Тіпті қыста жарықты жалп еткізіп сөндіріп тастайды. Ең құрығанда, уақытылы төлеп отырғандарға тиіспесін. Қаншама жылдан бері тұрғындар электр желілерін тұрғын үй кешендерінің меншігінен алып, АЭҮК-тің (Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы) қабылдап алуын сұрап келеміз, билік елемейді", – дейді олар.
Қосшылықтар наразылық білдіретін уақытты дөп басты. Сайлау науқаны қызған уақыт болғандықтан, "Nur Otan" праймеризі жеңімпаздарының бірі Қосшыдағы жағдайды жеке бақылауына алатынын жариялады. Көшбасшы партияның Партиялық бақылау комиссиясы Қосшы кентіндегі жағдайға арнап, жеке отырыс өткізді. Жиында тиісті бақылау жұмыстары жүргізілмегені үшін Ақмола облысының Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Қанат Ағзамұлына "сөгіс" берілді.
Наразылық білдірушілердің айтуынша, көпқабатты үйлер әлі күнге құрылыс компаниясының балансында тұрғандықтан, баспана иелеріне жеке емес, заңды тұлғаларға бекітілген тарифтермен есептеледі екен.
Партия аудандық әкімдікке бір апта ішінде, 25 қарашаға дейін пәтер иелері мен "АЭҮК" АҚ арасында жеке тұлға ретінде келісімшарт жасасу бойынша жұмысты ретке келтіру жүктелді. Бұл мәселе "Nur Otan"-ның облыстық филиалының бақылауында болатыны айтылды.
"Әкімге смайлик жолдап жатырмыз"
"Әкімдік әр апта сайын бастамашыл топпен кездесіп тұрамыз, талқылаймыз деді. Бірақ мұнда талқылай беретін не бар? Қимылдау керек, нақты іс істеу керек. Тағы қыс келіп қалды. Суықта отырмыз. Кейбір үйлер жыли түсіпті, оған тұрғындар шын қуанып, әкімнің WhatsApp-ына алғыс сөздер мен мейірімді эмодзи-смайликтер жолдауда. Басқамыз ше? Қоңырау шалсақ, әкім телефонын көтермейді. Аудандық ТКШ бөлімі басшысымен келіссөздер жүргізудеміз. 3 жылдан бері Қосшы суықтан және қараңғылықтан қалтырап-дірілдеп отыр. Тоқтың ағытыла беруінен, ұдайы болатын авариялардан шаршадық", – дейді жергілікті белсенді Марат Сыдықов.
Тұрғын Роза Кудебеева мәселелер шешілетініне сенімді.
"Үш жылдан бері Қосшыда тұрамын. Сонда асфальт та, жарық та, интернет те болмаған. Қазір кенттің кейпі бірте-бірте өзгере бастады. Бұған әрине, қуаныштымыз. Бұрын белсенділердің командасына қосылып алып, ауылды абаттандыру жөнінде әртүрлі инстанцияларға хат жаза беретінмін. Үнемі чаттарда отыратынмын. Бірақ мұндай белсенділік уақытыңды, өміріңді ұрлайды екен. Биыл әкімдікке жүгініп, біздің көшеге тас төсеуді сұрадым, жылдам үн қатты: тас төгіп, тегістеп кетті, бірақ катокпен баспады. Әкімнің WhatsApp-ына жаздым, келесі жылы асфальт төсеуге сөз беріп отыр", – дейді Роза Кудебеева.
Дегенмен, оның мәліметінше, шешілмеген проблема бәрібір көп. Мысалы, оптоталшықты сыммен келетін интернет болмағасын көбі "Билайнның" мобильді интернетіне тәуелді.
"Үйде бір студентіміз және екі оқушымыз онлайн оқуда. Ал бірінші сыныптағы баламды мектепке оқуға жібердім. Ұялы интернет үнемі "ілініп" тұрып қалады, сессиядан лақтырып тастайды. Әкімге сенсек, интернет тек келесі жылы болуы мүмкін", – дейді ол.
Министр Ноғаев не деді?
Осы у-дуға еліміздің бас энергетигі де үн қатты. Оның ақпараты бойынша Нұр-Сұлтан қаласына іргелес жатқан елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында республикалық және облыстық бюджет қаражатына Қосшы кентін электрмен жабдықтау желілері тұрғызылыпты.
"Нәтижесінде электр беру желілері, қуат тарату пунктері, трансформаторлық подстанциялар іске қосылды. Осы мемлекеттік мүліктің бүтін сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылы "КИПЭСТ" ЖШС құрылды. Осы қызмет көрсетуші ұйымдағы мемлекеттің үлесі – 49%. Ол қуатты АЭҮК-ке береді. Электр "АЭҮК-Энергосбыт" АҚ-ы тарифімен таратылады. "КИПЭСТ" ЖШС да энергия нысандарын ұстап тұру үшін халықтан ақы жинайды. Ақмола облысы әкімдігінің дерегінше, Целиноград ауданының әкімдігі коммуналдық меншіктегі электрмен жабдықтау нысандарын бірнеше рет "АЭҮК"-ке тапсырмақ болыпты. Бірақ "АЭҮК" жеке компания болғандықтан қабылдамайды. Себебі оның тарифіне бұл нысандарды эксплуатациялау құны кірмейді", – дейді энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.
Бұл тұйықтан шығу үшін Энергетика министрлігі "Табиғи монополиялар туралы" заңына түзетулер енгізіп жатыр. Парламент қолдаса, жергілікті әкімдіктерден сенімді басқаруға қабылдап алған жаңа электр желілерінің шығындарын монополист тарифтік сметаға қоса алады. Бүгінде заң жобасы Ұлттық экономика министрлігінің қарауында жатыр.
Сөйтіп, Қосшыға бола ұлттық заңнама өзгеруі де мүмкін.
Жанат Ардақ