Кредит пайызы төмендеп, депозит пайызы өсті

23048

Банктердің кредит портфелі 12,8 трлн теңгеге жетті.

Кредит пайызы төмендеп, депозит пайызы өсті

Нақты экономиканы дамытуда қаржы секторының рөлін күшейту жұмыстары мен ақша-кредит саясаты аясында қолға алынып жатқан шаралар туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасап, алдағы жоспарлар туралы айтты.

Бас банкирдің айтуынша, 2019 жылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындылары бойынша инфляция биылғы жылы  4-6 пайыз нысаналы дәлізде сақталып, жылдық көрсетуде 5,4 пайыз деңгейде қалыптасты.

"Ұлттық банк экономиканы қолжетімді кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша шаралар қабылдауда. Биылғы жылғы  I тоқсанда кредит портфелі банктердің жұмыс істемейтін қарыздарды 624 млрд теңге сомаға 12,5 трлн теңгеге дейін есептен шығаруы нәтижесінде төмендеген соң, сәуір-мамырда кредиттік белсенділік қалпына келуі байқалады", –  деді  Ұлттық банк басшысы.

Бас банкирдің айтуынша, банк секторының жалпы кредит портфелі биылғы жылы сәуір-мамырда 2,2 пайызға ұлғайып, 12,8 трлн теңгеге дейін өскен. Сонымен қатар биылғы қаңтар-мамыр аралығында банктер өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда жаңадан берілген кредит көлемі 14,2 пайызға өскен.

"Ақша-кредит талаптары жеңілдеуде. Бизнеске теңгемен берілетін кредиттер бойынша ставка 2018 жылғы мамырдағы 12,5 пайызбен салыстырғанда  11,9 пайызға дейін төмендеді. Қорландыру базасын жақсарту үшін халықтың депозиттері бойынша ең жоғары ставка мерзімді және жинақ салымдардың пайдасы үшін 12,5 пайызға және 13,5 пайызға дейін өсірілді. Шетел валютасындағы салымдарды теңгедегі салымдармен алмастыру жалғасуда. Депозиттердің долларлану деңгейі жыл басындағы 48,4 пайыздан ағымдағы жылғы мамырдың қорытындылары бойынша 39,1 пайызға дейін төмендеді", – деп атап өтті Е. Досаев.

Бас банкир Елбасының тапсырмасына сәйкес Ұлттық банк экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске асырып жатқанын, оның шеңберінде банктерге 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді қорландыру ұсынылғанын атап өтті.

"Бүгінгі таңда банктер құны 146,2 млрд теңге болатын 187 жоба бойынша өтінімді қарауда, 34 млрд теңге сомаға 77 жоба мақұлданды", – деді Досаев.

Ұлттық банк төрағасы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін Елбасының бес әлеуметтік бастамасын ендіру маңызды бағыт болып табылады деп атады. "7-20-25" бағдарламасы бойынша 7 936 отбасы 92 млрд теңге сомаға қарыз алды. Бағдарлама банктердің ипотекалық портфелі бір жылда 24,8 пайызға 1,4 трлн теңгеге дейін өсуіне ықпал етті.

"Биылғы жылғы мамырда бағдарлама талаптарын жақсарту үшін қарыз алушыларға баспана құнынан 20 пайыздан астам бастапқы жарна енгізу құқығы берілді. Бұл ай сайынғы төлем мөлшерін азайтуға және осы арқылы табысы төмен азаматтарды қамтуға мүмкіндік береді. Банктерге талаптарды төмендету есебінен қатысушы банктер саны кеңейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" Жарлығын іске асыру үшін Ұлттық банк кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару тетігін бекітті", – деді Ерболат  Досаев.

Ұлттық  банк басшысы биылғы жылғы 30 шілдеге дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары есептелген тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті кешіреді деп түсіндірді.

"Бұдан басқа, ағымдағы жылғы шілдеде қаржы нарығын реттеу мен дамыту функцияларын Ұлттық банктен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке мемлекеттік органға беру туралы Заңға қол қойылды. Жыл соңына дейін Ұлттық банк барлық қажетті нормативтік-құқықтық базаны қабылдау жұмысын аяқтайды. Заңда тұтынушылық кредиттеудің барлық субъектілерін, оның ішінде онлайн-компанияларды, ломбардтарды және халыққа қарыз беретін басқа да заңды тұлғаларды да реттеу көзделген. Бұл нарықтың ашықтығын арттыруға және жүйелі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді", – деп қорытындылады Ұлттық банк басшысы.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу